31 қаң, 2025 сағат 16:52

"Су тасқыны еліміз үшін аса күрделі мәселенің бірі болып қала береді" - Сенатта Үкімет сағаты өтті


Фото: ТЖМ

Бүгін Сенатта 2025 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық мәселесіне арналған Үкімет сағаты өтті, деп хабарлайды Ult.kz Сенат баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәлімет бойынша қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде шамамен 9 мың үй жөнделіп, 2 мыңнан астам жаңа тұрғын үй салынды. Қосымша 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік нысаны сатып алынды.

Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов су тасқыны мәселесі елімізге биыл да аса маңызды болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, көктемгі су тасқыны жыл сайын халық пен инфрақұрылым үшін зор сынақ болып отыр. Ал 2024 жылғы жағдай табиғи апаттың қаншалықты жойқын болуы мүмкін екенін көрсетті.

«Өткен жыл біз үшін ауыр сынақ болды. Су тасқынынан мыңдаған отбасылар зардап шекті, үйлер құлады, жол мен көпір бүлінді, әлеуметтік және коммерциялық нысандар қирады. Президенттің араласуымен жедел шешім қабылданып, барлық мекемелердің үйлесімді жұмысының арқасында шығындарды азайтуға, зардап шеккендерге көмек көрсетуге, инфрақұрылымды қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Алайда, егер алдын алу шаралары уақытылы және тиісті деңгейде жүргізілсе, көптеген шығындардың алдын алуға болар еді. Басты міндет – тек су тасқынының салдарымен күресу емес, оны жүйелі түрде болдырмау», – деді Палата Төрағасының орынбасары.


Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин өз кезегінде су тасқыны еліміз үшін аса күрделі мәселенің бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылғы бұрын-соңды болмаған су тасқыны әсіресе батыс және солтүстік өңірлердегі жүздеген елді мекенге ауыр сынақ болды. Ол табиғи құбылыстың себебі мен салдарын түсіну, сондай-ақ олардың алдын алу жөнінде тиімді шаралар әзірлеу барлық уәкілетті органдардың ортақ міндеті екенін жеткізді

«Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының тапсырмалары қалай орындалып жатқанын білу, гидротехникалық құрылыстар мен гидрометеорологиялық қызметтердің жай-күйін тексеру, су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда заңсыз құрылыс мәселесінің қалай шешіліп жатқанын анықтау. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қандай нақты шаралар қабылданып жатқанын талқылау маңызды», – деді Андрей Лукин.


Отырыс барысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов 2024 жылғы су тасқынының салдарына талдау жасап, өткен көктемде Қазақстан соңғы 80 жылда болмаған ауқымды су тасқынына тап болғанын еске салды. Бұл апат 12 өңірде 12 мыңға жуық жеке тұрғын үй мен 62 көпқабатты ғимаратты су астында қалдырды. Оның салдарын жою үшін құтқарушылар, әскерилер, полиция, Ұлттық гвардия жұмылдырылып, авиация мен инженерлік техника пайдаланылды. Нәтижесінде 35 миллион текше метрден астам су сорылып, өзен арналарының түбін тереңдету және жағалауды бекіту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Министр өткен жылғы су тасқынын талдау негізінде 2025 жылғы көктемгі кезеңге белсенді дайындық жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз депутаттарға ықтимал су басудың алдын алу жөнінде қабылданып жатқан техникалық шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар 2024 жылы Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылып, трансшекаралық су бассейндеріндегі гидротехникалық құрылыстардың жұмысын үйлестірумен айналысып жатқаны айтылды.

Депутаттар Үкімет сағатының қорытындысы бойынша 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне жан-жақты дайындықты жалғастыруды, гидротехникалық құрылыстарды қаржыландыруды арттыруды және төтенше жағдайлардың алдын алудың заманауи әдістерін енгізуді ұсынды.