01 жел, 2025 сағат 17:00

Степногорскіде қызды ұрлап, сексуалдық құлдықта ұстаған оқиға бойынша туыстары әділ тергеуді талап етті

Фото: Газета.ру

Қазан айының соңында Степногорскте ер адам жас қызды ұрлап әкетіп, бір айға жуық сексуалдық құлдықта ұстағаны белгілі болды. Жәбірленушінің туысы тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп, дабыл қақты, деп хабарлайды Ult.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Туысының айтуынша, жәбірленуші алтын өндіретін кен орнында күзетші болып жұмыс істеген. Сол жерде бірге істейтін әріптесі оны алдап, үйленуге уәде беріп, анасына да кездесіп, сеніміне кірген. Қазан айының соңында қыз “жігітім жібермей жатыр” деп хабарлаған соң байланыс үзілген.

Туыстарының сөзінше, күдікті қызды белгісіз жерде ұстап, тамақ пен су бермей, азаптап, есірткі қолдануға мәжбүрлеген, ұйқыдан айырған. Жәбірленушінің жақындары ер адам жалғыз болмаған болуы мүмкін деп күдіктеніп отыр.

“Ол нағыз тозақтан өтті. Әпкем терезеден әрең қашып шыққан. Аяқтары жараланған, үстінде киім жоқ, қансыраған күйі көшеде өтіп бара жатқандардан көмек сұраған. Қазір Степногорск ауруханасында жатыр”, – деп жазды Threads қолданушысы.


Айтуынша, қыз әбден қалжыраған, жүре алмайды, жанасса да дірілдеп, жылай береді. Дәрігерлер “ауыр жағдайын ушықтырмау үшін” туыстарын кіргізбей отыр, бірақ тергеуші мен учаскелік инспекторға шектеу жоқ.

Туыстары жәбірленушінің жағдайын “өз еркімен болды” деп көрсетуі мүмкін деп алаңдайды. Сонымен қатар ауруханада әлі қажетті сараптамалар жасалмағандықтан, сексуалдық зорлық фактісі расталмаған.

Ақмола облыстық Полиция департаменті істің Степногорск қалалық полициясында тіркелгенін растады. Қазіргі таңда қыз психикалық денсаулық орталығында емделіп жатыр.

“Ауруханаға жеткізілгенде оның денесінен сынған шыныдан қалған жарақаттар, сондай-ақ есірткі және алкогольдік масаңдық белгілері анықталды. Жәбірленуші тараптың уәждері мен оқиғаның барлық мән-жайы мұқият тексеріліп, соңғы процессуалдық шешім қабылданады. Азаматтардан тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз”, – деп хабарлады ведомство.