Фото: primeminister.kz
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен орталық мемлекеттік органдар, Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктері, Бас прокуратура, БҚДА, ҚМА және басқа да ведомстволар басшылары қатысқан кеңесте республикадағы ірі сауда орны – «Алтын Орда» базары жұмысының өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Базарда 5 мыңнан астам сауда орны бар, оған күніне шамамен 50 мыңдай сатып алушы келеді. Базар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы көкөніс, ет өнімдері мен жемістердің көтерме саудасының 40%-ын және бөлшек саудасының 70%-ына дейін қамтиды. Оған тауарды негізгі жеткізушілер - отандық өндірушілермен қатар көршілес елдердің компаниялары.
Сонымен қатар күнделікті өнімнің үлкен ағынын ескере отырып, базарда аймақтық ауқымда бақыланбайтын олигополия құрылады. Бас прокуратура және мемлекеттік органдармен тексеру нәтижесінде санитариялық, ветеринариялық, экологиялық, су, еңбек, сәулет-құрылыс, өртке қарсы, салықтық бақылау, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау саласында 300-ден астам ҚР заңнамасы нормаларын бұзушылықтар анықталды.
Алматы облысы әкімдігінің деректері бойынша анықталған заң бұзушылықтар ішінара жойылды. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан бизнес жүргізуге қолайсыз жағдайлар туралы шағымдар саны артқан, бұл сайып келгенде тауарлар бағасының негізсіз өсуіне алып келеді.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, «Алтын Орда» базарының қызметін ретке келтіру және бағаны қалыптастыруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, сондай-ақ оның аумағында барлық заң бұзушылықтар толығымен жойылғанға дейін прокуратура, ішкі істер органдары, БҚДА, ҚМА және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлерінен құралған тұрақты мобильдік топ құру тапсырылды.
Сонымен қатар Алматы агломерациясында сауда ағындарын теңестіретін және «Алтын Орда» базарының баға саясатына ықпалын азайтатын баламалы көтерме-сауда орталықтарын құру бойынша жұмыс жалғасады.