Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері уақытша тұру орталығына тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 27 әйел мен 21 бала орналастырылды.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған жаңа баптары қылмыс статистикасына айтарлықтай әсер еткен.
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері қызметкерлерінің айтуынша, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық іс санатына өтуі тұрмыстық қылмыс санының 75%-ға өсуіне әкеп соққан.
Жыл басынан бері облыста отбасылық тұрмыс саласында 42 қылмыс тіркелген, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл 17 қылмысқа артық. Олардың 8-і бұрын «ұсақ» болып көрінетін әрекеттер – ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» және 10-ы ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы «Ұрып-соғу» бойынша тіркелген.
Осыған ұқсас әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің саны 64-тен 139-ға дейін өсті, оның ішінде 68 дерек ҚР Қылмыстық кодексінің жаңа баптарына сәйкес келеді.
«Заң үшін «елеусіз» жаман қылық жоқ, кез келген құқық бұзушылықта, әсіресе әйелдер мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзуда. Полиция қызметкерлері зорлық-зомбылық фактілері тіркелген отбасылармен үнемі жұмыс істейді. Жағдай ушыққан кезде, қиын жағдайларда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін уақытша болу және тұру орталығына орналастыру бойынша шаралар қабылданады. Мәселен биыл 27 әйел мен 21 бала осындай орталықтан пана тапты», - дейді СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Бұған дейін СҚО-да биыл 100-ге жуық зейнеткер пилоттық жоба аясында қамқорлыққа алынғанын жазған едік.