
Солтүстік Қазақстан облысында әуе рейстерінің саны артады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азаматтық авиация саласында Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылға дейін жолаушылар ағынын жылына 40 800 адамға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Өңірдегі іскерлік белсенділікті дамытуды ынталандыру мақсатында субсидияланатын авиарейстердің саны айына 16-дан 68-ге дейін ұлғайтылатын болады. Бұл шаралар әуежай қызметін шығынсыздыққа шығаруға, сондай-ақ азаматтардың елдің іскерлік және әкімшілік орталықтарымен байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді министр.
Оның айтуынша, құрылыс және коммуналдық-шаруашылық саласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысында 2,3 млн шаршы метр немесе 21,7 мың баспана салу жоспарланып отыр. Оның ішінде мемлекеттік қаражат есебінен 10 мыңнан астам отбасы әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
