
«СК-Фармация» компаниясы коронавирус инфекциясы өршіген жағдайда керекті медициналық препараттардың қорын құрды. Бұл жайлы «СК-Фармация» ЖШС басшысы Берік Шәріп мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жағдайды бақылап, әрдайым мониторинг жүргізіп отыр. Ұйым эпидемияға қарсы енгізілген шараларды талдайды. Ал біздің алдымызға нақты міндет қойылды. Ол – вирусқа қарсы медициналық құралдармен, қызу түсіретін препараттармен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету. Тапсырмалардың бірі орындалды. Яғни коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артқан жағдайда керекті медициналық препараттардың қорын құрып қойдық. Осылайша науқас саны 10 мыңға жеткен жағдайға арнап қор жасадық. Қажеттілік туындаса біз бұл препараттарды қоймадан алып шығып, халықты қамтамасыз етеміз», - деді Берік Шәріп Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Facebook парақшасында онлайн-режимде өткен жиында.
Оның айтуына қарағанда, коронавируспен күрес тәсілдерінің әлемде сипаты әртүрлі. Сол себепті тіркелген науқас саны да әрқилы.
«Бүкіл әлем иек артып отырған екі амал бар. Бірі – карантин шараларын енгізу. Екіншісі – Швеция, Беларусь таңдаған әдіс. Яғни екінші атағаным – карантин тәртібін қолай көрмеген мемлекеттер. Алайда біз карантин енгізбесек, науқастар саны күрт өсіп кететінін ұғуымыз керек. Мысалы 18 миллион халқы бар Қазақстанда науқас саны үш мыңның маңайында. Ал 10 миллион тұрғыны бар Беларусьте науқас саны 10 мыңнан асып жығылды. Күрес әдісі әртүрлі болғаннан кейін сандар да бөлек. Нақты қай әдістің нәтижелі екенін эпидемия біткеннен кейін көре жатармыз», - дейді Берік Шәріп.
