Фото: sk.kz
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қыс бойы апаттан көз ашпаған жылу электр орталықтарына бармағаны үшін Мәжіліс депутаттарынан сөз естіді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, Сәтқалиевтің Энергетика министрі болғанына үш ай өтсе де, шенеунік әлі күнге дейін мәселесі қордаланған қалаларға бармаған.
"Президент барады, депутаттар барады, бірақ энергетика министрі не Екібастұзда, не Риддерде, не Теміртауда, не Кентауда, не Арқалықта, тіпті мына Астанадағы үшінші жылу электр орталығында болмаған. Сонда бұл қалай жұмыс істейді? Энергетика саласы - кабинетте отырып жасайтын жұмыс емес. Ол - аяқпен жүріп, қолмен ұстап көріп барып реттейтін мәселе", - дейді Жаңбыршин.
Осы орайда депутат Сәтқалиевтан алдағы жылу беру маусымына қай қалалар дайын болмайтынын сұрады.
"Кез келген басшының қолында карта болады. Сізде ең болмаса карта бар ма? Біз қай өңірде, қай жерге және қай уақытта модернизация жасаймыз? Қайтадан құрамыз немесе жаңасын саламыз деген сияқты. Ақшасы, мерзімі көрсетілген карта бар ма?", - деп сауал жолдады мәжілісмен.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өңірлерді аралау кестесі әзірленгенін және барлық нысан жергілікті атқарушы органдармен келісілгенін атап өтті.
"Роман Васильевич (Скляр, вице-премьер - ред.) те барады, біз бүкіл жұмысты үйлестірдік. Неге бүгінге дейін бармадық? Өйткені көптеген нысанда жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Жөндеу басталғанын күтіп отырмыз. Бізде барлық жөндеудің кестесі бар, бақылауда ұстап отырмыз", - деп жауап берді министр.
Сәтқалиев Жылу электр орталықтарының картасы да бар екенін айтты, тіпті оны көрсетті де. Картада жылу электр орталықтары тәуекел деңгейіне қарай қызыл, сары аймақтарға бөлінген.
Министрдің айтуынша, Семейдегі №1 ЖЭО, Павлодардағы №2 ЖЭО, Шымкенттегі №3 ЖЭО, МАЭК-Қазатомөнеркәсіп №1 ЖЭО, Қазатомөнеркәсіп №2 ЖЭО, Петропавлдағы №2 ЖЭО, Жезқазған, Риддер, Теккелі, Шахтинскдегі ЖЭО-лар бойынша қауіп бар.
Осы кезде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сөзге араласты.
"Алмасадам Майданұлы, сіздер жиналам дегенше, қыс түседі. Кесте дайын болса, солай деп айтыңыз. Неге бізге бүкіл кестені баяндап жатырсыз? Жалпы сұрақ дұрыс қойылып отыр. Президент жылу электр орталықтарына, қазандықтарға, барлық нысанға өзі барады, жөндеу жұмыстары басталды ма, жоқ па оған қарамайды. Ал сіздер кестені енді ғана әзірлеп бітірдіңіздер", - деп түйіндеді спикер.
видео: Tengrinews.kz