Фото: polisia.kz
Павлодарда синтетикалық есірткі тасымалдаған курьер қолға түсті, деп хабарлайды Павлодар облыстық полиция департаменті.
Павлодар облыстық ПД мен облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық заттарды өткізбек болған ер адамды ұстады.
«Жеке тінту кезінде күдіктіден салмағы 8 грамнан асатын психотроптық зат салынған 16 орама табылып, тәркіленді. Күдікті өзінің тыйым салынған заттарды таратумен айналысатын көлеңкелі интернет-дүкеннің курьері екенін мойындады. Ол куратордың нұсқауымен көрші өңірден келіп, аймақ орталығында есірткі партиясын жасырын орындарға таратуға бағытталған», – деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарды заңсыз есірткі айналымына қатысты кез келген қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы «102» нөміріне хабарлауға шақырады.
