24 қаң, 2025 сағат 11:29

Шырша орнату кезінде мұғалім жарақат алды: қала әкімінің орынбасары күдікке ілінді

Фото: Sputnik/Ертай Сарбасов

Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов мұғалімнің биіктен құлап жарақат алуына қатысты депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды Ult.kz.

21 желтоқсанда Семей қаласында алаңдағы шыршаны безендіру жұмыстарына мұғалімдер тартылып, сол кезде төтенше жағдай орын алған. Мұғалім Қуат Айтқалиев шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алды. Оқиғадан кейін ол ауруханаға жеткізілген.

Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, ашынған жұртшылық пен депутаттар жергілікті биліктен түсініктеме талап етті.

Бас прокурордың айтуынша, 22 желтоқсаннан бастап қалалық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 632-бабының 4-бөлігі бойынша («Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Прокуратура бұл істі ерекше бақылауға алған.

"Тергеу барысында мұғалімдерді кәсіби міндеттерімен байланысы жоқ жұмыстарға тартуға жол берген қала әкімінің орынбасары А.Хамзаев күдікті ретінде анықталды", - деді Асылов.

Бұған дейін еңбек инспекциясы жұмыс берушінің кінәсін толықтай дәлелдеген. Осы оқиғаға байланысты Семей қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Қазір тергеу жалғасып жатыр, ал қала әкімінің орынбасары тергеу аясында күдікке ілінді.