«Мұндай мысалдарды келтіргенде, мен, басқаның мұрасын әспеттеп, не өз мұрамызды басқадан алынған деу үшін емес, керісінше, «біздің төл, бірақ ұмытып кеткен түсінігімізді басқалардың жазба ескеркіштерінен табуға болады» деген ойды бекіту үшін істеймін»
(Серікбол Қондыбай)
Шыңғыс ханның Алаш хан болуы мүмкін екенін ең алғаш академик Қаныш Сәтпай ағамыз айтқан еді. Кейін, Шыңғыс ханды жалайырға жатқызып, «елді ала тайдай бүлдірген» оралман бауырымыз Тілеуберді Әбенай да, Ұлы ханды «өзіміздің Әз-Алаша хан» деді. Осыдан кейін академик Ғарифолла Есім ағамыз да, Қаныш ағаның айтқаны бар еді деп, Шыңғыс хан өзіне Алаш атауын лақап аты ретінде алуы мүмкін дегенді айтты. Қазақтың білдей екі академитерінің айтқандарының қандай негізі болуы мүмкін?
Алаш дегеніміздің қазақ атауының синонимі екені белгілі. Мендегі әкемізден қалған шежіре дерегінде Алаш - Сыбайдың ұлы ретінде көрсетілген. Сыбай дегеніміз, өз бетімен жүрген салт атты адамды білдіреді. Кең мағынада Сыбай дегеніміз – бөлінген, алаланған дегенді білдірсе керек. Біздер сыбайластар деп, белгілі бір мақсатта бас қосқан адамдарды айтамыз. Менің алдыңғы айтқандарымда ала тай мінген алшындар көне түркі тілінде ала+ат+чин (ала ат мінгендер) аталып жүргендіктерінен, осы алаатшылармыз кейін Алаш атанып кеткен. Алаша ханның күмбезі тұрғанымен, оның тарихта болғанынның ешбір дәлелі жоқ, сондықтан да, Қаныш пен Ғарифолла ағаларымыз осы Алаш ханның күмбезін, шын мәнінде Шыңғыс хандікі болса керек деген жорамалдар айтады. Өзбек хандығы құрылған тұстағы тарихи тұлға Алаш баһадүрдің жөні мүлде бөлек. Бұл Алаш баһадүрдің тегін ешкім білмейді. Оның есімінің қазаққа ұран болды дегендері бос әңгіме. Біздер, Алаштың Шыңғыс ханға қатысы барына сенімді болуымыз үшін, ең алдымен, бұл Алаштың Шыңғыс ханның шежірелік тегіне, яғни, Қиятқа қатысының бар-жоғын анықтап алуымыз керек.
Алдымен Алаштың аңызын талдалық. Осы аңызда Қызыл Арыстан деген ханның (қызылбас-парсы?) қатыны бір алабас баланы тапқанда, хан осыдан сескеніп, алабас баланы айдалаға апарғызып тастайды. Кейін, осы бала хан болады. Бұндай аңыз арийлерде де болған. Самның (Нұх пайғамбардың ұлы емес) қатыны ақбас баланы тапқанда, оны «пятнистый леопард» деп сескенген Сам, баланы самұрық құстарға апарғызып тастайды. Бұл баланың аты Зал еді. «Зал» дегеніміздің «ала» дегенге ұйқас екені көрініп тұр. Кейін, осы Зал ер жетіп, әкесін тауып алып, ел басқарады. Турандармен соғысып ерлік көрсетеді. Қазақ мифологиясында араб арғымақтары теңбіл көк болып суреттеледі. Мәселен, найман Қаптағай батырдың, арабтың теңбіл көк айғырын қазақтың жабысына салып будан алғаны туралы аңыз айтылады. Зал табылған кезде, оның батыр екенін білген патша оған араб жылқысын сыйлайды. Залдың қол астындағы әскері кілең теңбіл көк араб жылқыларына мініп турандарды шабады. Міне, осы бастан Залдың әскерін түріктер алаатшылар деп атап кеткен болса керек. Алаатчин, бома, страна пегих лошадей, элючжи деп, тарихи деректерде айтылған Алшындар жөнінде алдыңғы мақалаларымда айтып кеткендігімнен, осыған тағы да тоқталып жатпай, Алаш ұраннының қазақтарға арийлерден келгені жөнінде сөз қозғалық.
Арий халқының тағына патша тұқымынан біреуді отырғызу керек болған соң, осы Зал-ала өзінің ұлы Рүстемді Албурз тауына жіберіп Кей Куватты алдырады. Қазақ мифологиясында бұл Кей Куватымыз Кейқуат атанып жүр. Міне, Кеянидтер әулетін құрған мифологиялық патша осы Кейқуат еді. Көне түркі тілінде «т» жалғауы көптік реңді білдіреді, мәселен, «кереит» дегендегі «т» жалғауы «лер», яғни, керейлер дегенді білдіріп тұр. Сондықтан, біздер орысша Кеяниды дегенді көне түркі тіліне салатын болсақ, онда, бұл әулет кеийт, кейат болмақ. «Суждение духа разума» атты китәбтә бұл әулет Каяниды деп аталады. Түрікше Кайыт болмақ. Алдыңғы мақаламда айтылғандай Шыңғыс ханның руы деген Қиятымыз осы Кей, Кай әулеті. Ал енді, «Ергене қоң» аңызында тау шатқалына кеткендер Каян мен Тоқыз деп айтылады. Кейін, Рашиден бұларды Қиян мен Нүкүзге айналдырып жіберген. Бұл жердегі Кей, Кай, Кайы дегендеріміз Авестада «Кави» деп аталады.
Алдыңғы, «Шыңғыс ханның таңбасының сыры ашылды» атты мақаламызда Кави Виштаспа патшаның арийлердің пайғамбары Заратуштраның қолдаушысы болғанын айттық. Шыңғыс хан ұстанған Тенгриандық наным-сенімнің негізінде осы Заратуштра уағыздаған зороастризмнің жатқаны, ғылымда дәлелденген мәселе. Арийлер болса, Орта Азия, Каспий, Қытайдағы Тарим өзенінің алқабында мекен еткен. «Жұмбақ халық» атанған Тохарлар мен арийлердің гендік галлогруппасы бір екен. 7-ші ғасырдағы «Тан әулетінің тарихында» тохарлар мен қаңлылардың қатар жүргендері айтылады. Ал енді, Шыңғыс ханның заманындағы жалайырларда Тохыраут, Қаңғаут деген рулар болған. Бұлардың Тохарлар мен Қаңлылар екендері айдан анық. Осымен қатар бұрынғы жалайырдағы Құмсауытымыз куман-қыпшақтар, Саңғутымыз қазіргі Саңғылдар, Қорқын дегендері қазіргі түрік ұлтын, Адайлардан бөлініп шыққан Қынықтармен, Салғұрлармен, Чебнилермен (Жеменей), Қаңлылармен, Баяттармен бірге құрайды. Торы дегендеріміз кеянидтік Даралар болса керек. Осымен қатар жалайырда Оят деген ру болған, бұлар қазіргі Наймандағы, Албандағы, Шектідегі Айттар болса керек. Қазіргі жалайырда бұл аталған рулардың бірде-біреуі жоқ.
Боданжардың қаршыға таңбасының арийлердікі екенін де айттық. Тіпті Шыңғыс ханның «үш аша» (архар) таңбасының да, арийлердікі екені айтылды. Осылай болғанда, Шыңғыс ханның Залды, яғни, ала баланы білуі әбден мүмкін. Қият дегеніміз бастапқыда Кейат, Кейут, Кайат, Каян болса, онда бұл тайпа түркіленген кезде (тілдері) үндіевропа, үндіиран, паһлауий тіліндегі Заламыз Алаға айналып, кейін, Алач деп айтылып кетуі мүмкін. Зал атауы Дастан деген батырдың лақап аты болған. Қазақтың мифологиясында Алаш атауының қай заманда пайда болғанының нақты нұсқасы жоқ. Алаштың алғашында алшындарға ғана ұран болғанына ғана біз сенімдіміз. Есім ханның заманынан бастап бұл атау күллі қазақтың ұранына айналған. Аңызда Алаша хан «алты алаш» деген елдің ханы болады екен. Серікбол Қондыбай айтқан қазақтардың ең алғашқы мемлекеті Юечжи-Кушан патшалығындағы Қанышке патшаның заманында игілікті істердің саны, қазіргі мұсылмандағы бес парыз сияқты бесеу емес, алтау болған. Қанышке патшаның аты кейін, қазақта Қаныш атанып қалған болса керек. Алты саны Будда дініне қатысты айтылады. Ал енді мифологиялық Аланша ханның тұсында, оның халқы Будда дініне енген делінеді. Біздерге Серікбол Қондыбай марқұмның айтқандарын санамызбен дұрыс қабылдай алғанымыз оңды болар еді. Қытай деректерінде Қыпшақтар Хуша деп аталады. Жоғалып кетті деген кушандарымыз осы хуша-қыпшақтар ма деймін. Шәкәрім қажы қыпшақтардың қаңлыдан бөлініп шыққандарын айтқан. Алдыңғы мақаламызда біз адай, кушан, қаңлылардың түбінің бір екендерін айтқан едік. Көптеген ғалымдар 8-ші ғасырда тасқа таңба болып басылып қалған «қыбчақ» деген сөздің түбірін қыб, қыба, құба, кума дейді. Меніңше, қыпшақ дегеніміз қаңлыдан бөлініп шыққан болса, (таңбалары ұқсас) онда, бұл атау бастапқыда Кабы-шақ болғандай. Қабы дегеніміз Кави, яғни, арийше абыз-ақын, ал енді, шақ компоненті есім жұрнағы. Сонда, қабышақ дегеніміз кіші Кави дегенді білдіреді. Арийлердің қасиетті кітәбі Авестада аталған Қаңлылардың ұлы Кави екендері алдында айтылды.
«Алаша хан тұрғанда, ала тай ат болғанда» деген сөздерден біздер Алаштың ала түсті жылқы малына тікелей қатысы барын түсінеміз. Кави Виштаспа дегендегі Вишт дегені парсыша «бола», яғни, таудың шыңы дегенді білдіреді. Виштің осылай аталуының себебі, патшалар әулетіне қатысты олардың таудың шыңы арқылы аспаннан түсетіндері жөніндегі аңызда жатыр. Әлемдік аңыз-салт бойынша, патшалар әулеті Шыңғыс ханның әулетіндей киіз үйдің төбесінен түспейді, таудың шыңынан түседі. Ал енді, «асп» дегеніміз – ат. Сонда Виштаспа дегеніміз Бола ат дегенді білдіреді. Осымен қатар Виштаспаны Вишень деп те, атаған. Бұл сөз орыстың вышина, вершина дегеніне келсе, қазақтың шың дегенін де еске салып тұр. Қарлы шыңның ала болып тұратыны белгілі, сондықтан да, парсының бола деген сөзі - ала дегеннің бір атауы болып қалғандай. Қазақта қарасынан ағы басым көзді ала-бұла деп атайтыны, осы бұла, бола деген сөздің «ала» сөзімен бірдей екенін білдіріп тұр. Демек, Бола ат дегенімізді – ала ат деп түсінсек қате болмас дейміз. Қазіргі Кіші жүздің Алашаларында Болай, Бұла деген тармақ бар. Қазақтар ала ат дегенді алаша ат деп те атаған. Мәселен, «Ер Тарғын» жырында: «Алаша аттың басы деп, Қалмақы ердің қасы деп» деген жолдар бар. Байбота Қошым-Ноғайдың айтуынша, орыстардың лошадь деген сөзі осы алаша ат дегеннен қалыптасқан. Қазақтың алшын, алаш деген атауларының үндіиран тілінен, яғни, арийлерден келгенінің ең басты дәлелі мынада жатыр.
Мен 1986-ші жылы Маңғыстауға қызметке келген кезімде, Адайлардың наурыз мейрамын тойлағандарын көріп таң қалған едім. Бізде, Шығыста бұндай мейрам жөнінде тіпті естімедік десем де болады. Күзге қарай, шежірені жақсы білген әкем марқұм немересін алып қайтуға келгенінде, мен ол кісіге осы мейрам жөнінде айтқан едім. Сонда әкеміз марқұм:
«Негізі, Наурыз мейрамын тойлауға бұл жерде де, рұқсат жоқ, алай да, оны тыңдап жүрген Адай да, жоқ. Алаш атауы алашордашылардан кейін, аталмайтын болды емес пе. Ал енді, шежіреде Қазақтың Алаш және Наурыз деген екі баласы болған деп айтылады. Сондықтан да, мына қазіргі биліктегі «жұндібастар» (шовинистерді осылай атайтын) Наурызды қазаққа ұмыттырды» деген еді.
58 жасында шовинистердің қастандығынан қаза тапқан марқұм әкеміздің бұл жәйді басқалардан артық білгеніне мен ешбір шүбә келтірмеймін, өйткені, ол кісі жоғарғы билікте, Жоғарғы Кеңестің депутаты, Орталық комитеттің мүшесі, обкомның хатшысы болғандығынан, шовинистер мен үйсіншілдердің айла-тәсілдерін жақсы білген адам еді. Наурыз мейрамының мұсылман дініне қатысы жоқ, біздерге парсы-ираннан келгені белгілі. Алай да, Ұлыстың ұлы күні аталатын бұл мейрамның, атам қазақтың мейрамы екеніне ешкім де, дау айта алмайды. Шежіреде Қазақтан Алаш пен Наурыз, Алаштан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп айтылады. Наурыздан ұрпақ болмаған соң, қартайып, дүниеден өтер шағында ол інісі Алашты шақыртып алып: «Өлсем, атым өшетін болды, бауырым. Мен дүние салғаннан кейін, жыл сайын мені еске алып, бір қазан ет асып, Құдай жолын беретін болыңдар» деп жылап кеткен екен-мыс. Осы аңыз жөнінде жазған Байбота Қошым-Ноғай, «Тіл ұшындағы тарих» атты кітәбінде былай деген екен:
«Осы бір аңыздың астарында көне дәуірлердің жұмбағын жасырған құпия сыры жатыр. «Е, бұл ертегі емес пе?» - деп енжар есіней салсақ, бүгінге дейін беймәлім болып келген бұл жұмбақтың шешуін келер ұрпақтың қапысыз табуы да неғайбыл. Сондықтан тамыры атамекенімізде туған зороастризммен сабақтас Наурызбен бірге туған Алаш есімінің мән-мағынасына әлі де тереңірек үңілуімізге тура келеді».
Осы аңыздан біздер, арийлер мен түркілердің текетіресінің ақырында түркілердің бізді жеңіп бағындырған соң, тіліміздің өзгеріп, діліміздің (менталитет) ғана қалғанын түсінеміз. Бұл аңызда Наурыздың Алашқа алдыңғы ағасы болып тұрғаны, біздің алдыңғы тарихымыздың қайнар көзін айтып тұр емес пе?
Алдыңғы мақаламызда Заратуштраның да, зороастризмнің де, арийлердің де, Байбота Қошым-Ноғай айтқан атамекенімізде болғанын, және де, олардан осы атамекенімізде, қазақтың төбеті мен тазысын ертіп, қазақ арбасымен кетіп бара жатқан арийлерді суреттеген таңбалы тастың қалғанын да айттық. Арийлер гепард аңын қолға үйретіп, киік-еліктерге салатын болған. Әлгі тастағы суретте тазы мен төбетпен бірге гепарды да жүр. Арийлердің, Адайлардың, төрелердің, қожалардың туыс-қандастық некеде болатындарын да айттық. (кровно-родственный брак). Шыңғыс ханның тарихы жөнінде қазақтың арасындағы ескі сөздерде, Жұлдыз атты ханның екі ұлының болғаны, осылардан туған бір ұл, бір қызды бір-біріне үйлендіргендері жөнінде айтылады. Бұл арийлерше үйленгендер Алан ана мен Домбауыл мерген еді. Ал енді, мифологиялық Жұлдыз ханымыз, европалықтар Жұлдызшы атаған Заратуштарының дәл өзі. Осыған орай айтарымыз, Қият дегеніміздің ертедегі арийлердің Кеянидтер әулеті екендеріне күмән болмау керек. Қияттардың Батыстан келгендерін, яғни, Ергене қоң аталған Ферғана алқабынан, Жиделі-Байсын жерінен келгендерін дәлелдейтін енді бір жәй, Амудария өзенінің бойында Қият қаласының болғанында жатыр. Осымен қатар, «Қазақ тайпаларының тарихы» атты еңбегінде Сайдаққожа Жүсіпұлы, Ергене қоңнан бірінші шықты деген қоңыраттардың Шыңғыс ханға дейін, яғни, 1006-ші жылы Ферғана маңына қайта келіп қоныстанғандарын айтады. Қияттардың осы қоңыраттардың ұлысында болғандары айтылды. Иә, Алаш атауы да, Наурыз мейрамы да, Қият әулеті де, арғықазақта, яғни, Арья-қазақта жатыр.
Жоғарыда айтылған, Алач атанған Арья-қазақтың Дастаны мен оның ұлы Рүстемнің есімдері Құнанбай, Мырқы, Досжан хазіреттер 1876-шы жылы Меккеден алып келді деген шежіреде де, айтылады. Шежірені жырға айналдырған Табын руының Шоңбай Жуанұлы деген ақыны: «Іскендір Зұлқарнайын, Рүстем, Дастан, Сүлеймен сүрген дәурен падишалық» деген екен. Бұл жерде Ескендірді айтқаны, Фирдоусидың «Шах-намэсында» оның да тегі Кеянидке жазылған еді. Әкесі басқа жұрттың қызын алған соң, арийлер әлгі қызды іште кеткен Ескендірмен төркініне қайтартып жіберген.
Арийлердің де, қазақтардың да, мифологиясында Алаштың - ханның, патшаның тегінен емес екені айтылады. Домбауыл мерген қайтыс болғаннан кейін, Алан ана тұл отырып Боданжарды Қияттан емес, Адайдан табады. Ал енді, Адайлар арийлердің бір тайпасы болса да, арийлердің патша әулетіне жатпайды. Қаныш ағамыз бен Ғарифолла ағамыздың айтқандарындай, Шыңғыс хан өзіне Алаш атағын алған болса, онда, ол өзінің қарадан шыққанын білген болғаны. Ал енді, орыстардың, Европаның тарихшылары Шыңғыс ханның патшалар әулетіне жатпайтынын жақсы білген болса керек, сондықтан да, оның әулетін әлемдегі асыл текті монархиялық әулеттердің қатарына қоспаған. «Шыңғыс хан әулеті нұрдан жаралған» деген, христиан дінінің қасиетті кітәбінен плагиат жасалып жазылған жалған шежіре түкке жарамай қалған, өйткені, қытайлар Шыңғыс ханның өзінің хандық әулетін (ұлықсыз, негізсіз) құруды мақсат еткенін айтады. Оның үстіне, патшалар әулетінің салтын бұзып, Шыңғыс ханның әулетінің таудың шыңынан емес, киіз үйдің төбесінен түскені тағы бар. (қазақтың қыз ояту салты). Шоқанның «Следы шаманства у киргизов» атты мақаласында киіз үйдің төбесінен албастының түсетіні айтылады. Қазақтың: «төбеңнен түскір, төбеңнен албасты басқыр!» дейтіні, киіз үйдің шаңырағынан албастының түсетінін айтып тұр. Егер де, ол Қияттың, яғни, Кеянидтердің тұқымы болса, не болмаса, Кеянидтердің түбін білген болса, онда, ол өзінің шежіресін ойдан шығармай-ақ, Кейлердің ұрпағы екенін ашық айтқызып кетер еді. Шыңғыс хан сол замандарда бұл жалған шежірені басқа монархтар әулеттері қабылдайды деп ойласа керек. Ал енді, Алаштың арысы, масондық болған Әлихан Бөкейхан болса, бұл жәйді жақсы білген соң, өзін Мөдеден таратқан деседі. Осыған орай айтарымыз, қазіргі таңдағы төрелердің, бар болғаны, жауынгердің ұрпақтары екендері. Бұлар, ешқандай да, ақсүйектер әулетінің өкілдері емес, абыз ру Адайлардың ұрпақтары. Қашаған жыраудың: «Шыңғыс хан туды Арқардан» дегеніне қарағанда, Боданжардың әкесінің аты Арқар болса керек. Сондықтан да, Шыңғыс ханның заманынан бері төрелердің ұрандары «Арқар» болып қалғандай. Атам қазақ тек ата-бабаларының есімдерін ұранға айналдырып отырған. Таудың қойының атын төрелердің ұранға айналдырғандарының ешбір қисыны жоқ.
Кеянидтер, яғни, нағыз ақсүйектер әулеті Домбауыл мергеннің өз кіндігінен тараған балаларының ұрпақтары болып келеді. Осымен қатар, қазіргі Қияттардан басқа қазақта Кеянидтерге жататындар - Беріштер, Қораластар, Тобықтылар, Жарас-байбақтылар, Асан-таздар, Алашалар, Кердерілер, Наймандағы Көкжарлылар, Дулаттағы Сәмбет (Балуан шолақ), Бестеректер. Беріштегі «бесқасқа беріш» дегендер кірме жиендер, түбі Үйсін. Беріштегі Өтемістің әкесі Құлманиязды «қызылбас», яғни, парсы-иран деп те, айтады. Беріштердің арийліктер екендері осыдан да, білінеді. Осыны бетіне басқан Жәңгір ханға Махамбет Өтемісұлы: «Жәңгірдің түбі Қарағаш, Қарағаштан келген жалаңаш, қасындағы Шомбал, елінен қашқан дамбал!» деген екен. Тобықтыдағы Құлықтар да, кірме жиен Үйсіндер. Найман-Көкжарлыдағы Қаратайдың есімі арийлік Сиявуштың калькалық аудармасы. Сиявуш кеянид-қият, басқа елден алынған тоқалдан туған болса, оның калькасы наймандағы Қаратай да, шежіреде айтылғандай, басқа елден алынған тоқалдан туған. Қаратайдың шын аты деген Қайыпберді де, Қайды еске салып тұр. Алай да, қазіргі Қаратай елі дегеніміз шағын-шағын рулардан құралған одақ. Бұлардың тазасы - Оралхан Бөкейдің руы Дәулеттер, өте текті халық.
Ең бастысы, Шыңғыс хан Қият емес, Алшын-Алаш. Генетика ғылымы Қияттар мен Бөржігіндердің генотиптерінің екі бөлек екендерін айтып отыр. Біздің осы күнге дейінгі Шыңғыс ханды халха-маңғол деп жүргеніміз, коммунистік-шовинистік догма.
Қайрат Зарыпхан. Шежіре танушы.
Ұлт порталы