23 қаз, 2016 сағат 11:57

Шын дарынның шырқау биігі

ЖАЗУШЫ РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВТЫҢ «ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ КӨЗ ЖАСЫ» ХИКАЯТЫ

Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты – психологиялық иірімге құрылған философиялық тұжырымы терең туынды. Ішкі монологқа құрылған көркем шығармадағы оқиғалар желісі елес-естеліктер арқылы дамып, шиеленісіп, шарықтау шегіне жетіп, шешімін табады. Бұрын-соңды қазақ прозасында қолданылмаған әдіс. Хикаят екі сөйлемнен ғана тұратын прологпен басталыпты: «Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?..» Антон Чехов  «Краткость — сестра таланта» депті өз заманында. Келісуге тура келеді. Осы бір екі ауыз сөзді оқығанда жүрек ұйып, көзге жас тұнады. Бүкіл аспан асты, жер бетіндегі тіршілік атаулының үкілеген үміті мен алғаусыз арманы, бауырын күйдірген өкініші осыған сыйып кетіп тұрғанын айтсаңызшы!

«Адам тағдыры — жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі де: өмірде көрген тірі адамдар туралы, олардың хал-күйі, кескін-кейпі туралы тебірене, толғана ойланудан көбіне суреткердің сол адамдар өмір сүрген қоғам туралы көзқарасы қалыптасады, нәтижесінде сол қоғамдық шындықты көркем жинақтау мақсатындағы творчестволық әрекеті басталып кетеді»,– деген болатын академик Зейнолла Қабдолов өзінің «Сөз өнері» монографиясында. Мәселен, өзіміз назар аударып отырған туындыда мынадай жолдар бар: «Есік көзінде қалғып-мүлгіп отырған күзетшілер орнынан сілкініп тұрысқан. Алшая қонған ақ орданың қаусырма есігі екі жаққа кеңінен ашылып, іштен ұлы қаһан шықты. Жібек шапанын желбегей жамылыпты. Аққұба жүзіне, келісті маңдайына күн сәулесі сырғанай түскен. Кіндік қаққан жез сақалын ойнама салқын самал сыпайы сауып тұрды.

Аз қолмен шығып аң қағуға ынтасы ауған. Құс салып, құмай тазы жүгіртіп сергіп қайтпақ-ты. Ақ ордасынан адым оздырмай құйрық талдырыпты. Есігінен сығалап иіліп-бүгілген елшілер мен дәргейіне бас ұрған жұрттан қажып бітпеді ме?»

Осы үзіндідегі қаһанның ойы, қаһанның тірлігі бүгінгі күні де таныс суреттердің бірі емес пе? Кейде шынымен тірліктің өзі жіп сияқты тізбектеліп жататын ұшы-қиыры жоқ нәрсе екенін сезініп, жаның түршігетіні де рас. Бұл – сонау Шыңғыс ханның заманынан жалғасып келе жатқан, әлі де жалғаса беретін шындық. Көріп отырғанымыздай, әдебиеттегі ең бастысы — адам тағдыры, сол кейіпкерді дүниеге әкелудегі жазушының күллі шығармашылық әрекетінің ой-қыры, қия-қалтарысы.

Белгілі бір дәуірлік шындықтан көркем шығарма туғызу үшін, бәрінен бұрын «шикізат» керек. Ал, «шикізатты» табудың суреткерлік тәсілі – сол дәуірдегі адам тағдырын қазу, қопару, «тірі құжаттарды» зерттеу. Бұл оңай емес. Әлдеқашан көшіп кеткен ауылдың жұртына кездескен жолаушыдай, көшкен жұрттың орнынан өзі де білмейтін нәрселерді іздейді, ошақта болмашы жылтыраған шоқты үрлейді. Әрине, ізденген жетер мұратқа. Өмірмен, адамдармен қоян-қолтық жұмыс істеген жағдайда ғана суреткердің шығармашылық қиялы қимылға көшеді, қозғалысқа түседі. Дәл осы арада әдебиеттің қозғаушы күші — адам тағдырының маңындағы авторлық айрықша әсем әрекетке, дәлірек айтқанда, әдебиеттегі адам бейнесін жасаудың шешуші шарты-ойдан шығару мәселесін де аттап өте алмаймыз.

 «Ойдан шығару-образға барар жол. Суреткердің өмірде көрген-білгенін ойша өңдеудің, қорытудың, жинақтаудың тәсілі»,– деген академик Зейнолла Қабдоловқа тағы да ораламыз. Өйткені, ойдан шығару жоқ жерде әдебиеттегі адам туралы мүлде ұғым болуы мүмкін емес. Мәселен, Бальзак өзінің ойында пайда болған өз геройларымен кәдімгі тірі кісілермен сөйлескендей «құлшына кеңесіп отырып, тек солардың айтқанын ғана қағазға түсіреді» екен.  Бұл арада тарихқа белгілі тұлға Шыңғыс ханның образын жасауда жазушы Рахымжан Отарбаев та сол кезеңді,  сол дәуірді әбден зерттеп, сол кезеңдегі әдеби, тарихи еңбектерге шұқшия үңіліп, ақыр аяғында өзі Шыңғыс ханның образына кіріп, сомдап шыққаны даусыз.

«Әдеби шығарма туралы әңгімені тақырыптан бастаған жөн»,–деген ұлы ұстаз, академик Зейнолла Қабдоловтың айтқанын есімізге ала отырып, «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятының тақырыбына келсек, суреткер шығармаға тарихи тақырыпты, оның ішінде Шыңғыс ханның өмірін өзек етіп алған. Идеясы — адамгершілікті ту етіп, жас ұрпақты адалдыққа, парасаттылыққа баулу, мәңгіліктің тағындағы тұлғаларды танып, солардың өмірін ғибрат ету, содан сабақ алуға шақыру.

Сөзіміздің басында шығарманың прологының екі сөйлемнен ғана тұратынын айтып кеткен болатынбыз. Әрі қарай композициялық құрылысын талдайтын болсақ, сюжеттің басталуы, экспозициясын айтпай кете алмаймыз. Экспозицияның бір ерекшелігі — ол шығарманың сюжеттік желісіндегі тартысқа тікелей ықпал жасамайды, тек мезгіл мен мекенге мегзеу, дерек, дәйек ретінде ғана қалады. Осы тұрғыдан алғанда, біз зерттеу нысаны етіп алған «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятында қаһанның аң аулауға шығуы-экспозиция. Өйткені, мұнда әдеби қаһармандардың өзара қарым-қатынасқа көшпес бұрынғы хал-жағдай, тіршілік, қоғамдық орта суреттелген. Болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар орны  нақышталып отыр.

Сюжеттік байланыс, яғни, адамдар арасындағы әрекеттердің басы, тартыстың басталуы – аң аулауға шыққан қаһанның ту сыртынан найзағайдың ұруы, сөйтіп әлемді тітіренткен Шыңғыс ханның  төсекке таңылуы. Байланыс өте ұтымды, сәтті қиыстырылған. Автор бұл арада экспозициядағыдай ауызекі аңыздамайды, адамның жан дүниесін аша бейнелейді: «Қара бұлт өктемдік алыпты. Ақ бұлт есін жинай алмай шашырады. Төмендеп көшкен, жолын кесті. Шырқау биікке ұмтылған, төбесінен төнді. Алғаш алты кез найза ұстап атқа қонғаннан жебеп-желеген Көк Тәңірінің сыйына бір нәубеттің төнгенін ұлы қаһан анық сезді. Ала сап аспанға садағын кезеген. Қорамсақтағы жолбарыс жығар бір оқты таңдаған. Ауаны тіліп оқжыландай ысқырып ұшқан оқ қара бұлтқа қарай зымыраған. Жетпей жығылды. Алау-далау болған ақша бұлт аударылып-төңкерілді. Бетінде жазу тұрды. «Әлем әміршісі Шыңғыс хан». Мұны кім өрнектеп жүр? Сол-ақ екен, құлақ кескен күркіл естіліп, найзағай ойнады. Күміс бұтақтар шашырай сынды. Жазуды талқандап салды. Ақша бұлт түйдек-түйдек боп пышырай қашқан. Ақбоз тұлпар қалш-қалш етіп қалтырап, қан сиіп жіберді. Бас берер емес. Қарақорымға маңдай түзеп иесін ала кеп қашқан. Ұзатпады. Қайта тірілген найзағайдың бір бұтағы ұлы қаһанды ту сырттан кеп ұрған. Көз алдына қызылды-жасылды сақиналар қаптап кеткені несі?»

Сюжеттік даму адамдардың өзара қарым-қатынасынан, қимыл-қарекетінен туған түрліше жағдайларға, шиеленістерге байланысты. Шығарма фабуласы да бірінен-бірі туатын әр алуан ситуациядан, интригадан құралады. Біз талдап отырған шығармада шиеленіс: «Шыр айналған ақбоз тұлпардан ауып түскен. Тұла бойын жалын шарпып, күйіп жанып барады. Сексеуіл өртеп жатқан кімдер? Сөндір. Отты сөндір.

Найзағай боп ұрған дерт ес жиғызар емес. Тілден дәрмен жоқ. Тілегі үзік-үзік. Тіні үзілмеген соң ғана тірі жатыр...» Осындай ширыққан, шиыршық атқан серіппелі шиеленістер бір бәсеңдеместен барып, шарықтау шегіне жетеді. Қаһарынан бүкіл әлем қаймыққан қаһанның есеңгіреп жатқанда бүкіл өмірі көз алдынан сағым боп өтеді. Жетім қалған тауқыметті тағдыры, анасының өздерін қалай жетілдіргені  жетеді ең алдымен. Одан кейінгі естеліктерде рет-ретімен тағдырдан қағажу көргені, жеңілісі мен жеңісі, біреудің өзіне берген зобалаңы, өзінің басқаларға тарттырған азабы мен жасаған қиянаты, жақсылығы мен жамандығы таразының екі басына тартылғандай...

Шарықтау шегі-сюжеттік дамудың ең жоғарғы сатысы дейтін болсақ, бұл шығармадағы адамдар арасындағы қимыл-әрекеттің мейлінше күшейіп, өрбіп жеткен жері — санадағы сарғайған көп елестің соңында анасының Онон өзенінің арғы жағында тұрып шақыруы,  әміршінің соған асығуы. «Мың құмырсқа мың тараптан өзіне қарай құжынап келе жатқаны несі?! Аулақ! Аулақ менен!» – деген жолдар шарықтау шегіне жетуді көрсетеді. Әрі қарай Шыңғыс ханның дүниеден өткені жайлы хабардың таралуы-шығарманың шешімі.

Шығарма екі ауыз эпилогпен аяқталады: «Тағы бір күн батты. Кімдерді мұңайтады екен?..»

Шындығында жалған-дүние кімді көкке көтеріп, атақ-даңқ беріп қуантпады, кімді бір-ақ сәтте бәрінен жұрдай ғып, жоқ қылып жібермеді?! Зырлап жатқан уақыт тегершігін кері айналдыру еш пенденің қолынан келмесі анық. Асылы, пенде шіркін қаншама мықтымсынғанымен, уақыт өз дегенін жасайды емес пе? Шығарма осындай ойларға жетелейді. Ішкі монологқа құрылған хикаятта Шыңғыс ханның өз-өзімен жалғыз қалуы, өзіне өзі сыр ашуы, өзіне өзі есеп беруі, өз өкінішімен, өз мұңымен мәңгілікке бет алуы философиялық иірімдер арқылы берілген.

 Әдеби тілді қолдануда ажарлаудың, құбылту мен айшықтаудың орны орасан зор. Образды сөйлеу, тілді әсемдеу үшін айшықтау тәсілін, яғни, фигураны орнымен қолдана білген дұрыс. Фигураның түрлері көп, соның бірі – қайталау. „Ол – сөз әсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аударғысы келген нәрсені не құбылысты бірнеше мәрте қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіре түсу»,– деген болатын академик Зейнолла Қабдолов. «Шыңғыс ханның көз жасы» туындысында Рахымжан Отарбаев айшықтаудың осы түрін сәтті қолданған. «Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді» – қаһанның сағымдай мың құбылып өте шыққан фәни-дүние мен бақидың ортасында жатқан шағында көз алдына елестеткен өткен жылдар елестері осылай басталады. Бұл жолдар – әдепкі қайталау, яки анафора. Үзік-үзік елес түрінде бере отырып, өткен дәуренге, жастық шаққа деген сағынышын, опа бермес жалғанға деген пенделік өкпесін, тұрлаусыз дүниеге деген мұңын танытады.

«Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік» – көңілдің көк дөнені, оның бас бермей «мың тарапқа ағызып бара жатуы» – сынаптай сырғыған жылдар мен қанат тағып алып зулаған күндер. Тереңірек талдай түсер болсақ, құбылту троп, оның ішінде күрделі эпитет.  Аталмыш туындыда осы бір жарық дүниенің миллион бояуына, пырақтан да жүйрік уақыттың пендені көз ілестірмес шапшаңдықпен ала қашуына, бір сөзбен айтқанда өмір-дүрия дүние дүрмегіне қарама-қарсы тағы бір айшық бар. Ол: «Мың құмырсқа мың тараптан өзіне қарай құжынап келе жатқаны несі?! Аулақ! Аулақ менен!» – деген риторикалық сауал. Оның жауабы да түсінікті. Мың тараптан құжынаған құмырсқадай боп келе жатқан – ажал. Жазушы өлім бейнесін метонимия түрінде келтіре отырып, оқырманның жан дүниесін шіміркендіре, түршіктіре түседі.

«Жылнамашы түрік қайда жүр? Әлі де айтары көп. Аманаты аз емес»,– бұл да қайталау, оның ішінде әдепкі қайталау, анафора.

Оқиғаның басталуы да өте бір ерекше жағдайда өріс алған: «Күн де ұясынан шарасына сыймай балқып көтерілген. Шашырап жүрген шарбы бұлттар бауыры қан қызыл түске боянып көшті. Тау қуалап ескен жел де ішін тартып тынши қалды. Алыстан байғыз шақырды. Күн мен түнді алмастырып алған ба, атаңа нәлет!»  Сөзбен салынған сурет. Жазушының хас шеберлігі, қаламының киесі, сөзінің дуасы  айқын аңғарылады. Алда болайын деп тұрған тосын оқиғадан хабар бергендей. Қан қызыл түске боялған шарбы бұлттар, мезгілсіз шақырған байғыз –  күрделі эпитет, ал осы жолдар түгелімен психологиялық параллелизм.  Фигураның тағы бір түрі градация болса, жазушының бұл туындысы түгелімен айшықтаудың осы түріне жатады. Алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра, асқақтата түседі жазушы.

Сонымен қатар, сөз орнын ауыстыру, инверсия да хикаятта көрініс тапқан.

«Жанында сыбырлап ертегі айтып отырған анасы қайда кеткен? Бәйтерек пен шыбық, тал... Дауыл мен құйын... мынау ертегі емес қой! Сана түкпірінде тағы да сан сурет алмасты. Кеудесі шоқ қарығандай удай ашыды. Бір түйіншек лықсып кеп жұтқыншағына қадалды. Кемсең қақты.

Бетін жуып кеткен не нәрсе? Түйіншегі түскір жас боп тарап жатыр екен ғой. Жасы несі? Жарты дүниені жаулаған ұлы қаһан жылаушы ма еді? Ішкі шері ағытылып кеткен-ау. Бой берер емес. Бетін күйдіріп барады. Кермек дәм аузына келді. Удай ащысын! Тіпті құлағына да құйылып жатыр ма? Әжім шатыраш сап ойнаған мәлике жүзіне ақ сортаң із салып қатып қалады-ау. Күн сәулесі де өшіп бара ма? Жан-жағынан жарқырап, алтын шуағымен аялап не түспейді осы? Ашыңдар жолымды! Жарылыңдар екіге! Мен кетіп бара жатқан жоқпын ба?»  Атағы жер жүзін сілкіндірген, қаһары жер басқан пендені түршіктірген Шыңғыс хан да барзақ дүниеге бет түзеді!

  Ей, бейопа жалған! Кім бар мәңгіліктің тағында мызғымай қалар?! Жоқ қой, жоқ! Ажалды пенде қашан да болса ата–бабалар салған бақи көшіне бет түзер... Жазушы Шыңғысханды өзгеше қырынан танытып, өзгеше бір мәнерде нақыштапты. 

 

ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ РИТОРИКАЛЫҚ АЙШЫҚ

 «Жазушының, көбіне көп ақынның өзіне не өзгеге, кейде тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, көпшілікке қайырыла сөйлеуі, олармен іштей кеңесуін арнау дейді. Арнауды профессор Қажым Жұмалиев үш түрге бөледі: жарлай арнау, сұрай арнау және зарлай арнау. Ақын немесе жазушы жеке адамға емес, жалпы жұртқа қайырыла сөйлеп, жеке адаммен оңаша емес, жалпы жұртпен жария кеңессе — ол жарлай арнау. Жазушы немесе ақын өз ойын өзгеге арнап сан-сапа сауал арқылы айтып жеткізеді де, өзі сол сауалдарға жауап күтеді. Бұл — сұрай арнау деп аталады. Кейде арнауда қойылған сұрақтарға автор жауап күтпейді. Өйткені олар ешқандай жауапсыз-ақ түсінікті. Арнаудың өн бойында өзінен-өзі анықталып жатыр. Сұрай арнаудың мұндай түрлерін шешендік, яки риторикалық айшық деп атайды», – депті академик Зейнолла Қабдолов «Сөз өнері» монографиясында.

Риторикалық айшықты жазушылар мен ақындар белгілі бір замана ағымына көңілі толмағанда, болашаққа сенім жоғалғандай күй кешіп, жаны ауырғанда, қоғамдағы дерттерді көре тұра оған еш амалы болмағанда пайдаланады. Мәселен, Асанқайғының:

«Аяғы жоқ, қолы жоқ

Жылан қайтіп күн көрер?!

Құйрығы жоқ, жалы жоқ

Құлан қайтіп күн көрер?!» – деп келетін белгілі шешендік сұраққа құрылған толғауын алайық. Осында жырау елдің бәріне белгілі суреттерді қолдана отырып, әдейі сауал қояды,  бірақ ол сауалға  өзі жауап күтіп те отырған жоқ. Оның шешімін өзі біледі. Алайда, осыны естіген жан тебіренбей, көзіне жас алмай  қалмайтыны сөзсіз! Жалпы бұқараға толғаудың эмоциялық-экспрессивтік бояуын қалыңдатып, шерлі, мұңды күй сыйлап отырған көріктеу құралы – риторикалық сұрақ.

 Бүгінгі таңда рухани экспансияны дәлдүріш дүниелермен емес, классикалық туындылармен ығыстыру керек-ақ. Қазір – өзін жазушымын, ақынмын деп санайтын дүмбілездер көбейіп тұрған кезең. Осындай қоғамда қазақ халқының рухы биік, аристократиялық мінезге бай, бекзат қалпын сақтап қалатын, әрине, көркем әдебиет.  Бұл талаптарға жауап беретін шығармаларды ғана ұлттың игілігі деп қарауға тиістіміз.  Тоғышарлармен тоқырап тұрған шақта дұрыстықты дәлелдеу, биіктікке ұмтылу, кемелдікті көру, тереңге үңілу өте қиын. Өйткені, талғамы төмен орта өзінен жоғарыны қабылдағысы келмейді. Осындай күрделі кезде, өліара шақта сөз сауып, оны халықтың қажетіне жаратам деудің өзі-жанкештілік. Қалыптасып қалған немқұрайдылықтың бетіне шапалақпен бір тартып, ұлттың есін жиғызуға әрекеттеніп жүрген жазушылар да жоқ емес. Бей-жай, есінеген марғау өмірді қылыштың жүзіндей өткірлігімен қиып түсетін мінезді туындыларымен халық сүйіспеншілігіне бөленген жазушы — Рахымжан Отарбаев.

 Прозалық шығармаларды қара өлең сияқты тау басынан сарқырап аққан бұлақтай, поэтикалық өрнекпен тудыру — қаламгердің қайталанбас шеберлігінің айқын дәлелі. Суреткер  Отарбаевтың  қай  шығармасына үңілсеңіз де қоғамды  ірітіп-шірітіп, жегідей жеп жатқан былық-шылықты әшкерелегенін көруге болады. Жазушы әңгімелері мен хикаяттарында риторикалық сұрауды шебер қолданады. Негізінен, айшықтаудың бұл түрі көбіне ақындардың еншісіне тигендей еді. Алайда, Рахымжан Отарбаев бұл түсінікті жоққа шығарды. Прозалық шығармалардың философиялық астарын тереңдетіп, психологиялық иірімін молайтуда осынау көркемдік құралдың рөлі зор екенін дәлелдеді. Кешегі Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбеттердің жырларындағы мінез, болашақ үшін алаң көңіл жазушы шығармаларынан да өзіндік көрініс тапқан. Соның ішінде, бүгінгідей қазақы рухты қайтадан тірілтетін кез келген шақта сонау жыраулардан бері қарай ұлттың ұлы мұрасына айналған риторикалық айшықтың маңызы орасан. Рахымжан Отарбаевтың «Американың ұлттық байлығы» әңгімесіне келейік: «–Аллам-ау, деді амалы таусылған аңшы үні тозып, мұржаға сүйене кетіп. –шәуілдеген жаман шибөрі Американың ұлттық байлығы болсын. Мен сонда Қазақстанның кімімін? Өкпесіне тебер өгейімін бе? Бұ дүниеде жиғаным, о дүниеде иманым бұйырмай кететіндей сұрауым жоқ па? Оң қол қиянатқа жүгірсе, сол қол арашаға ұмтылмас па?..Бұл ел ел ме әлде ашық-тесік жатқан малқора ма?.. Көзінен екі тамшы жас езіліп түсті»,– міне, нағыз риторикалық сұрақ!

 Сонау Қошалақта малдың соңында жүрген Қапар аңшы бұл сұрағына ешкімнен жауап күтпейді. Оның жауабын жазушы осы шығармада алдын-ала беріп те қойған. Әрине, әр оқырман әңгімеден орталықтан шалғайдағы ауылдың тыныс-тіршілігін, бүгінгі таңдағы қазақы таным мен тұрмыстың суретін тап басып таниды.

Жазушының «Жасырынбақ» әңгімесі де фигураның осы түрімен басталған екен: «Осы жұртта ес бар ма өзі? Таң торғайы шырылдағанда басталған қаңқу қара қарға қанатын жайып, қонар ұясына қайыра ұшқанда қиқуға ұласып, айналаң арқасы бар бақсыдай зікір салып, арпалысады да жатады. Берместің пұлын, көрместің көзін сұраған өңшең қайыршы қайдан ғана қаптап жүр осы?» –  бұл мекемесі банкрот болған Бастықтың ойы. Осыдан-ақ оның халыққа жаны ашымайтын кісәпір екенін көруге болады. Тек құлқынының қамын ғана көздеген бас кейіпкердің өзімен-өзі сөйлесуі риторикалық сауал түрінде берілгені шығарманың шоқтығын биіктетіп тұрғаны анық. Осы арқылы жазушының сыны кекесінмен көрініс тауып, улы сарказмын сезінуге болады. Жазушы қол астындағы жұмысшыларға, елі мен жеріне жаны ашымайтын бастықтарды осылай әшкерелейді, астарлы сөзбен масқаралайды.

 Бастан аяқ психологизммен өрілген «Торшақыз бен тотықұс» әңгімесінің шешімі  шешендік сұрақпен бітеді: « – Тірлігінде бөлісіпсіңдер. Енді аруағына таласқандай не көрінді? Ол әйел бар болғаны өзіне арнап символдық белгі соққан екен. Соны талқандағанда дүниедегі бар кем-кетігің тола ма? Қарқарадай боп мүйіз шыға ма? Беттерің жылтырап жүріп неткен шексіз жауызсыңдар! Өй, өңшең әкең аузын ұрайындар!..

Еркек ашуын тізгіндей алмай тұтығып, күректей қолын бір сілтеп жүре берді. «Құдай-ай, жер бетінен жақсылық көшпеген екен ғой. Жүр екен ғой әлі арамызда». Мұрны қолағаштай тракторшыдан тап осындай азаматтық күтті ме? Жер ортасына келгенше мұндай ірілікті галстугі қисаймайтын, бәтеңкесінің басы майдан кеппеген зиялы топтан іздеп келгені несі?!» Жазушы қазіргі қоғамның шындығын жазған. Ешбір қоспасы жоқ боямасыз шындық. Күнде көріп, өзіміз куә болып жүрген шындық. Кейіпкерлер де біртүрлі таныс іспетті. Күндестікке бой алдырған бәйбіше, қызғаныштың құрбаны болған тағдырлар. Жазушы өмірдің қақ ортасын ойып алғандай әсерде қалады оқырман. Жүрек сазып қоя береді оқығаннан кейін. Көз алдың дымданып, айналаны тұман басып кеткендей, көкірек тұсың шым еткендей бір сезім... Осының бәрі жазушы орынды қолданған ділмарлық айшықтың әсері. Оқыған жанды толғанысқа түсірмесе, ойландырмаса ол көркем әдебиет бола ма? Көркем әдеби шығарманың мықтылығы да осыдан байқалады. Риторикалық сауал оқырманды ойлануға жетелеуімен құнды.

  Жазушының «Аяқталмаған хикая» әңгімесі тұтасымен риторикалық сауалға құрылған. Сюжет желісі соғыс кезінде Қошалақты мекендеді дейтін қашқын қалмақ туралы аңызға негізделген. Жазушы сол қашқын қалмақ туралы хикаят жазбақ болып жазу үстеліне отырады. Алайда, оны жаза алмайды. Оған жазушы кінәлі емес, қазақы менталитет айыпты. Таң атқаннан күн батқанға дейін енді қолына қаламын ала бергенде келіп, есікті босатпайтын қонақтар мен олардың әңгімесін келтірген жазушы қазақы отбасының бір ғана күнін оқырманның көз алдына елестетеді. Көрші кемпірдің қызының күйеуге қашып кетуінен басталған таңертеңгі ұрыс өзара келісіммен аяқталады. Енді ғана жазуға отырады. Алайда, ауылда тұратын бір ағасы келіп қалады. Ауыл жаңалығы, оған қоса ауылдағы ұрлық-қарлықтың жырын тыңдап, ол кісіден әзер құтылады.

  Түс ауа тілші қыз есік қағып, ол да өз пәлсапасын  соғады. Қайтадан «қашқын қалмаққа» отыра бергенде қала шетінде тұратын таныс  апасы мұң шаға келіпті. Оның гөй-гөйін тыңдап, өлердей шаршаған жазушының есіне қашқын қалмақтың ойдан шығарылған кейіпкер екенін айтқан ертедегі қаңқу сөз түседі. «Елдегі ақсақ-тоқсақтардың сауабын өзіне обал ғып арқалаған қашқын қалмақ, сен бұл өмірде бар ма едің? Құм құрсауындағы біздің ауылға аттап басып па едің? Қысыр төсекте қыңсылап жатқан келіншектерді үңгіріңе алып қашып па едің? Әй, қайдам! Біздің ел ертегіге сенгіш. Сен соның көзге көрінбес ғайып ерен кейіпкеріне айналып кеткенсің-ау, шамасы?!...» – осылай риторикалық сауалмен аяқталады әңгіме. Жазушының шешендік иірімдерді өз орнында шебер пайдаланатыны соншалықты, сол оқиғалар өз басыңнан өтіп жатырған секілді, бірде сүйінесің, біресе күйінесің. Бүкіл дүниені ұмыттырып, тереңіне тартып әкетеді. Жыраулар поэзиясына тән биік рух, жалаулаған отты сезім шығарманың өн бойында оқырманға мөлдір де тәтті мұң, пәк сезім, жалынды көңіл-күй сыйлайды. Тау басынан қопарыла көшкен сарқырамадай құйыла жөнелген шығарма «Өнер алды-қызыл тіл» екенін еріксіз мойындатқандай. Тебірене, тербеле отырып, оқиғалардан ешбір шет қала алмайсың, өмір шындығы деген де міне, осы!

 «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты – қазіргі қазақ әдебиетіндегі ең бір шоқтығы биік дүние. «Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?!» – деп риторикалық сұрақпен басталған кіріспеден бастап, Ұлы қаһанның ішкі монологтарының бәрі шешендік айшыққа құрылған. Өзіне-өзі сыр ашып, өзіне-өзі ішкі мұңын ағытқан Шыңғыс хан өзіне-өзі сұрақ беріп, оқырманды тым терең иірімге тарта жөнеледі. Ағынды өзендердің нақ ортасында адамды өзіне тартып әкететін жылым болушы еді. Маңына барған адамды үйіріп алып, құшағынан босатпай қоятын. Аталмыш туынды туралы да дәл соны айтуға болады. «Өмірі түскірдің алқұлым шақта өкініші көбейіп кете ме, немене?!» – бұл жолдар ту сыртынан келіп жай ұрған ұлы қаһанның өмір мен өлім арасында жатқанда санасында сансыз топырлаған көп ойдың бірі. Шындығында да өмір көкжиегінен аунап бара жатқан сәтте арман шіркіннің жалына қол апартпас арғымақтай жалт беретіні неліктен екен?! Өмір мен өлім белдескен сәттегі көңіл-күйді қаламынан сорғалата саулатқан жазушыға тәнті болып, таң қалатының рас.

«Ақ көбігін аспанға атқан мына тасқын мені қайда алып барады?» –  бұл да Шыңғыс ханның ішкі даусы, өзіне ғана қойған сұрағы. Оған еш пендеден жауап күтпейді. Өмір тасқыны қақпақылдатып, бірінен-біріне аударып тастап, ең соңында жағаға лақтырып тастайды. Өзекті пенденің бәрі де алшаңдап басқан, миығынан күлген, астамси сөйлеген. Бірақ, күндердің күнінде жалған дүниеден барзақ дүниесіне аттанады. Бейне бір ондай адам болмағандай мынау дүние жайбарақат күйінде өзінің тойын тойлап, мырғамға батып қала береді.  Осы хикаятты оқи отырып, жазушы сезімінің тұмадай мөлдір, ақ таңдай пәк екеніне сенесің, қайран қаласың! Мынау жалған деп аталған жер бетінде осыншама тазалықты қалай сақтап қалғанына таңырқайсың.

Шыңғыс хан туралы жазылған туындылар жетерлік. Алайда, дәл осындай өзгеше, дара стильде жазылған дүние жоқ десек қателеспеспіз. «Тағы бір күн батты. Кімдерді мұңайтады екен?!» – жазушы бұл сұрағына да тірі пендеатаулыдан жауап күтпейді. Жауабын шығарманың өн бойында беріп қойған. Түсінген оқырманға. Көзге мөлт–мөлт етіп жас келеді. Сай-сүйегіңді сырқыратып, жан дүниеңді шырқыратқан мұңды әуез құлағыңнан кетпей қояды. Беу, жалған дүние! Кімдердің басынан өтпедің сен?! Кімдерді аспанға көтеріп тұрып, қас-қаққанша, жерге тастап жібермедің?! Көтергенің жақсы-ау, ал, тастап жібергенде ше?! Көз жеткізгісіз биікке көтерілудің басты айналдырар тәтті қуанышы болғанымен, жерге құлаған шақтағы тас-талқан боп күйреген сезімнің ортасы да алшақ. Жер мен көктей. Міне, риторикалық айшықтың құдіреті!

Жыраулар поэзиясына тән ділмарлық сұрауды жазушының шебер меңгергені ғана тәнті етеді. Ата-бабалар сарыны жан-дүниемізді жаулап алардай... Ұлылық деген осы ма екен, әлде?!

 

СУРЕТКЕР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ

«Көркем шығарма — нағыз суреткерлік әрекеттің нақты нәтижесі, әдеби еңбектің көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын затты дерегі. Сәтті шыққан көркем шығарма — бір жазушы келесіндегі ғана емес, күллі әдебиет көлеміндегі кесек құбылыс...»,– деген болатын академик  Зейнолла Қабдолов.  Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романын оқығанда дәл осы пікірдің ойымызға орала кеткені. «Жекелеген образ ұнай ма, жоқ па, мәселе мұнда емес, жалпы кітап ұнай ма, жоқ па, гәп осы арада жатыр»,– депті өз заманында Гете.

 Шындығында бүгінгі күні кітап көп. Бірақ, оның бәрін бірдей көркем шығарма деуге негіз жоқ. Жоғарыда аты аталған ұлы тұлғалардың айтқанындай, халықтың көңілінен шығып,  бұқараны соңынан ертетін, оқырманға бас шұлғытып, көркемдіктің, кемелдіктің бастауынан нәр беретін, оны ойлануға жетелеп, көркем дамуында тың серпін бертін, жаңа баспалдақтарды нұсқайтын кітапты ғана шын мәніндегі көркем шығарма деп атауға болар. Михаил Шолоховтың дәл осы талаптарға жауап беретін «ақылды, жақсы шығармалар саусақпен санарлық та, сүреңсіз, шала–жансар кітаптар шаш етектен» екені де бүгінгі күннің шындығы.

Талап-талғамы биік мәдениетті оқырманның өнердің шын мәніндегі туындысын тануын, бағалауын, «көбікті емес, нағыз шын толқынды» дұрыс ажырата білуі үшін осы түсініктер тұрғысынан келуін қалар едік. Сол себептен де қолымызға қалам алып, өзімізді толғандырған «Бас» романы туралы ғылыми тұрғыдан талдау жасауға талаптанып көргеніміз рас. Негізінен, академик Зейнолла Қабдолов сынды ұлы ұстазымыз әдеби шығарма туралы әңгімені тақырыптан бастаған дұрыс екенін құлағымызға құйып кеткен болатын. «Өйткені тақырып — өнер туындысының ірге тасы. Үйдің қабырғасын салып, төбесін жаппас бұрын ірге тасы қаланатыны секілді, көркем шығарманың туу процесі де тақырыптан басталатыны даусыз»,– деген еді ол кісі өзінің әйгілі «Сөз сарасы» монографиясында. Орыс классиктерінің бірі Валентин Катаев та: «Бәрінен бұрын тақырып пайда болады, пайда болады да, жазушыны азапқа сала бастайды. Тақырып санаға сіңіп, ойға орныққан сайын, адам, зат образдары, болашақ пейзаж жұрнақтары туып, тұтаса береді», –деген екен «Вопросы литературы» журналының 1961 жылғы №9 санына шыққан еңбегінде.

 Суреткер бүкіл ғұмырын сарп етіп өмірдің жұмбақтарына жауап іздейді, шарқ ұрып сол жолда басын тауға да соғады, тасқа да соғады. Адасады, сүрінеді, кейде құлайды. Бәрібір, жарасының орнын сипалап тұрып, есі кірер кірместен баяғы тақырыбын іздеуді жалғастырады. Шын суреткер сол жолда өзінің бүкіл өмірін құрбан етеді. Оның алдында тек бір ғана мақсат. Ол – болашақ туындысының тақырыбы.  Тақырып ойда жоқта басына сақ етіп қона да кетпейді. Талай түндерді ұйқысыз, дөңбекшумен өткізіп, талай күндерде күлкісін күмірә қылмай оңайлықпен бірнәрсеге қол жетпейтіні ақиқат. Өнердің өз ұлы, тума талант қана осындай тозаққа, арпалысқа шыдайды. Иә, қазіргі таңда «шөп те өлең, шөңге де өлең» деп жүргендер аз емес. Олар көп басын қатыра да қоймайды. Шалдыр-шатпағымен біраз жерге барады. Бірақ, шын мәнінде көркем туынды болып, ғасырдан ғасырға жететін  шығарма — шын дарындының ғана қолынан шыққан дүние.

 Жазушы шығармашылық процестің бас кезінде өмірдің әр алуан құбылыстарын зерттейді, тексеруден өткізеді. Бұлардың ішінде ұсағы мен ірісі, маңыздысы мен маңызсызы, күрделісі мен кездейсоғы да болуы мүмкін. Өйткені оның бәрі де болашақ шығарманың өн бойына құйылатын құрылыс материалы іспеттес. Бірақ, осының бәрі суреткер санасында айқын, тайға таңба басқандай сақталмайды. Ең негізгісі ғана санадан орын алады. Себебі, әр суреткер өмір құбылыстарын  тек өз танымы тұрғысынан таниды, соны қабылдайды. Осы орайда Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романының тақырыбының тарихына назар аударып көрейік. Тарихтан белгілі Махамбет ақынның басына байланысты дау-дамай жазушының жанын ауыртқан. Ауыртып қана қоймаған, жандүниесіне, санасына  қылбұрау салып қинаған сыңайлы.  Олай дейтініміз, ХІХ ғасырдағы Кіші Ордадағы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліске қатысты тұлғалар да осы романда  қамтылған. Тарихи шындықтың да беті біршама ашылған. Көп адамдар айтып жүргендей емес, бірақ... Сонымен қатар, ұлтының болашағы үшін  жанын шүберекке түйген ақынның өлімі туралы да тарихи деректер келтіріледі. Өлгенге дейін қудаланып, өлгеннен кейін де тыныштық таба алмаған ақын рухына тағзым ете отырып жазушы осы жерде өзіміз елей бермейтін жерлік тірлікке қатысты көп нәрсенің бетін ашады.

Жаратушының адамзатты о баста барлық мақұлықтан, жанды-жансыз табиғат иелерінен бөлек жаратып, сана дарытып, оған сәйкес мінсіз келбет бергеніне қарамастан, қазіргі таңда табиғат-анаға қанжар сілтейтін, о бастағы жаратушы берген сертті аяққа таптаған нағыз ішмерез топасқа, сатқын, қу дүниенің құлына айналу процесінің жүріп жатқанын жан даусымен бүкіл адамзатқа ескерткісі келеді. Егер, қу құлқынға құл болуды, қарын қамын ойлауды доғармаса адамзат баласына ақырзаманның келіп қалғанын, одан құтылудың жолы жоқ екенін айтады суреткер.

 Шындығында, әке аманатына адал болып, айдаладағы Махамбеттің моласын жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтаған Құрақ қарт пен сол ауылдың әкімі Қарауылдың бір-біріне еш ұқсамайтын, аспан мен жердей айырмашылығы бар мінез-құлқын сол күйінде, асқан шыншылдықпен оқырманның көз алдына алып келеді. Ал, өзі Қазақстанды басқарған Жұмабай Шаяхметов сияқты тұлғаның ұлы бола тұрып, қазіргі қарын құлдарының тілімен айтқанда «мола қопарып, қурап қалған қаңқалардан» сыр іздеп, шежіре аңдаған антрополог-ғалым Ноэль Шаяхметов пен ұлттың жалған жоқшысы болып жүрген профессор Қайып, бастық Ықас пен Баймахандарды қалай салыстыруға болады?!

Есік қорғанына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, адамзат баласының әр кезеңінде тоналған қорғаннан «мен де сендей болғанмын» деген жұмбақ жазуы бар күміс кесе тапқан Ноэльдің ғылым жолындағы жанкештілігі мен оған топырақ шашқан көре алмайтын күншіл қазақ зиялыларының тырбыңдаған тірлігін әшкере ететін пасық қылықтарын аямай түйреген жазушы ғаламдық тақырыпқа қалам тартуымен бірге, оның о бастағы тұнығынан да оқырманды сусындатып отырады. Жер бетіндегі тіршіліктің бір-бірімен көзге көрінбес нәзік жіптермен, рухани сәулелермен байланысып тұрғанын түйсіне отырып, дәл осынау тоғышарлықтар, күншілдік пен пасықтықтан арылмаса, адамзат баласының құрдымға кететін болашағына көз жеткізгендей боласың. Қазақстандағы Есік түбіндегі қорған мен сонау Америка құрлығындағы үндіс тайпаларының тұрғызған қорғаны арасында да байланыс бар екені нақты түрде, дәлелдермен келтірілген.

 Жазушы өзіне бала күнінен етене таныс көтеріліс тарихы, Махамбеттің өлімі, анрополог-ғалым Ноэль Шаяхметов Алматыға әкеткен ақынның басы мен оны іздеген ауылдың қарапайым қара шалы Құрақ қарт туралы материалдарды тереңірек түсініп, осы оқиғаның құпия сырын ашып, ұсағынан ірісін, мәнсізінен мәндісін ажыратып, іріктеп, ең бастыларын тұтастыра келе көркем шығарманың тақырыбына айналдыру мақсатында өте көп еңбектенген.  Тақырыпты жетілдіру мақсатында Рахымжан Отарбаев адамзат тарихына құлаш ұрады. Америка құрлығы мен Еуропаны байланыстырып жатқан бұғазды мұхит суының басып кетуі, сонау сібірге сіңіп кеткен сахалар сияқты Америкадағы майя, перу тайпалары, олардың сақ, ғұн тайпаларымен туыстығы, атлант мұхитының түбінде қалған атлантида құрлығы  жайлы тарихшылардың еңбектеріндегі тосын жаңалықтар, соның бәрін Жер шарының әр тұсына тарыдай болып шашылған ата-бабаларымыз  туралы мәліметке әкеп тірейді. Оның бәрін іріктеп, сұрыптап, қорытып, шындықты ойша жинақтап, шығарма тақырыбын жүйелегені өте күрделі де қызық процесс. 

  Тақырып осылай туады. Бұл жөнінде «Жазушының шындық болмыстан таңдап, талғап алып, өзінің көркем шығармасына негіз, арқау еткен өмір құбылыстарының тобын тақырып дер едік», – дейді ұлы ұстаз, академик Зейнолла Қабдолов.  Суреткер тақырыпты өмір құбылыстарынан ерекше бөліп алғанда, оған өз бағасын беретіні сөзсіз. Ол дегеніміз — жазушының өмірлік идеалы, дүниеге көзқарасы, ұстанымы, принципі. Жазушы өз шығармашылығы  арқылы  өмірге   өзінің  мақсат-мүддесі, талап-тілегі тұрғысынан үн қосады. Яғни, көркем әдебиет қоғамдық пікірді қалыптастырып, оқырманын ойлануға жетелейді. Сөйтіп шығарманың идеясын өмірге әкеледі. Ол үшін Рахымжан Отарбаев жоғарыда аталған романға тапқан тақырыбына идея беру мақсатында  Алматыдағы зиялы орта қадірін білмей, сыйдырмай жіберген Ноэльдің  ұстазы Герасимовке еріп Америкаға барауын, үндіс тайпаларының қорғанына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуін оқиғаға деталь ретінде қосады.  Онда антрополог Есік қорғанынан табылған күміс тостақанның сыңарын табады. Онда да философиялық тұжырымға бергісіз сөз ойып жазылыпты: «сен де мендей боларсың» деген. Екі күміс тостақанды қосқанда «мен де сендей болғанмын, сен де мендей боларсың» деген әйгілі риторикалық нақыш шығады екен.  Бұны жазушының бүкіл адамзат баласына ескертуі деп қабылдаған жөн.

 Сонымен қатар, белгісіз жертөледе қалған Махамбеттің басы, Петербургта қалған хан Кененің басы  мен АҚШ сақтаулы әйгілі үндіс Апачидің басы туралы тарихи шындыққа негізделген әңгіме  қозғай отырып, «Ұлт болашағына, адамзат  келешегіне алаңдайтын ойлы бастардың» тіпті өлгеннен кейін де құндылығы жоғары екенін ел есіне салады. Міне, идея қалай туған десеңізші! Академик Зейнолла Қабдоловша айтар болсақ: «егер тақырып — жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея — жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы дер едік».

Роман қазіргі қоғамды ішінен ірітіп отырған мәселелерге қарсы күрес ашады. О баста тек ізгілік үшін жаратылған адам баласының ібілістің жетегіне еріп, жаратушы жүктеген міндетінен ауытқып, тозақты бетке алып бара жатқанын жазушы жүрегінен қан сорғалап отырып жеткізген. Адам баласының бойындағы бір кесек ет-жүрек әуел баста адамдықтың, адалдықтың мекені еді. Оған қызғаныш пен дүниеқоңыздық дерті енгеннен кейін ол тасқа айналды. Оны қайтадан жаратушы аманат қып бергендей таза қалыпқа ендірмесе, адамзаттың күні қараң! Жер де бір күні өз кіндігінен айналуды тоқтатады. Бәрі шаң-тозаңға айналмақ. Міне, осы адамзаттық мәселеге бей-жай қарай алмаған жазушы қарын құлына айналған кейбір ғалымсымақтардың қоқыр-соқыр тірлігін, шенеуніктердің сауатсыздығы мен таяздығын, дүмбілездігін бетіне басады. «Бас» романы — өте күрделі дүние. Оған теңдес туынды әлем әдебиетінде бірен-саран. 

 

ЖАЗУШЫНЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН ОЙ ӨЗЕГІ

  Жоғарыда айтып өткеніміздей, идея мен тақырыпсыз шығарма болмайды және болуы да мүмкін емес. Тақырып пен идея бірлігі туралы сан ғасырлар бойы ойшылдар айтқан кенеулі пікірлер аз емес.  Он тоғызыншы ғасырда белгілі орыс сыншысы Белинский көркем шығарманың идеясын «оның өн бойында желі тартып жатқан ой мен сезімнің мығым бірлігі»,– деп атап көрсеткен болатын. Осы жерде айта кететін нәрсе — суреткердің туындыны жазар алдындағы шығармашылық толғанысының негізгі түйіні, яғни, ой өзегі.  Онсыз ешбір шығарма жазылмайтыны анық. Өйткені,  жазушының ең басты ұстанымы сонда жатады. Тақырып пен идеяны да өзара жалғастырып тұратын  да сол. Әр шығарманың тақырыбы мен идеясын тұтастырып, дәнекер болып тұрған ой өзегі әр жазушыда әрқалай көрініс табады. Бұл туралы А. Фадеев былай деген болатын: «Ол о баста өзексіз болады. Суреткер санасында қалай болса солай шашылып жатады. Бұл шындықтың әншейін деректері ғана. Осылардың бәрі келе-келе әрбір ойлай білетін, күресе білетін, сүйе білетін, қуана білетін, қайғыра білетін тірі кісі сияқты суреткердің де өз санасында әлдеқашаннан аялап келе жатқан мақсатты пікірлерінің түбегейлі түйіндерімен тоғысып, тұтасады да, ой өзегіне, сол арқылы шығарманың негізгі идеясына айналады».

 Қаламгердің қайсысында болмасын, осынау ой өзегі оның әдеби еңбегінің алтын арқауы тәрізді. Суреткер шығармашылығының кезең-кезеңдерінде әр түрлі ой өзегі жетіліп, іштей пісіп,  ширайтыны сөзсіз. Бұл процесс әр жазушыда әртүрлі қалыптасады. Оноре де Бальзак өз басындағы ой өзегінің пісіп-жетілген кезеңін «қаптаған қалың идеялар астында қалатын шақ» деп суреттеген екен.  Ал, Достоевский «түпсіз тұңғиық ойлар тереңіне батып кететін кез» десе, Лев Толстой «түк жаза алмай, өзекті ойлармен өз-өзінен толықси беретінін» айтқан. Қалай болғанда да жазу үстеліне  «ақ қағаз бен қаламның киесінен қорқып, жазбауға мүмкіндігі қалмағанда ғана» отыратын Рахымжан Отарбаев шығармаларында да осынау ой өзегі түрлі толғаныстың түпкі түйіні болып табылады. Егер жазушыда шығарманы жазар алдында жан жүрегін тіліп өткен, көңілін пәршелеген толғанысқа толы сәттер болмаса, ол туындыда оқырманға айтатын өзекті, көкейкесті мәселе болуы да мүмкін емес.  Ондай шығарма жұртшылықтың жазушы алдына қоятын заңды сауалына да жауап бере алмайтыны кәміл. Ал, мәселені бүйірден қоймаған, көкейтесті сұраққа жауап бере алмайтын туындыны сыншы В. Белинский «өлі шығарма» деген.

Осы айтылғандарға сүйене отырып, шығарманың тақырыбын — сауал, идеясын– соған берілген жауап деуге де әбден болады. Бір сұрақтың бірнеше жауабы болатыны сияқты, бір тақырыптан бірнеше идея туындауы да мүмкін. Кез-келген көркем дүниеде шешімін тапқан идеяның  түп тамыры қаламгердің ұстанымына, өмірге деген көзқарасы мен принциптеріне байланысты болатыны ақиқат. Сондықтан, бір тақырыпқа бірнеше суреткер әр түрлі идея туғызатыны сөзсіз. Сонымен қатар, күрделі эпикалық туындыларда бір емес, бірнеше тақырып, бірнеше идея да болады. Виктор Гюго өзінің атақты пьесасы «Рюи Блаз» туралы былай деген екен: «Рюи Блаздағы» философиялық тақырып – биікке ұмтылған халық, адамдық тақырып — әйелді сүйген еркек, драмалық тақырып — ханымға ғашық малай».  Осы секілді  Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романындағы тарихи тақырып —  Бөкей Ордасындағы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс. Философиялық тақырып — өмірдің өткіншілігі, жалған дүние. Драмалық тақырып — адамзат баласына келген зауал немесе қарынның құлы болған адамзаттың құрдымға беттеуі.

 Шығарманы оқып отырған кезде де әрбір эпизодтың өз тақырыбы, идеясы бар екеніне көзіміз жетеді. Мәселен, Махамбеттің ақсүңке басымен сырласып отырған антрополог Ноэльдің оқу бітіріп келген кездегі биік мұраты мен Талғар беттегі қорғанға жүргізген қазба жұмыстары туралы айтылған эпизодты алайық. Тақырыбы — тоналған тарих, идеясы — сағымға айналған арман. Мәскеуден атақты Герасимовтың шәкірті  деген атаққа ие болып, өзінің бар білімі мен күш-жігерін, саналы ғұмырын халқының тарихын қалпына келтіруге, тарихта аты қалған тұлғалардың мүсінін қалпына келтіріп, халқымен қауыштыруға арнаймын деп серт еткен ғалымның әп дегеннен-ақ тауы шағылып, сағы сынады. Өйткені, белгілі тұлғалардың айтқанын жаттап, солардың толғауы, жыры, шешендік сөздері арқылы ғылыми дәреже иеленген ақбас академиктер мен профессорлардың өз халқының шежіресін тірілтуге деген немқұрайдылығы жас жігіттің жолында алынбас бөгет болып жатып алады. Керенаулар қоғамының бей-жай қалпын серпілтудің мүмкін еместігін сезінген Ноэльдің Мәскеуге кері аттануға шешім қабылдауының өзі де қара тастай ауыр мұң. Оның бер жағында Талғар беттегі тоналған қорған, одан табылған жалғыз жәдігер-күміс тостақанның айналасындағы дауды туғызушы да осы берекеті кеткен, адалдыққа, шындыққа жаны қас ғалымсымақтар.

 Романда сақ қорғанынан тарихи мәні зор, қымбат бұйым тапқан, онда жазылған сына жазудың философиялық мәніне дүниежүзі ғалымдары таңдай қаққан сәттен бастап, антропологты қудалау басталады. Ол да әліптің артын бағып, үнсіз қалатынның сойынан емес. Не де болса, шындықты бетке айтады. Әсіресе, үш би — Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің суретін сомдаған кезде тағы да ағынға қарсы жүзіп, суретшілерді, мүсіншілер мен тарихшы, әдебиетші ғалымдарды өзіне қарсы қойып алады.  Барар жер, басар тауы қалмаған Ноэльдің ұстазы Герасимовқа мұң шағып, рух алатын эпизод бар. Оның тақырыбы — қудалау, идеясы-қызғаныш.

Өзін-өзі таба алмай, айналадағы бойкүйездіктен әбден сандалған шақта дәрігер, әуесқой тарихшы Әлімжан Сақтаевпен кездеседі. Махамбет өлеңдерінің тұнығынан қанып ішіп, тарихының қатпарын оймен шолған Ноэль Шаяхметовке түсінде ақын баба аян береді. Сөйтіп, әлгі ағасына еріп Гурьевке, одан Махамбеттің бейіті жатқан Қаройға келеді. Махамбеттің зиратына шырақшы болып жүрген Құрақ қартпен кездеседі, ақыры, бабаның бас сүйегін Алматыға алып қайтады. Бұл эпизодтың тақырыбы —  Махамбет, идеясы –  жалғыздық.

 Ал, Мәскеу асып, ұстазы Герасимовтың тобымен Америкаға келіп, апачи тайпасының қорғанын қазуға қатысқан Ноэль үндіс жігіт Харлин Джеронимомен кездеседі, өздерінің көшпелі тайпалар екенін, осынау жерге есте жоқ ескі заманда кеп қоныс тепкендерін айтқан үндіс жігітінің беймәлім сағынышы жанына маза таптырмайды.  Антропологтың түсінде апачи тайпасының көсемі болған Джеронимомен кездесуі — мистикалық сипат алғанмен, бұл да біздің халыққа жат сезім емес. Өйткені, ислам діні енгенге дейін қазақ жерінде тәңірі діні үстемдік құрғаны, жалғыз ағашты, бөріні тотем қылып, табыну кезеңі өткені баршаға түсінікті. Тіптен ол әуен халық әндерінде де сипат тапқан, күні бүгінге дейін ақын-жазушылар шығармасында жалғасып келеді. Қазақ халқы — табиғаттың төл перзенті, онымен біте қайнасып, кең сахарадан, жұлдызды аспан мен құм-шағылдардан, өзен–көлдерден тіршілік тынысын тапқан ел. Бұл эпизодтың тақырыбы — туған тарихқа оралу, идеясы – отаншылдық,  сағыныш.

Апачи тайпасы көсемінің, Харлиннің Ноэльге бүйректері бұрып, іштартуына дәлел болғандай, қорғаннан Талғардағы қорғаннан табылған тостақанның сыңары табылады. Және оны басқа ешкім емес, Ноэль табады. Сақ қорғанынан табылған тостақанның сыңары бұл жерде қайдан жүр? Сыртындағы жазуын айтсаңызшы: «Cен де мендей боларсың...». Тағы да — жалғанның өтпелілігі тақырып боп көтеріліп отыр, идеясы — сағымдай арбаған арман.  Сонда шынымен де анау америка құрлығында жерін жаулап алған ақ нәсілділермен алысып, құрып кетудің шегінде тұрған үндіс тайпалары сақтардың бір бұтағы болғаны ма? Жазушы ойы — тым әріде. Жершілдігі, табиғатпен етене жақындығы, салт-дәстүріндегі тотемдік бастаулар, шамандық салт-жоралғылардың өзі де олардың сақтардан тарайтынына куә бола алмай ма?! Қаламгер ойының ауқымдылығы, кеңдігі, білімдарлығы да сезіледі.

Көріп отырғанымыздай, туынды неғұрлым күрделі болған сайын оның тақырыбы да күрделене түседі, идеясы да солай. Алайда осынау романда тақырып пен идея қаншама көп болғанымен, олардың басын қосып, біріктіріп тұрған бәріне ортақ желі бар. Ол – шығармаға арқау болып отырған шындық. Барлық жанама тақырыптар мен идеялар бір-бірін толықтыра келіп, ақыр аяғында өзендердің теңізге, мұхитқа кеп құятыны тәрізді ортақ бір арнада басын біріктіреді. Біз зерттеп отырған «Бас» романының өзекті ойы-рухани құндылықтарды жоғалтқан, бір сөзбен айтқанда «бассыз» қалған қоғам, адамзат баласына құлқыннан төніп тұрған нәубет.

 

ШЫҒАРМАДАҒЫ ӨМІР ШЫНДЫҒЫ

 «Кез-келген тақырыпты бүгінгі күндікі етуге болады. Тек жазушының өзі өз ғасырының биігінде болсын»,– деген екен Константин Паустовский. Рахымжан Отарбаевтың аталмыш туындысындағы сонау сөз болатын сақ заманы, одан кейінгі халық басынан алақұйын заманалар желі, Исатай мен Махамбет өмір сүрген қоғам, тіптен сонау Америка асып кеткен үндіс тайпаларының тарихы бір ғана желімен байланысып, үлкен философиялық ой тастайды. Шындығында, осының өзі біз сөз етіп отырған қаламгердің өз дәуірінің биігінен қарап, ғасырмен үндескендігінің айқын куәсі. Леонид Леонов айтқандай жазушы ұсақтамайды, «дүниедегі ең басты нәрселер туралы ойлауды», ең мәнді, маңызды тақырыптарға ғана қалам тербейді. «Бас» романы — осының дәлелі. Аристотель заманынан бері адам өмірі, белгілі бір тұлға болмаса, өнер туындысының да дүниеге келмейтіні дәлелденген. Ұлы сыншы Виссарион Белинский «ақынның образбен ойлайтынын, оның ақиқатты дәлелдеп жатпайтынын, көзге елестете көрсететінін» айтса, Чернышевский шығарманың «шынайы мазмұны — тек адам өмірі» ғана екенін жазған. «Адам тағдыры — жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі» деген Зейнолла Қабдоловтың сөзінің шынайылығын жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романындағы төмендегі диалогтан тануға болады:

«–Мүсінін қалыптастыруға қанша уақыт сарп еттіңіз,– деп Дәурен титімдей вино тамызды.

– Бас-аяғы бес-алты жыл.

Ноэль темекі тұтатқан. Ой меңдеп, темекі түтінін әуелете ұшырды.

– Ақынның батыл да аңғал көзқарасын, сыртқа теуіп тұрған ызалы күш–жігерін бәрін-бәрін жүз мәрте қайта жасадым. Ақыры аяқтап шықтым. Бәстесем, Махамбет тірлігінде тап сол мен қалыптаған мүсіндей болған. Аллекем жан үрлесе сөйлер еді.

– Сізге келер ұрпақ қарыздар.

– Қайдам. Сенім аз. Тіпті ұлы ақынның бет әлпеті осындай екен-ай, деп таңырқап, тәу еткен кісі көрсемші. Бар шаруа плакат шығарумен бітті. Тиісті орындарға өткізіп ем, ескерткіш салмақ тұрмақ, есте қалатын алақандай да мақала жазылмады.

– Жақын күндері Мәскеуге кетпекшісіз.

– Бас сүйекті кімге қалдырасыз, аға?

– Білмеймін,–деді Ноэль аңтарылып қалған екеуіне қарап. – Құрақ қартқа хат жазып едім, хабар болмады. Ал, Әлімжан аға баһи кешіп кетті. Аяулы жан еді. Өзім апарып Қаройдағы зиратына көмейін десем, алаяқ біреулер ұрлап кете ме деп қорқам. Айқайға аттан қосқысы кеп аңдып жүргендер аз ба? Облыстың баяғы мәдениетті де білімдар басшысы қызметінен кеткен. Орнына келген біреудің түсінігі төмен. «Мола ақтар деген мен емес. Аулақ жүр. Қу бассыз да шаруамыз шаш–етектен»– деп маңына жолатпайды.

– Олары ұят екен.

– Ел емес пе еді?

– Үй-ішім Мәскеуде. Жаңа жоба әзірлеп Герасимов болса кел де кел деп дігірлейді. Енді аялдар жөнім жоқ. Біздің хал осы, достарым. Қараңғы түсті. Салқын дендеді. Қайтайық қалаға».

Осы үзіндідегі Ноэльдің аузымен айтылған шындықты, Махамбеттің басын орнына қайта жерлемек болған антропологты қабылдамай қойған облыс басшысын, хатына жауап бермеген Құрақ қартты, жаңа жобаға шақырған Герасимовты, не істерге білмей ділгірген Ноэльдің жан қиналысын жазушы өзі сезінген, түп-түгел түйсігінен өткізген. Сондықтан да оқырман бұл диалогты қабылдайды, сенеді. Махамбеттің басына қатысты шындықты көркем шығармаға арқау ете отырып, қоғамдағы бойкүйездіктің бетін тіледі. Өзі де осындай немқұрайды шенеуніктердің алдын талай көрген жазушы өзі басынан өткерген ақиқатты өзге бір сипатта, шығармашылық көзқарас арқылы таниды. Әдебиеттегі адам бейнесін жасаудың алғы шарты — ойдан шығару. Бұл дегеніңіз, образға барар жол. Суреткердің өмірде көрген-білгенін ойша өңдеудің, қорытудың, жинақтаудың тәсілі.

Аталмыш романда жазушы қоғамдар мен дәуірлер алмасқанымен, адамдардың көрсоқырлығы, байлық, даңқ, мансап үшін тырбаңдаған тасбақа тірлігі өзгермейтініне оқырман назарын аударады. Мәселен 19-ғасырда Махамбеттің басына тігілген ақша үшін ақын қанын төккен Ықыластар 21-ғасырда да алшаң басып жүр екен. Туындыдағы Ықас — соның айғағы. Ғұлама ғалым атанған профессор Қайып– тонын айналдырып киіп жүрген Қайыпқали сұлтан. Профессор Қайыптың да құр уәдешілдігі, табанының бүрі жоқтығы, шындықтан тайғақтығы есімізге Махамбет пен Исатайға берген уәдесінде тұра алмаған Қайыпқали сұлтанды түсіреді. Ал, тоңмойын, ұр да жық Баймахан ше? Ол — қазіргі заманның Баймағамбет сұлтаны! «Заманға жаман күйлейді,

Замана оны илейді» деп данышпан Абай осыларды айтқан шығар! Ауыл әкімі — Қарауыл да осы ғасырдың  Қарауылқожасы.

 Жазушы қаншама жылдар өткенімен, заман желі бірде оңнан, бірде солдан тұрғанымен адамдардың тоғышарлығы, дүмбілездігі сол қалпында қалатынын қалам ұшына іліктірген. Типтік образ жасаған. Бұның өзі суреткердің іс жүзінде өмір шындығын өз дүние танымы тұрғысынан белгілі бір уақыт пен кеңістікке, әлеуметтік орта мен дәуірге сай талғап-тануы, таңдап іріктеуі және жинақтауы, сол арқылы өзі жасап отырған көркем бейнені сомдауы, тұлғаландыруы, даралауы болып табылады. Ол көркем бейненің құны мен қасиетін өмірдегі жанды дерегіне қарай бейнелейді. Жазушыға типтік образ жасау әрекетінің үстінде керегі — прототип.

Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының бастығы Ықастың түп төркіні — Махамбеттің түбіне жеткен бөлесі Ықылас. Сатқындығы, бастықтардың алдында жағынып, құрдай жорғалағыштығы, дүниеқоңыздығы жағынан алдына жан салмайды. Өзінің күні түсетіндерге жылпостанып жағып, өзінен әлсіздерді жүре тыңдайтын, діні қатты, тілі тәтті тип. «...Ықас орнында екен. Ноэль өзінің жұмыс жоспарын, алда атқарылар істерді көзінен тізіп шыққан. Бастық алдымен бас шайқады, сосын жайма-шуақ күлді. Күлгенде креслоға әрең сиып отырған қарны қоса селкілдеп, өзінен кейін де күліп жатты.

– Ноэль, қалқам,– деген сосын тәттілеп қана. – Сіз талантты жас ғалымсыз. Алдыңызда үлкен болашақ күтіп тұр. Тіпті қарамағыма жұмысқа да алар ем. Әттең, біздің мекеме тек жер бетінде құламай қалқиып тұрған ескерткіштерге ғана ие. Оның да мемлекеттік маңызы бар ма, жоқ па соны анықтайды. Тым көне, осы қажет-ау дегендерін есепке алып, бюджеттен бөлінген ақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ал, оның астында көрде кім жатыр, тірлігінде не бүлдірді онда біздің шаруамыз жоқ. Бәлкім, исі қазаққа жақсылығы өткен біреу шығар. Кім біліпті? Айттым ғой, көмектесер ем, қолым қысқа деп.

Қайтып тіл қатпады. Креслоға бірде сиып, бірде батпай тұрған күлегеш қарынға тістене қарап сәл тұрды да есікті сарт жапқан» –  осы үзіндіден оқып отырғанымыздай, сұйық жүрісті жылмақай Ықас өткен ғасырда Махамбеттің басына тігілген ақшаға бола ақынның түбіне жеткен Ықылас сұмның заңды жалғасы. Махамбеттер өлгенмен, Ықыластар әлі тірі екен... Осындағы «тәттілеп қана» сөз айтқан, мүләйімсіген Ықастың «күлегеш қарны» сол образды ашып тұр. Оның ешнәрсені шешпейтін, адам баласына жақсылық жасамайтын, тек қара басының қамын күйттейтін сорлылығы шеберлікпен кестеленген.

Ал, Халықаралық «Бәйтерек» қоры ақынның басын тапқан адамға миллион доллар беретіні жайлы хабарландыруды оқығаннан кейінгі күйін көрсеңіз! «Махамбеттің мүсініне конкурс және жоғалған басына тігілген ақша көлемі жарияланған газетті оқысымен Ықас байыз тауып отыра алмады. Алдымен кадр бастығы Зиягүлді шақырып алды.

– Тағы да айтам, – деді алдындағы столды жуан жұдырығымен ұрып. Стол үстінде тұрған қағаз, қалам екі-үш секіріп басылды. – Дәурен деген қарауыл болған баланың дерегін тап деп. Бар ма, бірдеңе?

 Қағаз, қалам секірді деп шоши қойған қаншырдай қатқан қара келіншек жоқ. Қайта көзі шатынап, басын оқ жыландай көтеріп алып бастықтың өзіне шаңқылдасын.

– Кезінде қу, көзін жоғалт! – деген өзіңіз. Жұмысқа бұйрықпен алынған жоқ. Оның орнына еңбек стажы үзілмесін деп Қашқария Қаюмовнаны тіркеттіңіз. Сіздің айқайыңыздан жүрегіміз жарылып өлетін болдық қой, ойбай!

Ықастың есіне кезінде өзі жасаған қисынсыздығы түсіп, креслоға кептеліп қалған қарнын әрең босатып, қатқан қара келіншекке графиннен су құйып ұсынды»,– міне, бұл – ақша үшін жанұшырған алаяқ Ықастың шын бейнесі.  «Қай жерден қандай пайда тапсам екен деп» арын тиынға сатқанның нақ өзі екенін жазушы аямай сын найзасымен түйрейді. Оның саудагер келіншегі Қашқария – нағыз «апама жездем сайдың» өзі. Францияға барып, маусымдық сәннен қалған шүберектерді арзан бағаға көтеріп әкеліп, «дәндеген қарсақ құлағымен ін қазардың» кебін келтіріп жүрген ол ақынның басын  тапқан адамға берілетін миллион долларды естісімен  Алматыға дереу жетеді. Бұл ақша жолында ардан безгендер жалғыз қыздары Айымның тағдырын да саудаға салудан тайынатын түрлері жоқ. Олар үшін дүние, мүлік пен байлық, лауазым ғана құнды. Адамның адамгершілігіне қарап емес, киген киіміне, қызметі мен мансабына, байлығына қарап бағалайтындар. Сырттары жылтырап тұрғанымен іштерінен іріп–шіріп жатқан типтер. Ішмерездік пен бақай есеп – олардың айнымас серіктері. Мәселен, Қашқария елдің көзінше басқаша сөйлегенімен, күйеуімен оңаша қалғанда оның олқылықтары мен ақымақтығын бетіне басады. Тіптен, бұл сырты жылтыраған әдемі келіншек күйеуін менсінбейді. Оған Ықастың лауазымы мен атағы ғана керек. Адам ретінде күйеуінің ол үшін бес тиындық құны жоқ. Жазушы осы жерде сатираны орынды қолданады. Мещандық көзқарастағы екіжүзді Ықас пен Қашқарияны жеріне жеткізе улы сынның нысанасына алады. Олардың әр адымын мысқылмен бақылап отырғандай. Қоғамды ірітіп, әлі бағытын айқындамаған жастарға тоғышарлық індетін жұқтырып отырған бұндай айлакер зиялысымақтарды жазушы аямастан әшкерелейді.

Бұдан әрі Махамбеттің басын орнына қайта жерлеуді айтып Мәдениет министріне барған Ноэльді ол Академияның тарих және этнология институтының директоры Баймаханға жұмсайды. Ақжемделіп қалған тері дорбасына салған ақынның басын арқалаған Ноэльді көрген Баймахан: «Әй, Ноэль,–деді даусын көтеріп, қалың қасы дүрдиіп.– Сен де бір жабысқан жерден жан шығаратын неме екенсің. Мана мен де министрге телефон шалғам: «Біз таза тарихи мәселелермен айналысамыз. Шаяхметов бұл өтінішпен тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамына барғаны жөн. Басшысы — Ықас. Өте парасатты, бастың қадіріне одан артық жететін кісі жоқ»,– дегем. –Министріміз жаңадан тағайындалғанмен жан-жақты саясаткер адам ғой. Бірден түсініп келісімін берді. Бара ғой, айналайын! Айтпақшы, көш көлікті болсын!» – деген сөздермен қарсы алады.

Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тарихынан докторлық қорғаған, аспиранттарына да сол тақырыптан  ғылыми диссертация қорғатып жүрген Баймахан ақын басын алып, сақтаудан ат-тонын ала қашады. Өйткені, ақынның қу басынан оған келіп-кетер пайда жоқ. Ең алдымен алдына келген адамнан қандай пайда көретінін есептеп жүретін Баймахан қу басты қайтеді?! «Ер көрмеймін деген адамды үш рет көреді» дегендей, Ноэль ақынның өзіне аманатталған басы үшін «Күлегеш қарынның иесі –Ықастың» алдына қайта барады. Жылпылдап, қолда тұрмайтын балықтай ол да мәселені түлкібұлаңға салады. Сол екі ортада кіріп, өлеңін оқыған ақын Мақатай Махамбеттердің сарқыты әлі бар екенін өз өлеңімен дәлелдеген іспетті. Мақатай кетісімен есікті еппен ашып кірген Қайып та ақынның басынан қаралай үркеді. «Жо-жоқ, – деді профессор дегенінен қайтпай. – Бұл сол тұрған, сақталған жерін бүлдіріп кетуі мүмкін. Қиратқыш, бұзақы күш қой»,– әдебиет және өнер институтының директоры, профессор Қайыптың бұл сөзі қаптаған шенеуніктің ақынның басынан неге қашып жүргенін анықтай түседі. Олар Махамбеттен, Махамбет сынды рухты өнер иелерінен өлердей қорқады екен! Сөйте тұра өнерді,  өлеңді пайдаланып атақ алуға, шен-шекпен иеленуге келгенде алдарына жан салмайды.

Қайыптың келіншегі Дүрияның да күйеуінің лауазымы арқасында үріп ішіп, шайқап төгіп жүрген, саяз, тоғышар жан екені Махамбеттің басына миллион ақша тігілген сәттен бастап жарқырай көрінеді. Әшейінде Махамбетті айтқанда тіксініп қалатын ол рудан қуып Махамбеттің қарындасымын деуге дейін барады. Жазушы бұл жерде үш жүздің басын біріктірудің орнына үш жаққа тартып жүрген рушылдық көзқарасқа қатты соққы берген. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» дегендей, қазақты бірлікке шақырудың орнына, өздерінің құлқындарының қамы үшін руға бөліп, ыдыратуға тырысып жүргендер аз емес. Суреткер Дүрия арқылы осындай былық-шылықтардың бетін ашады. Қайып пен Дүрияның арасындағы қарым-қатынастың да астарындағы келеңсіздік ащы мысқыл, кекесін арқылы нақышталады. Оларды да біріктіріп тұрған махаббат емес, қара бастың пайдасы мен бақай есеп. Бұл жағынан алғанда Ықас пен Қашқария, Қайып пен Дүрия – бір-біріне қатты ұқсайтын адамдар. Алайда, бір-бірін есеппен сыйлайтын олар сәтте өзгеріп шыға келеді. Өздерінің шынмәніндегі  бет-бейнесін көрсетіп алады.

 Ақынның басын қайда қалдырарын білмей, елдің игі жақсыларынан көңілі қалып тұрған Ноэльді осы жерде жас жігіт Дәурен құтқарады. Оны жазушы былай суреттеген: «Енді не істедік дегендей Ықас пен Ноэль бір-біріне сұраулы жүзбен қарасып қалған. Есік қағылып ішке ұзын бойлы, қоңырқай жүзді, мөлттей қара көздерін мұң кептеген Дәурен кірді. Қысылып аз тұрды да:  – Аға, – деді Ықасқа назар тіктеп. – Кешіріңіз. Жастайымнан өлеңіне де, өзіне де табынып өсіп ем... Ақынның басын маған қиыңыздар. Аманаттап беріңіздер. Ғұмыр бойы шаң қондырмай өтер ем...

 Ықас орнынан атып кетті. – Әне, – деді өлердей қуанып. – Біздің болашағымыз қандай кемел! Ағаларының өкшесін басып, егемен еліміздің жас жеткіншектері желкілдеп өсіп келеді.

 Мұны күтпеген Ноэль Дәуренге таңдана қарап біраз тұрды. Сосын басты ақ матаға әдемілеп ораған қалпы қолына ұстата берді. – Ендеше саған аманат, бауырым!

– Дәурен, қарағым, атаңның басы желеп-жебеп жүрсін. Жын-шайтаннан аулақ боласың, – десін қаралай жабысқалы тұрған пәледен аяқ асты құтылғанына қуанған Ықас асып-сасып»,– ақынның басының жоқтаушысы табылды. Ол – жас ұрпақ өкілі Дәурен. Махамбет ақын мәңгілікке дамылдаған Қаройда өскен Дәурен арман қуып, Алматыға келген екен. Алайда, оқуға түсе алмай, Ықас басқарып отырған мекемеге күзетші болып қызметке орналасыпты. Ноэльдің дағдарған түрін көрген соң тәуекелге бел буады. Өзі орыс қарты мен кемпірінің жертөлесін жалдап тұратын ол сол жерге ақынның басын апарады. Жазушы бұл деталь арқылы бүкіл шығарманың өн бойына тартылған сюжет желісіне одан сайын шиыршық аттыратын шиеленіс үстейді. Қолында билігі де, қаржысы да бар, сөзі өтетін, атағы дардай лауазым иелерінің жасай алмаған ерлігі осы өндірдей жас жігіттің қолынан келеді. Ақын басының киесін түсінуге өрелері жетпей, орташа деңгейде ғана ойлауға дағдыланып алған шенеуніктер ақынның басын допқа айналдырған сәтте сахнаға шыққан Дәурен жас ұрпақтың, болашақ ғасыр жастарының ақынды іздейтінін, ақынды бағалайтынын ұқтырғандай. Иә, адамдардың бәрінің жүрегі тасқа айналып кетпеген екен, оған да шүкір!

Дәурен жалғыз емес. Ықастың жалғыз қызы Айым Махамбет поэзиясын зерттеп, кандидаттық диссертациясын қорғамақ еді. Алайда, өзінің ғылыми жетекшісі Қайыптың, өз әке-шешсінің, өздері құдайдай көретін лауазым иелерінің, білдей ғалымдардың шынайы бет-бейнесін көріп, ғылыми жұмысынан бас тартады. Өйткені, жоғарыдағы айтқан жалған ғалымсымақтардың өмірі ол үшін жиіркенішті. Суреткер бұл жерде  асқан шеберлікпен Ықас пен Қашқарияға туған қыздары Айымды қарсы қояды.  Иә, молшылыққа малынып, ен дәулеттің ортасында өскенімен көзін шел баспаған, ақылын дүниеқоңыздықтың шаңы тұмандатпаған үр қызындай нәзік те көркем Айым. Ақылына көркі, білімі, дүниетанымы сай ол өзі сияқты зиялы қауым өкілінің ұлын іздемейді. Керісінше, ауылдан келген, өн бойынан тазалық пен еркіндік лебі есіп тұрған Дәуренмен пікірлес болып, сөздері жарасады. Алайда, екеуі де өте ілтипатты, кішіпейіл, инабатты, мәдениетті болғандықтан, бір көргеннен ғашық болу сияқты ессіз сезімге бой алдырмайды. Қайта, лықсып келген асау сезімді ақылға жеңдіріп, бір-бірін алғашқыда Махамбет ақын үшін, ақынның басы үшін іздейді, сол идея үшін бірігеді.

Дәурен мен Айым – көрсеқызарлықтан ауылы алыс қонған, нағыз иманды, қазақы тіл мен ділді тең ұстаған парасатты жастар. Олардың мақсаты — ақша, байлық емес, ұлттың мұрасы саналған ақынның басын жоқтаушысымен, елімен қауыштыру. Бұл да –жазушы мынау он сегіз мың ғаламда әрдайым тек жақсылықтың ғана салтанат құратынын дәлелдеу үшін қолданған деталь. Өте ұтымды да сәтті шыққан.

 Жазушы шеберлікпен сомдаған тағы бір бейне-ауыл әкімі Қарауыл. Бұл да жоғарыда айтып өткендей, типтік образ. Оның да есіл дерті — билік, мансап, ақша. Көкейін тесіп бара жатқан қу құлқынның қамы үшін қандай да әрекетке бара алатынын көрсете отырып, оның мінез-құлқын іс арқылы дәлелдейді. Тіптен ауылдың пошташысына ауылдан шыққан хат-хабарларды сүзгі-цензурадан өткізуді тапсырып қойған. Үстінен шағым жазған ауылдастарының ауданға, облысқа, республикаға жазған арыздары ұсталып, өртеліп отырады. Сондай-ақ ауылға келген хат-хабарларды да жолшыбай оқып, өзіне зарары тимейтін хат-хабарды ғана иесіне тапсырады. Басқасын құйрығының астына басып қалады. Жиырма бірінші ғасырға аяқ басқан шақта осыншама аярлық пен топастық арқылы ел тізгініне жабысқан атқамінерлер бар екені жасырын емес. Жазушы Қарауыл арқылы осындай шенеуніктерді мінеп-шенейді, әшкерелейді.

«Ауыл әкімі Қарауыл таң атқалы үйірсіз айғырдай азынап, елдің зықысын алып бітті:

– Табыңдар, Құрақ қартты! Жердің астына түсіп кетсе де табыңдар! – деп еденді солқылдата тепкенде есік көзінде қағаз басып отырған түймедей қыз ұшып-ұшып кете жаздайды.

… Күн екіндіге таянғанда Құрақ пен жергілікті оппозиционер Иса әкім кеңсесіне беттеді деген хабар Қарауылға да жеткен. Шапалай басып олардың алдын орап кеп кабинетіне жайғаса қалды.

Артынша Құрақ пен иегіне оншақты тал қыл-қыбыр біткен жергілікті оппозиционер Иса көрінді.

– «Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша» дегеннің кері келді,– деп ауыл әкімі әңгімені қиыс бастады. – Бізді басып озып, біз емес-ау, аудан, облыс әкімін кәперіңізге алмай, Астанаға төтелей хат жазатынды шығарыпсыз» – бұл – Құрақ қарт Махамбеттің басын іздеп Халықаралық қорға арыз жазғаннан кейін әкім Қарауылдың кабинетінде болған әңгімеден үзінді. Осыдан-ақ әкімнің еш адамды менсінбей, өзінше шікірейіп, шекеден қарап, тәкаппар қалыппен астам сөйлейтінін байқауға болады. Құрақ қарт пен Қарауылдың диалогы түгелімен уытты юморға құрылған. Сонымен қатар, жазушы ауыл адамдарының өмірін бес саусағындай білетіні де көрініп тұр. Ауыл қарттарының сөйлеу мәнері, жергілікті диалектика да суреткер назарынан тыс қалмаған. « –Шырағым, қолда өскен баласың, мұқатпай сөйле,– деді Құрақ қарт сабыр сақтап. – Менің ала алмай жүрген ұзында-өшім, қысқада-кегім жоқ. Атамның басы қайтадан қабіріне жерленуі керек.

– Оны алматылық ғалымдар бізге бере ме? Әлдеқашан алтынмен аптап, күміспен қаптап бір жерге қойған шығар?

–Алтынмен аптауын...Қараусыз әр жерде қалды деп естимін. Жоғалып кетіпті.

–Ит өлген жерге сіңір создырып баратын қаражат қайда ақсақал-ау,–деп әкім алақанын жайды. – Ақша жоқ. Бюджет тамызып қана береді. Бас іздеңдер деп ақша бөлмейді. Оны өзіңіз де жақсы білесіз.

 Бұлардың текетіресін телефон қоңырауы бөлді.

– Әле, Мәмеке, әле, ассалаумағалейкөм. Сіз екеніңізді түскен қоңырауыңыздан-ақ танимын ғой,– деп азынап тұрған әкімнің көзі жыпылықтап, беті күлмеңдеп кетті»,– бұдан біз Қарауылдың атына заты сай нағыз екіжүзді, айлакер екенін байқаймыз. Ол ауыл әкімі болып, қол астындағы ауыл тұрғындарына еш жаны ашымайды, бюджеттен бөлінген ақшаны көмейіне, одан қалса сыбайластарымен бөлісіп, қағып салып отырған жемқор. Ол қарапайым ауыл адамдарын менсінбейді, көзіне де ілмейді. Оларға паңданып, көкірегін көтереді. Ал, өзінен мықтының алдында түлкі құсап құйрығын бұлғаңдатады. Оны жоғарыда келтірілген мысадан байқауға болады. Дәл осы жерде Құрақ қарт адамдар әр жерден келіп тәу етіп, зиярат жасайтын Мұрат Мөңкеұлы, Малайсары, Дәрі мен Қара, Итемген зираттарына белгі орнатып, жаңарту керектігін айтады. Қарауылдың оған да сылтауы дайын: «– Ақсақал, мұсылман дәстүрінде зират жаңартады дегенді естігеніңіз бар ма? «Құран кәрімде» жазылып па екен? Шариғат қоспайды»,– деп құтылады. Осы кезде есік алдында ауыл оппозиционері Иса әкімге кіру үшін есік алдындағы хатшы қызбен, әкімнің балдызы болып келетін шопырмен жағаласып, айғай шығарады.

«Өй, сен оппозициямын деп өйтіп талтаңдай берме. Ортақ тәртіп бар, заң, зәкөн бар. Еліруін мұның!

– Дұрыс, – деді Иса сұқ саусағымен қарауылдың көзін шұқып алардай боп. – Тәртіп ортақ. Талап бірдей. Бюджеттен ақша қаралды, ендеше ауылымызға неге газ жүрмейді? Құдықтың құрттап кеткен суын ішіп жұрт безер болды. Әр үйге су құбыры неге тартылмайды? Ал, әлгі ортақ тәртіп қайда, қане, көрсет көзіме?!

– Өй, аузыңнан айналайын! – деп қалды Құрақ қарт тағы да Алаштың ала туының астына тұрып жатып.

– Өй, сіз де бір,–деп әкім кабинетінен шығып кете қоймаған қартқа кіжінді. – Өңшең кежір.

– Тарт тіліңді!– деп Иса әкіммен тіпті кеуделесіп қалды. Алақандай елді алалайсың. Шопыр ғып балдызыңды алдың. Хатшың — құдашаң. Бухгалтерің — көңілдесің. Көршің...»,– оппозиционер Иса шырқыраған шындықты айтып тұр. Халықтың қамын жеген Исаны өткен ғасырдағы Исатай Таймановтың бүгінгі ізбасары деуге әбден болады. Жоғарыда атап өткен жағымсыз образдармен қатар, елдің түкпір-түкпірінде елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын талай Исалардың бар екенін ишарамен меңзеп тұрғаны кәміл. Яғни, Иса да — типтік бейне.

  «Бас» романының композициялық құрылысы өте күрделі екенін алдыңғы еңбектерімізде ескерткен болатынбыз. Кең тынысты, полифониялы шығарма. Осындағы ең бір айтуға тұрарлық образ — Халықаралық «Бәйтерек» қорының төрағасы  Нұри Өтенұлы.

Алыс ауылдан Махамбеттің басын жоқтап хат жазған Құрақ қарттың өтінішін аяқ асты етпей, қазақтың таудай тұлғалы наркескен ұлының басын іздеуге білек сыбанып кіріседі. Міне, осы кезден бастап, әділеттілік сөз алады. Мәдениет министрін алдына шақырып алып, Махамбеттің жоғалған басын табуға тапсырма береді. Ақырында, өлеңі түгіл ақынның кім екенін білмейтін топас министр орнынан кетеді. Оның орнына жас та болса іскер Мұхас Аббасұлы тағайындалады.  Алыстан ойлайтын парасатты төраға қала әкімі Имаш пен жаңа министр Мұхас Аббасұлына Құрақ қарттың оқушы дәптеріне жазған хатын оқытады. 

«Екеуі хатты алма-кезек оқысты. Төраға үнсіз көз астынан байқатпай бақты да отырды. Мұхас ашу кернеп нарттай қызарды. Бірдеңе айтқысы кеп тамағы бүлкілдеді. Имаштың өңі сұрланып, тісін қайрап, қайта–қайта бас шайқаумен болды.

– Жағдай осы, жігіттер, – деді төраға орнынан көтеріліп, терезе алдына барғасын. – Әлі күнге арыс дейміз, ақтаңдақ дейміз. Бар тірлік кітап шығарудан аспай жатыр. Шетел мұрағаттарында жүздеген, мыңдаған құнды құжаттар бар. Кім оларды елімізге қайтарып, рухани айналысқа салмақ? Қашанғы шырылдай беруге болады? Әл-Фарабиіміз айдалада қалды. Бейбарыс Дамаскіде жатыр. Жалаңтөс баһадүрден айырылдық. Шәкәрімнің сүйегін алпыс жылдан соң құдықтан жіліктеп теріп алдық. Мұстафа Шоқай болса жат топырақта. Сырым мен Қаратауды ұмытуға айналдық. Енді қолымызда тұрған Махамбеттің басын жоғалту. Мен мұндай сұмдықты естіген емеспін...

 Төраға қызбаланып, әбден кіжінді.

– Екеуіңе өтінішім ортақ. Имаш, сен — Алматының әкімісің. Білмейтін қуыс-мүйісің жоқ. Бәрі көз алдыңда. Мұхас, сен де – сондай сұңғыланың бірісің. Қайткен күнде де жоғалған басты табу керек. Түсінікті ме, қайткен күнде де!.. Сосын Алматының әсем көшесінің біріне Махамбеттің ескерткішін қояйық. Батырлығы мен ақындығы көрер көзді сүйсіндіретіндей етіп құйылсын. Эскизін өзім бекітемін. Ақшасын да өзім көтерем. Жолдарың болсын!

 Министр мен әкім төрағаның алдынан тау арқалап шыққандай көңіл күйде еді...» – бұл үзіндіден оқырман Төрағаның нақты бір шешімге келгенін аңғарады. Төраға Нұри Өтенұлы – қазақ десе жүрегін де суырып беруге әзір, ұлтжанды, білімді де білікті, сөзі мен ісі бір жерден шығатын тұлға. Автор кейіпкердің жақсы қасиеттерін құр сөзбен емес, іспен дәлелдейді. Түн ұйқысын төрт бөліп, Махамбеттің басын табу үшін қолындағы қаржыны да аямаған Төрағаның образы да – типтік образ. Шындығында, елім деп еңірейтін, қазақтың тілі мен ділі үшін, кешесі мен бүгіні, ертеңі үшін алаңдайтын азаматтар аз ба? Нұри Өтенович, министр Мұхас Аббасұлы, қала әкімі Имаш — ұлттың өткеніндегі өкініші мен өксікті жайларды ұмытпайтын, елдің келешегіне алаңдайтын, болашақ ұрпақтың ертеңгі қамы үшін қайғы жамайтын нағыз патриоттар. Құдайға тәубе, қазақ бірыңғай дүниеқоңыз дүмшеге айналып кете қоймапты. Ел ішінде рухани мұраны материалдық игіліктен жоғары қоятын жандар да бар екен. Бар тіршілікті ішіп-жеу, мен ақша, дүние жинау деп түсінетіндерге қарама–қайшы ойлайтын адамдардың болғаны қандай жақсы?! Жер бетінде кемді күнгі итшілеп күн көрген күйкі тұрмыс пен думанды дырдудан биік тұратын мәселелер де бар.  Ол – рухани мұра! Жазушы оқырманды осыған жетелейді. Аталмыш жағымды образдардың да прототиптері бар екені сөзсіз. Расында прототип – реалистік шығармалардағы көркем бейнелерді нанымды етудің, шындықты шынайылаудың құралы.

 Сондықтан да қыл қалам шеберлері мен сөз зергерлері өздері өнерде сомдамақ болған типтерге өмірден әдейілеп прототип іздегені тарихтан мәлім. Мысалы, Леонардо да Винчи Иуданың прототипін іздеп Францияның төрт бұрышын түгел кезген. Ал Ибсен прототип суретшіге қандай керек болса, драматургке де сондай керек екенін айтады. Лесков та көркем шығарма жазбас бұрын өзінің әрқашан «жан дүниесімен көз тартып, көңіл ұйытар тірі кісілер» іздеп жүретінін айтыпты. Алайда бұған қарап, әр жазушының шыншыл өнерінен туған әр типтің өмірде әрқашан да нақты прототипі болуы керек десек, қателескеніміз болар еді. Суреткер бір ғана модельмен қанағаттанбайды, бір типті бірнеше прототиптен жинақтауы да мүмкін. Ол үшін суреткерге талғампаздық керек.

 Өзіміз зерттеп отырған романға келсек, жазушы кейіпкерлерінің бір-біріне ұқсамауы үшін әр қаһарманның өзінше өмір сүруіне «жағдай жасап берген». Сөзі, мінезі, пішіні, ой-әрекеті тек өзіне ғана тән дара-дара адамдар көбейгендіктен, кітаптың мазмұны тереңдеп, ондағы психо – эмоциялық тартыс күшейген, философиялық тұжырым иірімдері өзіне тартып, батырып әкетеді.    

 

МИФТІК — ФОЛЬКЛОРЛЫҚ САРЫН

Қазіргі әдебиеттегі көркемдік ізденістер мен жетістіктерді саралағанда миф дүниесіне қайталай назар салуға тура келетіні шындық. Өзіміз жиі сөз ететін метафоралардың көркемдік қызметінің астарында да осы мифтік сананың елесі бар екені сан мәрте айтылған.

Мифтік құбылушылық оқиғасын тікелей арқау еткен шығарманың бірі – Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы. Бұл романдағы кейбір бөлімдердің оқиғасына арқау болған «адамның өзі өлгенімен, оның жаны өлмейтіні» туралы мифтік әңгіме. Ел аузындағы бұл әңгімеде өлген адамның жаны бірде қасқырға, бірде түлкіге, енді бірде бәйтереккке, жапан даладағы жалғыз ағашқа, үкіге айналады-мыс. Кейде ел арасындағы қарапайым жігіт немесе қыз байлық іздеп жүріп, оларды сиқыршылар дуалап жандарын көшіреді-мыс деп те айтылады. Олардың жанын самұрық құс, ыста тас және басқа да тотемдік нәрселер арқылы қайтадан өзіне оралтып, бағзы бейнесін қалпына келтіреді екен. Мифтік сана үшін «қарғыстың, дуаның тиетін уақыты», яғни магиясы жайлы да ұғым бар. Сондай-ақ, мифтік дәуірдегі таным-түсінікке орай құбылушылық, яғни, бір түрден екінші түрге айналу белгілі бір себептерге байланысты орын алатыны белгілі. Адамның табиғаттағы кез-келген тіршілік иесіне немесе өсімдікке, ағашқа, басқа да нысандардың біріне айнала алады деген түсініктің түп негізі адам мен табиғат егіз деген түсініктен туған.

 Осындай мифтік сана жемісі шығармашылық ойлау жүйесінен де маңызды орын алып, белгілі мақсатта көркемдік қызмет атқарып келе жатқаны баршаға аян. Мифтік құбылушылық оқиғасы кей шығармаларда сол қалпымен қалса, кей туындыларда бұл ұғымның елесі ғана көрініп, басқадай көркемдік мақсаттар, бейнелі ойлар тұспалданады. Мәселен, романның бас кейіпкері антрополог Ноэль Шаяхметов жол таппай жүргенде ғайыптан пайда болған жебеушідей көрінген дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Әлімжан Сақтаевпен екеуінің арасындағы Махамбет туралы әңгімеден кейін көрген түсін алайық.

 «Сол түні түнімен Махамбет түсіне кіріп, дөңбекшітіп, ұйқы берсінші. Қобда жеріндегі қақтығыс екен дейді.

… Махамбет ақбозына қайта қоныпты. Қазір оны да оққа байлар. Қаптаған казактардың үстінен ақ боран жауып кеткені несі? Көздерін бітеп, ауыздарына кептеліп жатыр. Е, Махамбет қой, астындағы көпшігін қанжарымен жарып жіберген. Қоға басы бұрқылдақ екен ақ боран дегені. Ат сүрінген жерде ақыл тапқан қайран ақын-ай!

Жалаңдаған үш мың ләшкерін бастап Қайыпқали сұлтан Ақбұлақ бойына қарай дүркірей қашып барады. Ұрысқа неге түспеді?

– Маған Бұхар беттің хандығы аздық етпес. Исатай иманды болсын! Мен кеттім. Елге сәлем де! – деп дауыстайды.

– Қайыпқали, нағыз ит екенсің! Сенің сәлеміңе зәру ел қалды ма? Тірі жүрсем осы сатқындығыңды алдыңа бір келтірермін! Махамбеттің құландай ащы дауысы құлақты жарып барады...»

Рахымжан Отарбаевтың романынан алынған бұл жолдарындағы мифтік құбылушылықты аңғартатын — антрополог-ғалымның түс көруі. Қазақ ұғымында түс көру– жазушы қиялының жемісі ғана емес, табиғатқа деген шексіз ынтызарлық пен сүйіспеншіліктің, табиғат пен адам қиялының және он сегіз мың ғаламның біртұтастығы. Мифті зерттеушілер қазақтың тектік танымында түстің орны айрықша екенін атап көрсете отырып, мифологияда түсте көрген оқиға  — үш кеңістікте, жерде, өңде және түсте дамитынын айтады. Сондықтан да түс – мифтік медиатор деуге  әбден болады. Түс көру арқылы жорамал жасау Рахымжан шығармашылығынан ерекше орын алатынына оның хикаяттары мен әңгімелері де дәлел. Сондай-ақ, шын мәнінде болған оқиғаны түсінде көріп, шындыққа көз жеткізу – оның прозасында тұрақты түрде орын алады.

  Фрейд түсті бейсанаға апаратын “патша жолы” деп есептеген. Алғашқы үрдіске жататын түс көру механизмдері (алмастыру, қоюландыру, символдау) бейсананың басқа да көріністерінде (қате әрекеттер, қате сөздер, қате жазулар, қате оқулар) табылады, олардың қызметтері мен құрылымдары тең келеді. Түс  дау-дамайды, үрейді барынша көрсететін жанның табиғи тілі. Мәселен, түнгі сағат 22-ден таңға дейін әр қайсысы 20 минуттық, жалпы ұзақтығы – 90-120 минуттық 3 – 4 түс көрмейтін адам болмайды. Біздің меннің әрбір бөлігі өзінің түсін көреді, бір бөлігі көріп жатса, басқа бөлігі бақылап жатады. Терең ұйқы кезінде сирек, қысқа көріністер бола-ды. Түстер қысқа және ұзақ болады, олар бекер көрінбейді, олар жоруды керексініп тұрады. Олар неге түсініксіз? Бұл үрей мен проблеманы барынша бүркемелеу. Түс – бұл дау-дамай мен үрейдің, қорқыныштың айғағы. Цензура мен ұждан күші елігулерді жасырып, түстің мән-мағынасын шиеленістіреді. Адамдардың 15% «түс көрмейді», көрген түсін есте сақтамайды, 15% күнде түс көреді, 70% – орташа. Аян беретін түстер – 10%-психологиялық өңдеу материалы. Аудиовизуалды түстер – 80%. Таза кинестетикалық түстер – 1%. Қазақстандық зерттеушілердің алдында өткен ғасырда Зигмунд Фрейдтің өзі қойған ұлттық, діни, тарихи және географиялық факторларды ескере тұра түсті жору проблемасы тұрады. Символдар жалпы адамзаттық болады ма? Неше түрлі менталитетті адамдардың бейсаналық символдарының арасында шек бар ма? (Мысалы, Фрейд бойынша жылан – жыныстық елігудің символы болса, орыстарда – даналық символы, ал қазақи түс жоруда – дұшпан символы болады). Бұл айтқанымыздың бәрі — түстің ғылыми, биологиялық  жағы.

  Ал, біз түстің мифпен байланысын зерттеуіміз қажет. Осы арада тағы да романнан үзінді алып көрейік: «Ақ жеңіліп, қызыл іңір құшағын еркін жайған шақта шаршап үйіне жеткен. Келе шешінбестен кереуетіне құлаған. Кірпігі қамаса бастаған екен дейді.

– Ой арқалап болдың ба балам?

– Шыдармын, – деген бұл ұйқылы-ояу.

– Оқиғаның жалғасын өзгеден емес, өзімнен тыңда, – деді жақ сүйек сақ-сақ қозғалысқа еніп.

– Құлағым сізде, Маха.

– Ертелетіп жеткен оншақты аттылы бөлем Ықылас екен»,– деп бастап, Махамбеттің қалай қаза болғаны өз аузынан баяндалады.

«...Желке тұсымнан Ықылас қылыш сермеген. Типанның қарғысы, ұлым Нұрсұлтанның шырқыраған даусы... Арғы жағы бұлдыр-бұлдыр бір елес... Қызыл қанға боялып күн батып бара жатыр екен дейм...

Ноэль безгек қысқандай қалшыл қағып кетті. Темекі тұтата алар емес. Бөлмеге жарық жағуды да ұмытты.

– Кешіріңіз, Маха. Тыңдай алар емеспін»,– бұл –  Ноэльдің өңі. Ноэль Махамбеттің бет-әлпетін қалпына келтіру мақсатында Әлімжан Сақтаевпен бірге барып, Құрақ қарттың айтуымен Махамбет бейітін қазып, басын аманат етіп алып кететін еді ғой. Сол бас сүйектің Ноэльмен байланысқа, трансқа түсуі.

 Иә, бұл романдағы негізгі оқиға – Махамбеттің басының жоғалып кетуі. Жазушы Махамбеттің атын көп атайды. Ұлттың ұстыны санаған дарынды поэтикалық бейнеге айналдырып, тұтастыра келе елдің есінде мәңгілік қалуын ақын басының табылуы арқылы шартты түрде баламалайды. Өмірден өту – бұлжымас тірлік заңы болса, рухтың мәңгіліктігі туралы түсінік мүлде ғайып болуды мойындамайды. Өзіміз сөз етіп отырған мифтік құбылушылықтың бір ұшығы адам өлімімен байланысты. Мифтік сана сілемінде өлімді бір табиғи күйден екінші түрге өту деп қараған сенім бар. «О дүние», «бұ дүние», «тірілер әлемі», «өлілер әлемі» арасындағы шекара туралы таным-түсініктер құбылушылықпен де байланысты. Өлім, яғни, өлілер патшалығына — о дүниеге өту мифологияда құбылушылық түрінде қарастырылады. Адам бұ дүниеден о дүниеге сапар шеккенде әр түрлі бейнеге айналады деген ұғым бірсыпыра мифтік әңгімелерге арқау болғаны белгілі. Бұл жерде мифтік түсінікте ол бейнелердің көбінесе адам рухын келбеттеуші екенін ұмытпаған дұрыс. Сондай-ақ түс дерексіз ұғым, ол түнмен, яғни қараңғылықпен, шейіттер патшалығы атанған о дүниемен байланыстылығы туралы таным-түсінікті аңғарамыз. Махамбет ақынның тұлғасын өзгеге ұқсамайтын мінезбен таныта отырып, оның бақилық сапарға аттану трагедиясын мифопоэтикалық ойлау жүйесіне тән құбылушылық түрінде көрсетеді. Рухтың мәңгіліктігі оның мүлде ғайып болмай, кеңістікте ғұмырын жалғастыруы түрінде түсіндіріледі. Ақынның эмоциялық бояуға толы өмірі, трагедиялық өлімінің бір-бірімен байланыстырыла суреттелуінің өзі халықтың мифтік ұғымымен тығыз байланысты.

«...Жертөле ішін бозғылт мұнар кептеді. Есік ашылып, әлдекім кіргендей болды. Сасқандарынан дір-дір етіп отыра қалысқан. Келген Жәңгір хан еді. Жәңгір хан зерлі шапанды, айыр қалпақты, қара сұр, қыран қабақты, селдір сақалды екен. Махамбетке таяп барды...» – сөйтіп екеуі де елес бейнеге айналады. Тірлігінде бір-біріне кеткен есе, бір-бірінен көрген қысастығы айтыс-тартыс күйінде қайталанады. Бұл – Дәуреннің жертөлесінде болған оқиға.

 Сонау Америка құрлығындағы үндістер тұратын резервациядағы Майя қорғанын қазуға барған Герасимовтың экспедициясының құрамында жүрген Ноэль тағы да түс көреді. Сөздікке жүгінер болсақ, түс дегеніміз – ақиқат әлеміне кең ашылған есіктен бұрын болып кеткен, я болашақта болатын оқиғалардың сол күні бірқатар нышандар арқылы тамашалануы, яғни жалпақ тілмен айтқанда, ұйықтап жатқанда көрінген тылсым белгілер. Екі аяқты, жұмыр басты пенделердің арасында түс көрмегендер қатары жоқ болар, сірә? Шырт ұйқыдан ояна сала, түні бойы көрген түстерімізді жори алмай әбігерге түсіп жатамыз. Ерекше түс көре қалсақ, күні бойы өз-өзімізге келе алмай, айналамыздағыларға қайта-қайта айтумен болып, «Түс – тәңірдің аяны» дегенге сеніп, көрген түсіміздің ненің нышаны екендігін білуге асығамыз. Ал енді біреулеріміз «Түс – түлкінің тезегі» – деп, қолды бір сілтеп, мән берместен жүре де береміз. Дегенмен, ақиқатқа айналып жатқан түстеріміз қаншама?

Осы тұрғыдан алғанда Ноэльдің түсі мифологияға тым жақын. Әлбетте, ол жазушы қиялының жемісі.

«Әлгі түс шынымен аян ба, әлде...

Өзі күрегін қолына қысып ұстап, биік қорғанның төбесінде тұр. Қазсам ба дейді. Біртүрлі жүрексінетін сияқты. Елегізіп жан-жағына қарағыштайды. Кенет ақша бұлттар үйіріліп, бүйірлесіп келді де, ортасынан қаракер атына қаздиып отырған нағыз Апачидің өзі пайда бола кетті. Қолында — садағы мен айбалта. Қабағы қату. Шашы жалбырап, көзі тұтанады. Үстіңгі еріннен дәм еткен үлкен орақ мұрын қарасұр жүзінің айбатын тіпті асырып тұр.

– Не іздеп жүрсің, бала? – дейді иегін әнтек көтеріп. Мұның денесін тер қамап, үні құмығады.

– Қорғанды қазғалы, – деді әлден уақытта.

– Ол ақ нәсілдікі емес. Менің қорғаным,– деп оң қолын бастан асырды.

– Ұры–қары болсаң қазір жайратам!

– Бізді Харлин алып келген. Өз шөбереңіз.

– Е, онда жөн, – деп Апачи жұмсарды. – Сендерді қызықтыратын таңсық дүние көп. Табыңдар», – бұл жолдарда мифтік құбылу орын алған. Сонау Америка құрлығында өмір сүрген майя, перу, инк тайпаларының о бастағы негізі — Еуразия құрлығында орын тепкен ежелгі Тұран даласы. Жазушы өз қиялы мен зерттеушілердің танымдық мақалаларын, ғылыми еңбектерін саралай отырып, фантазиясына ерік берген. Үндістердің көсемі Апачиді Махамбет рухтас жан ретінде бейнелейді.  Екеуінің де аңсағаны — халқының еркіндігі, азаттық. Міне, сол жолда күрескен Апачи образын түс арқылы ғайыптық бейне түрінде сомдайды. Әлдеқашан о дүниелік болған Апачи рухы да ғалам кеңістігінің «есінде» қалып қойыпты. Ара-тұра  әуе толқындары арқылы қажетті адамдарға ақпараттық транс-байланысқа шығады.  Қиналған адамның түсіне еніп жол сілтеу, ғайып-ерен қырық шілтен болып көмектесу – ерте кездерден бастау алған бейнелі сурет. Осы дәстүр жазушы шығармашылығында тамырын тереңдете түседі.

«...Жеңіл көлікке отырған соң Харлин Ноэльге әдетінше ақсия күліп: – Қалай, Джеронимо әлі тірі ме екен? – деген. – Оның мәңгі рухын ешкім өлтіре алмайды. Қорықтың ба? Ештеңе етпейді. Өзінен рұхсат алғанбыз.

– Оны қайдан білдің? – деген Ноэль таң-тамаша қалып.

–  Атам маған да келіп кетті. Біз бұл жердің түпкілікті тұрғыны емеспіз. Көшпеліміз. Есте жоқ ескі заманда алыстан келіппіз. Атам сені туысқанымыз, деді. Бас-көз боп жүр деп маған аманаттады. Ол – біздің жебеушіміз», – деп келетін жолдарда Ноэльдің көңіл-күй ауанын, Харлиннің оған деген ерекше ықыласының себебін жеткізеді. Анық құбылушылық болмаса да, соның елесін, сілемін аңғартатын бір сәттік сезім осы жолдардың эстетикалық ғылыми-танымдық салмағын арттыра түскен. Жазушы осындай ерекше тілек пен сезім халін беруде тұрақты тәсіл ретінде мифтік құбылушылықты басты нысана етіп ұстайды.

«...Бөлменің ішіне бозғылт мұнар ене бастады. Алыстан аспан ақырып, күн күркірегендей дауыс шықты. Кешкі ауамен шағын бақ ішінде тыныстап отырған Аркадий Васильевич пен бойы мен ені бірдей кемпірі алақандай бұлты жоқ аспанға қарап: «Ой,боже мой!» деп үйлеріне қашты. Күркірдің күштілігі сондай темір кереуетке отыра қалған Айым бүк түсіп, басын қорғап көлегейледі. Бозғылт мұнар қоюланған сайын Махамбеттің жақ сүйектері тынымсыз сақылдап кетті.

–Бұл жай кездесу болмады. Аса қауіпті кезеңнің көрінісіне тап боламыз, Айым»,–бұл жерде автор осы бейнелеу тәсілін жаңа қырынан пайдаланады.  Сәтсіз көтеріліс, Исатайдың қаза табуы, туған жерге деген қимастық пен сағыныш сезімі қат-қабат сыр болып астасқан жолдардың бас кейіпкері–Махамбеттің халін танытатын тұстарының ең бір әсерлісі тағы да мифтік құбылушылықпен біте қайнасып, өрілген:

«Махамбет: – Келетініңді білгем, Баймағамбет! Сөйле! Арзуыңды айтып қал.

Баймағамбет: – Әй, Махамбет, міне, тағы кездестік. Ықылас сұмды жұмсап басыңды шаптырып ем. Ақ патшаға күнәһар жүзіңді көрсетем деп отырғанда бажаң Асаубай ат қорадан ұрлап кетті.

Махамбет: – Жаныңда қаптап жүрген жағымпаз төлеңгіттеріңнің бірі сол Асаубайдай бола алды ма? Болса сенің кәлләң Елек суының түбінде шіріп жатпас еді. Біз, Исатай екеуіміз жалғыз бала болып жар басында ойнадық. Хан, сұлтандар — көлдеуде жүрген көп бала. Босқа ісінбе!»,–  деп суреттей келіп жазушы Баймағамбеттің ажал құшатын сәтін де елес түрінде көрсетеді. Махамбеттің бажасы Асаубайдың қабыланша қарғып салды ұстап тұрған арқанды қиып кетуі, сұлтанды қорғаған солдаттар мен сұлтанның суға кетуі нанымды суреттелген. Осындағы табиғат көрінісі, халық қаһарын танытатын «күннің күркіреп, найзағай ойнауы», «дауыл», «Елек өзенінің үйдей толқындары» сияқты бейнелі жолдардың мән–маңызы айқын.  Кейіпкердің жан әлеміндегі буырқанысты таныту мақсатындағы «Үйдей толқындар салды қақпақыл ойнатып өзен бойымен алып бара жатты» метаморфозасы — жазушы тіліндегі көне танымдардан бастау алып, жаңаша түрленген көркемдік сипат.

Көне мифтерде адамның қауіптен не басқа жағдайлардан қашып немесе тірлік харекеттерінен шаршап, аңға, құсқа және басқа да табиғат нысандарына айналуы тұрақты желі болып келеді.

«–Не істейміз? – деді көмейі көрінген өлімнен жаны түршіккен Баймағамбет. – Құтқарыңдар мені!

Ойбай сап жүгіріп, салды қолмен еспек болған қорғаушы солдаттарды долы дауыл өзен суына біртіндеп лақтырумен болды. Қос ат та қарғып кетті. Әр жерде бастары қылтың қағып жағаға ұмтылғысы келеді. Салда пәуеске мен сұлтаннан басқа ешкім қалмапты. Бәрін дауыл жалмаған.

–Иә, Алла, құтқар! – деуі мұң екен, толқыннан–толқынға секіріп келе жатқан сал ортасынан қақ жарылды. Сұлтанның құлақты жарған даусы өзен бойын кезіп кетті.

– О дүниеге имансыз аттанды, бейшара! – деді Асаубай.–Тез атқа қоныңдар! Сытылып шығып үлгерейік», – көңіл-күй қалтарыстарын, табиғат апатымен арпалысты сөз өрімдерімен бейнелеген бұл үзіндінің тұтастай бітімі көне танымдық бастауларға сілтегендей. Жай ғана табиғат мінезі емес, сана-сезімі барынша «адамданған» өзен бейнесі адам жанының қат-қабат толқыныстары мен әсерлі сезінулерін бойына сіңірген. Махамбет пен Баймағамбеттің елеске айналып келуінен басталған бұл диалогты толық мифопоэтикалық ойлауды көркемдік–эстетикалық мақсатпен сабақтастырған туынды деуге болады. Миф дүниесіне ойша саяхат жасасақ, ағашқа, жапыраққа, өзенге айналу желісінің бірнеше мысалына кез боларымыз сөзсіз.

Сол сияқты су  мифтік әлемде төменгі дүниені, яғни о дүниені – аруақтар әлемін осы дүниемен байланыстырушы. Ал, ағаш мифтік әлемде ғаламдық сипатта, яғни үш әлемді байланыстырушы, ғұмыр сыйлаушы, тіршілікті сақтаушы. Үш әлемді байланыстырушы ағаштың тамырлары төменгі дүниеге, діңгегі ортаңғы дүниеге, бұтақтары мен жапырақтары жоғарғы дүниеге тән.

Жоғарғы дүние-рухтар мекені түрінде танымға сіңгенін ескерсек, жоғарыдағы үзіндідегі жазушы ойының көркемдік мәнін ұғынуға болары анық. Алғашқы бастауға ұмтылу тілегі адамзат баласына тән әрекеттердің бірегейі. Адам – табиғат бірлігі туралы таным түрлі әркелкілікке негізделгенімен, мазмұндық, яғни, рухтық бірлікке бағытталады. Күллі құбылушылық оқиғаларының туындау негізі де осыған саяды. Мифтік санаға тән «айнымалылық» сарынының шеңбері таным-түсініктердің жүйеленіп, бір-бірімен сабақтасуына байланысты барынша кеңейіп, өз алдына үлкен бір мифопоэтикалық ойлау әлемін қалыптастырады. Ағашқа, аң-құсқа сиыну, табиғат құбылыстарынан құпия сыр іздеу, перілер әлемі, рухтың мәңгіліктігі – осының бәрі мифтік құбылушылыққа негіз болатын ұғымдар.

 Жоғарғы дүние мен ортаңғы дүниені байланыстыратын — түс десек, оны жазушы өте шебер пайдалана біледі. З.Фрейд түс көрудің айқын мазмұнымен қатар тылсым астары да бар, сондықтан түс адамның бейсаналық деңгейіндегі ойларының символдық бейнесі деп білді. К.Юнг бойынша түс көру адам санасынан тыс, оның рухани дүниесіндегі сана мен бейсаналықтың арасын байланыстыратын, болашақты болжайтын транценденталды құбылыс деп санады. Адамның психикалық өмірі бейсаналықтың тереңінен тамыр алады, санамыз болса жанның орасан зор бейсаналық әлемінің аз ғана бөлігін бейнелейді. Түсте сана ұлғайып, кеңістіктік – уақыттық шектер жойылады, адам өзін басқа уақытта, кеңістікте, әлемде, мүлдем басқа күйде сезіне алады. Қазақ дәстүрлі қоғамында да түс көруге бей-жай қарамағанын, мән беріп, мағынасын жорығанын ауыз әдебиеті мұраларынан, ырымдар мен жоралардан көруге болады. Түс көру адамның ырқынан тыс болғандықтан оны көрудің мағынасынан гөрі түсті жоруға көбірек көңіл бөлген. Түсті әрдайым жақсылыққа жорып, “Түс – балқыған қорғасын” оны жақсылыққа жорысаң – жақсы ниет қабыл болып жақсылыққа айналады, жамандыққа жорысаң – жамандыққа айналуы мүмкін деген ұғым бар. Түсті рухани әлемнің хабаршысы ретінде қабылдау діни танымға жат емес. Түс көруде рухани адамға аян берілетіні, ғайыптан болашақтан хабар берілетіні жайлы көптеген аңыз әңгімелер бар. Құранда аты аталатын Жүсіп пайғамбардың (ғ.с.) түсінде аян алуы мен түс жору ғылымын иеленуі Құдайдың құдіреті деп сенеді. Түс көру мен оны жору діни және рухани танымға жат емес, адамның рухани өміріндегі, психологикалық халіндегі маңызды құбылыс. «Қала әкімі Имаш ақынның даусынан шошып оянды. Таң саз беріп қалыпты. Алматы халқы әлі қалың ұйқысынан ояна қоймаған сынды...

...Көрген түсін өзінше жорып біраз тұрып қалды.

– Иншалла, – деді іштей, – Махамбет атам аян берген шығар.

...Өзі ежелгі Сарайшық қаласының құм жұтқан, су кемірген төбесінде жападан–жалғыз тұр екен. Не іздегенін кім білсін, көз талдырып алысқа қарайды. Қарсы алдында ойнаған жібек сағым ба, мұнар ма, арбасып алысты көрсетер емес. Бір жағы иен дала. Оң қолда күмістей аунап, шымырлап Жайық ағып барады. Жағалай біткен балапан құрақ баяу ескен самалмен ырғалып, тыныштықты ұйытады. Жайықпен жарысқандай анадай жерден бір қора шаң көрінеді. Түйдегін жазбай келе жатыр. Бір мезетте қою шаңды артқа тастап, сытылып ақбоз атты шықты. Ақбоз сәйгүліктің төрт аяғы жерге тимей ұшып келе жатқан сынды. Күмістелген жүген мен құйысқанды қалмақ бас ердің үстінде Махамбет отыр. Бес қаруы–бойында. Қараса, ұшып келе жатқан ақбоз сәйгүліктің тізгіні жоқ, шорт кесіліпті. Үстіндегі ақынның басы жоқ. Екі қолын Тәңірден әлдене тілегендей көкке созған. Ақбоздың сауырында ақынның мойнынан аққан қан тамшылары бармақтай–бармақтай боп қатып қалған. Сол жарық жұлдыздай аққан қалпы мұның жанынан өте бере: – Оян, ботам! – десін қаһарлы дауыс. – Оян, ботам!»,– қала әкімі Имаштың көрген түсі арқылы жазушы оның психологиялық жай-күйін берген. Сонау ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов туындыларында да түс көру арқылы кейіпкердің психологиялық жағдайын суреттеу мақсатында қолданғаны мәлім.

Бұл туралы ғалым Г. Піралиеваның төмендегі тұжырымы көңілге қонымды: «Байқасақ, осы жерде фольклордағы түс көруден көркем прозадағы түс көру тәсілінің көркемдік сапасы өскендігінің, екеуінің арасындағы ерекшеліктің жер мен көктей өзгешелігі барлығын байқаймыз. Фольклордағы түс көру бір тегіс, бір бағытта, яғни хабар алдын–ала болжаудың міндетін атқарса, прозадағы түс көру тәсілі – образ бен ой айшықтауда, кейіпкердің характерін психологиялық өмірдің заңдылығына сәйкес сомдауда, ұйқы мен ояну мезеті арасындағы жан қозғалыстарын байланыстыра бейнелеуде, түстен кейінгі адам санасы мен іс-әрекеттеріндегі психологиялық түзілістерді тереңдей талдауда таптырмас құрал бола алады».

 Фольклор мен әдебиеттегі түс көру, әрине, бір-бірінен өзгеше, алайда, бұл жерде мына жәйттерді ескерген жөн: фольклордағы түс көру деген – сенім, яғни түс орындалады деп сену және түс міндетті түрде жүзеге асады. Ендеше, түс көрудің өзі – фольклорлық сананың жемісі, тіпті, фольклордың бір түрі. Көркем фольклорда ол бірнеше міндет атқарады, себебі ол көркемдік құрал ретінде пайдаланылады. Эпоста да, ертегіде де, діни нанымдарда да түс көрудің басты міндеті – кейіпкердің болашақ тағдырын болжау мен кейіпкерді ескерту, демек, осы арқылы түс көру символдық рөл атқарады. Көркем әдебиетте олай емес онда түс ылғи да шындыққа айналмайды, керісінше, өмір шындығының адам санасындағы айнасы, ол ешқандай да символдық жүк арқаламайды, кейіпкерге ескерту жасамайды. Кейіпкер өзінің көрген түсіне толық сенбейді, сол себепті жаман түс көрсе де, жақсы түс көрсе де, алдағыны болжағысы келмейді, қайта неге сондай түс көргеніне таң қалып, оны үнемі жақсылыққа жоруға тырысады, немесе өмірде болған бір жағдаймен байланыстырғысы келеді.

Жалпы, қазіргі көркем прозада түс көру – көбінесе көркемдік тәсіл ретінде қолданылып, кейіпкердің психологиясын ашуға қызмет етеді. Ал, жалпы фольклорда түс көру психологиялық функция атқармайды, оның міндеті – кейіпкерді ескерту, сақтандыру, оның келешегін көрсету. Сондықтан да фольклорлық қаһарман түсті сатып алады, соның орындалуын қалайды, я болмаса түстен қорқады (дұшпанның ханы, батыры, т.б.). Түске сенбесе, оны елемесе, кейіпкер мұратына жетпейді.

Рас, әдебиет кейіпкері де көрген түсіне мән береді, ойланады, бірақ оған сенер–сенбесін де білмей, дал болады. Бірақ фольклор кейіпкері құсап түстің жүзеге асуын міндетті деп санамайды. Өзінің түсін талдауға, оның себебін түсінуге онша мән бермейді, тек ойланады. Осы жолда әдеби кейіпкер өзінің ішкі сырын, көңілін, жан құбылыстарын көрсетіп отырады, ал бұл жазушының психологиялық талдау тәсілін қаншалықты терең меңгергенін айғақтайды.

 Мифтік сананы көркемдік тұрғысынан бойына сіңірген ертегілерде мұнар, тұман сияқты табиғат құбылыстарының да өзіндік астары, құпиясы бар. Мәселен, «Ер Төстік» ертегісінде кейіпкердің алдынан қалың тұман түседі. Мұнар, тұман — белгісіздік. Ол –  кейіпкерді қайда апарары белгісіз, соңы бейкүмән жол. Тұман ашылған сәтте екінші бір өмір басталғандай, оқиға тыңнан өрбіп жүре береді емес пе? Біз зерттеп отырған романда Ноэль осындай белгісіздік жағдайына бірнеше рет душар болады.

«...Тау басынан бозғылт мұнар етекке жылжиды. Бұлт емес, түтіннен бөлек, түткен жабағы жүндей бұл не өзі? Ноэль аңтарылып, бойын қымтады. Жанына таяп кеп қалған бозғылт мұнардың ішінде алуан сәуле ойнап, көріністер оянды. Мұның аяғынан әл кетіп, тәлтіректеп жанындағы жуан қарағайға сүйене берген...

Бес-алты пәуескелі ағылшын әлде мексикалық төрелер қоңырау қақтырып айдау жолмен келе жатты. Жан-жағын жүз қаралы әскер қоршап, қорғауда. Сәнді, салтанатты топ.

– Тоқтаңдар! Осы жерге түнейміз. Қалған аборигендерді таң ата аулаймыз.

 Жуан полковниктің сөзін күткендей, бәрі ошарыла қалсын. Пәуескеден аппақ мұрты салбыраған шал, мықыны былқылдаған бапты бәйбіше, бозбала мен бойжеткендер өріп түсе бастады... Қоршаудың қақпасы алдына екі қарағайды көмісті. Жоғары бұтағына адамның екі басын шанышты.

– Кеше ғана кесіп алғанбыз. Жабайылар енді маңымызға жолап көрсін, – дейді әлгі полковник мейманасы тасып. – Уайымсыз болыңдар, ханымдар мен мырзалар!

 Ноэль есеңгіреп, өң мен түстің ортасында тұрған. Есін бір жиғанда айқай-шу үдеп кеткен екен.

– Апачи!

– Джеронимо жауыз!

– Келіп қалды!

– Атыңдар тез!

Қайдан шыққанын, ала аттылы екі үндіс ағызып келе жатты. Бауырын төсеп шапқан аттардың тұяғынан от өргендей. Жайдақ мініпті. Ұзын қара шаштары жалбырап желмен ойнайды...

 Аттылы екі үндіс бұларға жете бере ат басын сәл ірікті де, садақтарын шірей тартысқан. Қос қарағайдың бұтағына ілінген екі бас допша домалап түсті. Еңкейе берді де көз ілеспес шапшаңдықпен ілді де кетті...

...Биік шыңға ат билеп көтерілді. Талтақтап жүгірген жүз қаралы солдат бұл кезде бассыз денеге әзер жеткен.

– Ей, полковник, мен – Апачимін!

Тау жаңғыртқан дауыстан бозғылт мұнар көшіп жүре берді», – жазушы бұл жерде «бозғылт мұнар» тіркесін оқиғаның басында және соңында қайталап келтірген. Жалпы, белгісіздіктің мұнар түрінде көрінуі — тұрақты желі. Бұл — ертегілерге мифтен ауысқан сюжет деуге де болады. Яғни, адам өң мен түстің ортасында кеңістік пен уақыттың шегін ажырата алмағандай белгісіздік сезімін басынан кешкенде оның белгілі бір құпияны, тылсым сырдың астарына үңілетіні айқын. Бейнелі ойлауға бағытталған жоғарыдағы үзінді де осы белгі – ерекшелікті бірінші назарда ұстайды. Тұман, мұнар кейпінде құбылып жүретін табиғаттың тылсым бейнесі қазіргі әдебиетте, соның ішінде прозада да түрлене қолданылып, сезімдік халді, ішкі әлем қалпын танытуда маңызды көркемдік қызмет атқаруда. Өзіміз мысалға алып отырған жолдардағы құбылушылық қалыптасқан желіден сәл өзгешерек. «Тұман», «бозғылт мұнар» сөздері Рахымжан Отарбаев шығармаларында тұрақты бейнелеу құралы немесе тылсым сырлы персонаж ретінде жиі көрініп тұрады. «Бас» романынан басқа «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятында, «Жалғыздық», «Тоқтышақ», «Американың ұлттық байлығы», «Аспандағы ақ көбелектер» және басқа да әңгімелерінде «ақ нұр», «бозғылт мұна», «тұман», «қарауытқан аспан» бейнелерін жалғыз сырласы ретінде таныған кейіпкердің жан әлеміндегі көңіл-күй құбылыстарын бейнелеуде «елесті», «түсті» назарға алады.

Табиғатты адам бейнесінде кейіптеу жазушының «бозғылт мұнарға оранып» ғайыпқа ұшып кету сарынына ұласады. Жазушы қиялы мен суреткер шеберлігінің ұштасқан тұсы поэзия тілінде астарынан әр алуан сыр аңғартар бейнелі ойларды тұтастыра туындатудан көрінеді. Және де жазушы танымының кеңдігі де аз рөл атқармайтынын мойындаған ләзім.

 Жазушы дүниетанымы туралы сөз қозғағанда романдары мен повестеріндегі, әңгімелеріндегі пәлсапалық толғамдар жайын міндетті түрде бағдарлаған дұрыс. Мифтік құбылушылық желісі Рахымжан Отарбаев танымында адам атты жаратылыстың сыры мен құпиясын білуге ұмтылу, рух мәңгіліктігі мен жасампаздығын қуаттау, адамзат баласына тән сана мен сезім әлемін қастерлеу мақсатында көркемдік қызмет атқарған. Рухтың мәңгіліктігі, оның өлмейтіндіг, әр түрлі қалыпта өмір сүретіндігі туралы сенім мифтік санадан бастау алып, діни қағидаларға негіз болды.

«... Есін әрең жиып, шатырына оралғанда Харлин мұны күтіп отыр екен.

– Үрейленбе, бауыр, – деген ол мұның иығына қолын салып. – Бұл — елес. Өткен күндер елесі. Жиі-жиі қайталанады. Уақыттың құпиясы шығар...» – бұл жердегі «уақыт құпиясы» – мәңгілік өмір идеясымен тамырлас. Ал «Мәңгілік өмір» қазақ мифтерінде Қорқыттың көрден қашу оқиғасы арқылы көрінеді. Бұл романда бас кейіпкер ашуды көксеген «уақыт құпиясы» «бұлттары пышырап қашқан көктеңбіл аспанға», «үкілі басын тербеген нар қамыстарға» деген іңкәрлікпен тұтасқан. «Жалған дүние» түсінігіне жазушының ойы қарсы.

«Қыркүйек айы туысымен ыстықтың беті қайтып, күн көзін жұқашап бұлттар көлегейлеген. Тынық мұхиттан ертеңді – кеш ескен самал қунатып сала берді. Жанға желпу. Басқа сая. Бірер апта тынығып, әл жинаған Ноэль жанына Петровты алып тағы да қорған жағалаған. Тақиядай төңкерілген, бір бұрышынан мамонттың басын суырып берген ұшы-қиырсыз қорғанның қай тұсын шұқырын білмей дағдарды. Осы бір ой буған сәтте есіне көрген түсі оралған. Не деп еді Апачи? Ала аттың үстінде отыр екен дейд. Қолында шиті мылтығы бар, қатулы, қарасұр жүзін қадап тұрып:

– Ей, бала, іздегеніңді таптың ба? – деген жоқ па?! Бұл күбірлейді. Өз даусын өзі естімейді. – Бағытың дұрыс. Мойын бұрма. Олжаң алдыңда!» – өліп қайта тірілу, оның ішінде тылсым күштердің ықпалымен елес боп оралу желілері ертегілердегі тұрақты оқиғалардың бірі. Мифтік санадан туындаған бұл түсініктің суреткер қиялында өңделіп, бейнелі тәсіл қызметіне ауысуының әлемдік әдебиетте бірсыпыра тамаша үлгілері бар. Жазушы сол мифтік танымды өз көрігінде өзгерте өрнектеп, көркемдік дүниесімен үйлестіреді.

 Мифтік санаға жүгінер болсақ, өмірге айналып келу–рухтың ажалсыздығының айғағы. Ал сол мәңгі рух тек бір ғана денеде тұрақтап қалмай, бірнеше қалыпта ғұмыр кеше алады. Ол «бұрынғы», «бүгінгі», «ертеңгі» ғұмыр түрінде жүйеленеді. Осы таным бейнелі жолдарға айналып, ақындық ой-арман мен мақсат-тілекті, ұстанымды таныту бағытында көркемдік қызмет атқарған:

«... Түсті ғана дәме ғып, көзінің оты жасыған шақта жанына Харлин келген. Көптен көрінбей кеткен-ді. Вашингтоннан оралыпты.

– АҚШ президентін тағы да сотқа беріп келдім,– деді  мұңайып. – Бұлар атамның бас сүйегін әлі қайтармай жүр.

 Ноэль осы құрлыққа өкше көтерерде Джеронимоның тарихын ежіктей оқыған. Бар–жоғы отыз сегіз жігітімен қоса ұрыс салған ер ғой. Соңына қиқулап түскен бес мың әскер отыз жыл бойы құрықтай алмаған. Кейіннен генерал Нельсон Майлзға өзі кеп беріледі. Онда да қара басының қамы емес. Бір уыс халқын түгелдей қырып алудан сақтанып. Басқыншының уәдесі — сынап үстінде сырғиды. Ақыры Сиэтл аймағында жантәсілім еткен. Араға он жыл салып Прескотт Буш Апачидің қу басын көрден кері қаздырып алған.

– Не үшін?

– АҚШ-тың әскерге жаңадан алынған әр жауынгері атамның бас сүйегін сүйіпант береді.

– Ант?

– Иә. Жауыма қатал да мейірімсіз, тіпті шектен шыққан қанішер болам деп. Сол үшін де қайтарар емес.

 Тұла бойы түгел шымырлап Ноэль сең соққандай күйге түсті. Алматыдағы шағын пәтері....Ой меңдеп, жүйке тозған шақ... Махамбеттің бас сүйегі... Маңдайында ғайыптан пайда бола кеткен жазу... Не деп еді? «Исі мұсылманның жақсысы мен жайсаңы – тағдырың осы. Таңда да жұбан». Таң алды еді. Көзі кілегейленіп қайта-қайта үңілген. Апыр-ау, не дейд? Ғазиз басымызға қылыштан басқа нәрсе бұйырмаған ба?

– Заманында Рим папасын құрдай жорғалатып, қолынан сүйгізген Еділ патша қайдасың? – деді Ноэль өзіне-өзі сыймай. – Бейбарыс баба діні бөлек Дәуіт пайғамбардың зиратына атпен кірген жоқ па ең? Өзге жұрт екі бүктетіліп енер есіктің төбесін бұздырып. Еңкеймеймін, ер басымды имеймін деп. Қайда сол өршіл рух! Қайда сол бастар?! Әлде баспен ойнау ойынын алдымен бастаған өздерің бе? Ендеше неге аяқтап кетпегенсіңдер?! Қазы мен қарта шайнап, қымыз ішіп, қыз құшып жүргенде дүние-кезек екенін естеріңнен шығарып алғансыңдар-ау, шамасы!»

Дүниенің екінші бір бұрышында, Америкада жүріп, үндістер резервациясында мұңды ой құрсауында қалған антропологтың жүрегіндегі бұлқынған жанартаудай жарылыс асқақ рухтың қайта оралмас, бүгінгідей әлем-жәлем тірлікке көз қырын салмас халімен танытылады. Анимистік сенімге тән тау-тастың, өзен-судың, өсімдік атаулының бәрінде де рух бар, олар да адам сияқты санаға ие деген түсінік кейіпкердің жан дүниесін таныту міндетіне ауысқан. Ел аузындағы мифтік әңгімелерде жер-су аттарының да жайдан-жай қойыла салмағанын дәлелдейді. Арманына жете алмаған адамдар қасірет шегіп, о дүниеге аттанғаннан кейін, олардың рухы сахараға, өзен-көлге ауысқан делінеді. Бұл бейнелеу астарынан да осындай мифтік таным елесін көруге болады. Жазушы оны дүниетанымының кеңдігінің арқасында тарихи шындықпен байланыстырып жіберген. Тарихта өмір сүрген батыр бабалар рухының мәңгілігі туралы ойды осылай нақыштаған. Ауыз әдебиетіндегі бір түрден екінші түрге ауысу жөніндегі мифтердің психологиялық иірімдері де бар. Қасіреттен екінші түрге ауысу – мифтік құбылушылыққа тән тұрақты белгілердің бірі. Рухтың мәңгіліктігін, ұлылығын паш еткен мифопоэтикалық сана оның қуанышты, қасіретті қалыптарын да естен шығармай, әр түрлі құбылушылық оқиғалармен белгілеп отырады. Жазушының аталмыш романында бұл сарын мифтік танымнан тамырын мүлде үзіп кетпей, жаңа көркемдік желі түзген. Көшпенділерге тән еркіндік пен азаттыққа ғашықтық сезімін бастан кешкен кейіпкердің жан әлеміне елес–түс арқылы сағынышты үстейді,бұл жолда жазушы ұқсастық пен үндестіктерді де естен шығармайды. Өз халқын шексіз сүйген Апачиге тән рухани биіктік, асқақтық, өр намыс сияқты асыл қасиеттер Махамбетке де тән. Сезімтал кейіпкердің елестерді салыстыра отырып, белгілі бір байлам жасауы да дұрыс. Өз халқын шексіз сүйетін, бар өмірін халыққа арнасам деген ғалымның есею барысында ұлтқа қатысты маңызды мәселер жайлы толғануы заңды. Биіктіктің өлшемі болған асқар шыңдай биік тұлғаға ұқсауды армандауы, ондай бола алмауын түсінуі себепті жұртының мүддесі үшін басын өлімге де тігуге әзір болуы — қызық шешім. Бұл жерде әңгіме кейіпкердің  қазіргі қоғамдағы «ойлы бастарға, мұсылман баласынан шыққан ерекше тұлғаларға» деген көзқарасты байқағаннан кейінгі түңілуге әзірлігі емес екенін аңдаған дұрыс. Ол — шартты түрде ғана алынып отыр. Негізгі әңгіме — адам рухының адамгершілік қалпы, сана биіктігі. Айтар ойды мүлде басқа аңғарыммен аңдатуға бейім роман табиғаты саналы түрде мифопоэтикаға бет бұрады. Мифтерде таулардың, төбелердің бұрын адам болғаны, кейін әлдебір себептермен осы қалыпқа түскені туралы да сарындар көп кездеседі. Майя қорғанын Джеронимо рухының қорғауы да осы іспеттес. Мәселен, Алтай тауы мен Ертіс өзеніне қатысты әңгімені алайық. Бұл мифтік әңгімеде Алтай – әкесі, Ертіс – ерке ұлы. Келіншектау, Жекебатыр туралы мифтер де осының куәсі. Мүмкін, олар да бір кездердегі тарихты бауырына басып жатқан шығар? Жазушы бұл айтылған мифтердің мазмұнын емес, пішіндік мәнін ғана негізге алып, жаңаша бейне жасайды. Сөйтіп, Америка құрлығындағы майя қорғаны мен қазақ сахарасының байланысты екенін оқырман санасына сіңіреді.

«Қорғанның төбесінен бастап қазған. Жас жігіттер жанын салды. Аумағы тай қуалап ұстардай, тереңдігі кісі бойы қол созымға жеткенде сынған жебе, түсі өңген қауырсын, тізбелі моншақ, кісінің тоқпан жілігі шыққан. Артынша төңкерілген қара қазанның түбі көрінді. Еппен көтерген, әр жерінде сыңар тиындай тесігі бар. Өзі ауқымды да төрт құлақты. Тайпа көсемі тағат табар емес. Айқай сап апачиларын жинады. Қызыл иегін көрсетіп күлді. Суалып қалған көзден бірер тамшы жас тауып кемсеңдейді. Ақыры есін жиып:

– Бұл — есте жоқ ескі дәуірдегі мұра. Ата-бабамыз ас пісірген. Дәм татқан. Енді ырысымыз ортаймайды. Жоғалғанымыз табылады! Үзілгеніміз жалғанады. Сор қашады. Бақ қонады, – деген. Сөйтті де бүкіл тайпаның алдында мұның мойнына алуан түсті сылдырмақты орай да орай салған.

–  Сен енді апачисің. Тайпаның құрметті мүшесісің!»,–   үндістер резервациясындағы ежелгі қорғаннан қара қазанның табылуы – жазушы жазып отырған рухани үндестіктің дәлелі. Қазақ атамыз киелі деп, «жеті қазынаның» сапына қосқан қара қазан — апачиларда да қасиетті жәдігер. Бұл да жайдан-жай ұқсастық емесі айқын. Рух азаттығын, асқақтығын сипаттаған жазушының бұлайша қалам сілтеуінің мәні түсінікті. Адам жанының қат-қабат сырлары, бұлтарыс-қалтарыстары қаншалық көп болса, сол жан әлемі романда психологиялық иірімдермен, бедерлі сөздермен өрнектеледі. Адами болмыс пен мінез түрлі ұқсатулар, ауыстырулар арқылы көрсетіледі. Мұндай тәсіл туындыда үнемі үйлесім табуы жазушылық таным мен шеберліктің ұштасуын талап етеді. Көңіл-күй құбылыстарын, жан дүниесі сезінген жағдаяттарды шынайы бейнелеу эстетикалық қуаты күшті шығарманы туғызады. Рахымжан Отарбаев қаламына тән жоғары талғам мен таным қалыпты ой мен сезімді өзгеше бейнелі тәсілмен жеткізуінен көрінеді. Ұлт тағдырын адамзат тағдырымен қабыстыра отырып, осы бір өмір туралы мағыналы ойды құбылту тәсілімен суреттеп, автор  дидактика мен романтикаға да орын береді.

«...Қара қазан жайдан-жай төңкерілген бе? Астында қадым дәуірдің бір құпиясы жатпасын. Әйтпесе неге сонша жеті қат жерге жасырды. Кімнен? Бауырынан өрген ұрпағынан ба? Жөні жоқ. Тағы бір күрек бойы тереңдеген. Сыртқа шыққан топырақтан бүйірі бүлк етіп... Сынық сәуледей жылт етіп... Ұмтыла беріп суырып алған... Күміс тостақан! Бүйірінде сына жазудың ізі тұр.

– Таптым! – деді Ноэль сонда айқайын сап. Өз даусынан өзі шошыған.

– Таптың! – деген Апачидің қарлығыңқы даусы тау жаңғыртты. – Жарадың, ұлым!

Бұл жолы да Си–Эн–Эн ақпарат агенттігі іліп әкетіп: – Шаяхметов Солтүстік Америкадағы Аризона резервациясы қорғанынан тағы да күміс тостақан тапты. Ол – Қазақстандағы сақ қорғанынан табылған тостақанның сыңары. Бүйірінде «Сен де мендей боларсың» – деген сына жазу бар, – деп дүние жаңалығына құлақ тосқан жұртты желді күндей желпілдетіп жатты...», –  Аризонадағы қорғаннан табылған күміс тостақан апачи, майя, перу, инк тайпаларының сақ тайпаларымен туыстығын әлемге паш етеді. Еуропа жұртын «кентавр» болып көрініп шошытқан көшпенділер мен Америка құрлығында еркіндік символы саналған үндіс тайпаларының рухы бір екен. О баста шыққан тегі де бір болып шықты. Бұл —  ғылымда айтылып, дәлелденген тұжырым. Соны көркем шығармаға желі етіп тартып, романның өн бойында оны үзіп алмай, оқиғаларды ширата шиеленістіру — жазушының шеберлігі. Кемел ақыл мен биік санаға қарсы қойылатын надандық, санасыздық ұғымы жақсылық пен жамандықтың бірден бір себепкері екені күллі көркем, пәлсапалық мұраларда айтылып келе жатқан ақиқат. Жазушы осы мәңгілік мәселені де романда дұрыс көтере біледі.

 Жазушы шығармашылығындағы құбылушылықтың көркемдік тәсіл ретінде күрделене көрінуі «Бас» романының   философиялық  иірімін одан әрі тереңдете түседі. Романның көркемдік мәні, философиялық астары жайлы айтылар сөз өз алдына бір төбе. Біздің басты назар аударатынымыз — мифтік-аңыздық сарын, соның ішінде мифтік құбылушылықтың желісі. Өткен дәуірге шегініс жасай отырып, жазушы адам мен табиғат арасындағы үйлесімділіктің бұзылуынан туындаған адамзаттық қасіретті айтуға ұмтылады. Ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, қиссалардың үлгісін ұстана отырып, философиялық толғаныс,  кейіпкердің көңіл ауанын табиғатпен егіздеу үрдісінен басталған романда үлкен әлеуметтік–философиялық мәселелер көтерілген. Бір кезде сайын сахарада құйынмен жарысқан бауырлас тайпалардың мұхит асып, Америка құрлығына қалай жеткені беймәлім. Осы арада адамдар мен елес дүниесін, тылсым құпияға толы кеңістікті қатарластыра алған жазушы Махамбеттің басы мен Джеронимоның басы, хан Кенесарының басы туралы оқиғаны мүлде жаңаша қалыпта берген. Көркемдік мақсат, эстетикалық мұрат тұрғысынан мифтік санадан туындаған анимистік сенімге жүгіне келе, мифтік құбылушылық желісін ұтымды пайдаланады.

 Романда құбылушылық желісі бірнеше мәрте көрінген. Біріншісі — Ноэльдің түсінде Исатайдың өлімін сол күйінде көруі. Махамбеттің Қайыпқалидың сатқындығын бетіне басуы. Қаншама жылдан бері тарихшылар дәлелдеген Исатай өліміне қатысты деректі ел аузынан алған деректермен салыстыра отырып, шындыққа қол жеткізу сәтін жазушы психологиялық ахуалмен береді. Махамбет пен Ноэльдің арасындағы диалогта да Махамбеттің трагедиялық өлімінің шындығы ашылады. Бұның бәрі құр баяндау емес, елес-түс болып Ноэльге көрініп отырады.

 Екінші құбылушылық желісі — Аризона штатындағы үндістердің қорғанына археологиялық қазба жұмысын жүргізу үшін барған Герасимов экспедициясының мүшесі Ноэльге сол жердегі жергілікті апачи тайпасы көсемдерінің бірі Джеронимоның рухының көрініп, жөн сілтеп отыруы. Романда бүгінгі күннің оқиғасы баяндалғанымен, роман мифтік-аңыздық сарында жазылған деп айтуымызға әбден негіз бар. Сондықтан, елестің көрінуіне немесе түс болып аян берілуіне кейіпкерлер таңданбайды. Болатын кәдімгі қалыпты оқиғадай қабылдайды. Тайпа көсемі рухының өз тайпасының жебеушісіне-елеске айналуы – оның екінші дүниеге, яғни, «о дүниеге» өтуін аңғартады.

Джеронимоның рухы Ноэль келіп, қорған қазуға дайындалған сәтте көрінеді. Өзі елеске айналғанымен санасы  өз халқын сүйген қалпында қалған Апачидің «о дүниеде де» халқы үшін алаң болуы — автор сәтті ойлап тапқан тәсіл.

Құбылушылықты көркемдік тәсіл ретінде ұстана отырып, жазушы өте күрделі суреттеулерге қадам басады. Табиғат пен адам арасындағы жақындық пен алшақтық рух–елес пен адамдар әлемінің қарым-қатынасы арқылы бейнеленген. Әуелде туған жер төрінде емін-еркін, аққан судай, тасқан селдей, соққан желдей азат ғұмыр кешкен көшпенді тайпалар мен ақ нәсілдер арасындағы үлкен сызат – әлі күнге бітпеген жұмыр жердің сыздаған бітеужарасы. Оның себебі,  Еуропадан жер іздеп  келген ақ нәсілділердің үндістерді кемсітіп, қорлап, олар  мекендеген жер қойнының қазынасы үшін қырғынға ұшыратуы. О бастағы табиғат гармониясына сызат түсірген бұл өшпенділік үшін талай адам құрбан болғаны анық. Соның ішінде сұраусыз қалған, қайран басының кімнің қолында кеткенін ешкім білмейтін Джеронимо сияқты қаншама ер жоқ дейсіз?! Автордың айтпағы – осы.

«Кері аттанатын күн де жеткен. Харлин Ноэльді қапелімде құшағынан босатар болмады.

– Сен бізге бұл өмірдің ұлы жұмбағын шешіп беріп барасың, – деген. – Кіндік жұртымыздың тым-тым алыста екенін сезетінбіз. Бірақ тап баса алмай қойғанбыз. Сен туған өлкеден бабаларымыз не үшін ауа көкен? Сыңараяқтап теңіз кешіп, құрлық асқанда не іздеген? Аңсап жеткен жұмағы осы ма?

– Әлі талай кездесерміз, – деген Ноэль. – Жер шары дөңгелек қой.

– Ол рас, дөңгелек. Бірақ үндістер үшін төртбұрышты, – деген Харлин резервацияны нұсқап. – Дөңгелеуі қиын!»– бұл жолдардан  психологиялық егіздеу желісінің көркемдік тәсіл ретіндегі мүмкіндігінің барынша кең екенін көреміз. Тарихтан да белгілі болғандай, үндістерді қырып-жою, резервацияларды өртеу — адамдардың қарау пиғылынан өріс алғанын көреміз. Қарау пиғылдың адамның ішіне түсуі, ой-пиғылына қоныстануы, сондықтан сырты жылтырағанымен, үндістер үшін нәубет, зобалаңды өз қолдарымен жасаған Еуропалықтардың жыртқыштығы романда бір-ақ ауыз сөзбен бейнеленген. Адамдар табиғатқа ғана қаталдықпен қарамайды, өздері сияқты адамдарды да қырғынға ұшыратты. Адамзат баласына келер қасіретің бас себепкері сол адамдардың өздері, олардың қара ниет, жаман пиғылы екенін Харлин мен Ноэль түсінеді. Сондықтан алыс жатқан бауырлас елдің екі ұлы жамандық атаулыға жол бергісі келмейді. Бірақ оларға құлақ асатын ешкім жоқ.

«Мехикоға жете бере Харлин қалтасынан төрт бүктеулі газет көшірмесін алған.

– Оқы, досым. Біздің халықтың ар соры осының бетінде тұр. Бұл генерал Нельсон Майлздың Америка Президентіне жазған қызметтік хаты.

«...Үндістердің бас асау үш бұтағы инк, маия және апачи тайпасын өзара алауыз еттік. Қару-жарақ бердік. Ішімдікке құмарланды. Бәсекелестікті қыздырдық. Билікке таластырдық. Ақыры бұлар бірін-бірі малша бауыздады. Ұлттық намысы өшті... Оп-оңай қолға түсті. Бұл тәжірибені болашақта өзге де халықтарға қолданса кереметтей нәтиже береді деп білемін. Тапсырмаңыз толықтай орындалды.

Бір қызық жайт, аттан құлап жан тапсырған Джеронимоның үш күннен соң басын кестік. Бөлек көму үшін. Сол кезде қаны бетіме шапшып кетті. Ып–ыстық. Өлсе де қайнап жатқан бұл не деген құдірет? Таң–тамаша қалдық. Бәрі де ештеңе емес, содан бері екі көзім қып–қызыл. Жусам да кетпейді»

–Түсінікті,–деен бұл өзге сөз таппай.

–Сол Президент кейіннен бейбітшілікті қолдағаны үшін Нобель сыйлығын иемденді, – деді Харлин. – Газет көшірмесін саған берейін деп алып шыққам. Бір қажеттеріңе жарар. Салып ал.

 Мехико –Мәскеу рейсіне отырғызу басталды. Ноэль жедел басып өте берді. Елге деген бейшара бір сағыныш бойын әбден меңдеген-ді», –  автор бұл жерде АҚШ-тың үндістерді айуандықпен қыру саясатын жеріне жеткізе айтқан. Отаршылардың өз саясаттарын ұқыпты жүргізгені сондай, үндістердің резервациялары қоршалып, оларға жұқпалы ауру таратылып, қырып-жойыллғаны баршаға аян. Миссионерлер де қалыспады. Сөйтіп, өз жерлерінде тұрып өгейлік көрген олар құрып, жоғалып та кетті. Ал, қазақ халқы ше? Отарлау саясатын басымыздан біз де өткіздік, тіліміз бен салт-сананы жойып ала жаздадық. Жазушы ащы да болса ақиқатты айтады. Сөйтіп, жер шарының екі жағында тағдырдың жазуымен тірлік кешкен бауырлас халықтар бір мезгілде дерлік отарлау саясатын, зобалаң жылдарды бастарынан өткізіпті. Жазушы бұның да астарындағы сәйкестіктің  сырын философиялық тұжырымға құрған. «Өлсе де қайнап жатқан қан» – көшпендінің қаны, ер түріктің қаны!

 Мифтік санадағы адам рухы бір түрден екінші түрге көшіп отырады деген түсініктің көркемдік-философиялық мәндегі бір желісі Махамбеттің бас сүйегі тұрған жерге оның трагедиялық өліміне кінәлі жандардың, тірлікте араласқан адамдардың рух-елестерінің көрініп, ақынмен жауаптасуынан  байқалады: «Дәурен мен Айым жертөлеге түскенінде бозғылт мұнар қоюланып, аруақтардың айтысы қызып жатты.

Жәңгір: – Әй, Махамбет, талай жыл тең өсіп, дәмдес болып ең. Сыртымнан қоймай дөңайбат ғып, текеметімді тілгендей менен не жамандық көрдің?

Махамбет:  –  Атаң Әбілқайыр — қарауындағы елді алакөз дұшпанынан қызғыштай қорғаған ел үшін туған ер еді. Нардан айыр туды, айырдан қайырсыз туды. Аз қазақты алалады, халқын қалтыратты. Сен жылатқан елді мен жұбатсам несі айып?

  Ханның елесі үнсіз қалып, қу бастан жүзін аударды. Табалдырықта үкікөзденіп тұрған бұларға қараған сынды. Айым Дәуреннің қолынан шап беріп ұстай алған.

Жәңгір: – Басыма қонған құдайы күлшедей бақты көре алмай, қотанда тұрып ортасынан жарылып үріккен қойдай боп ең. Әй, қазақ, сені билеген әкімнің соңында жақсы аты қалмас. Тақырға гүл өсер деп су құйып ем, оным өзімнің үстімді былғар шалшыққа айналды. Махамбет, бұ қазақтан жақсы болсаң да еститінің бір атаңа нәлет, жаман болсаң да еститінің бір атаңа нәлет. «Қара албасты басқырсың» дегенің маған емес, үйдегі қатыныңа айтатын қарғысың еді ғой.

Жәңгір уәжін аяқтай бере жанына Баймағамбет пен Ықыластың елесі топтана кетті.

Махамбет: – Сендер осы менің соңымнан неге қалмайсыңдар?

Баймағамбет: – Қалмаймыз, Махамбет!

Ықылас: – Болашаққа сенімен бірге барамыз.

Махамбет: – Типан, әй, Типан, қайдасың? Нұрсұлтанға айт, атты ерттесін. Дұшпандар көбейіп кетіпті», – бұл айтыста жазушы рухтың мәңгіліктігін айтады. Фольклортанушы ғалым В. И. Еремина мифтік сенім бойынша рудың төтемдік қағидаларын бұзған адамды жан шошырлық жаза күтетінін, сондай жазалардың бірі — оның рухының о дүниеде байыз таба алмай, елеске, аңға немесе жансыз нәрсеге айналуы болатынын жазады. Романдағы адамдардың елеске айналу желісінің бірден бір себебі — тірліктегі әділетсіздікке байланысты. Дұшпандарының опасыздығынан жапа шеккен, сатқындықтан қаза тапқан ақынның трагедиясы бар. Халықтық мифологияда елеске айналу культі, оны кие санау сенімі бар. Бұл мифтік сенім елестердің арбасу әрекетінен, о дүние патшалығы туралы аңыздардан көрініс тапқан. Бұл романда сол сенімнің ұшқыны бар.

Адам рухының көшпелілігі туралы сенімнен туындаған құбылушылық желісінің поэтикалық қолданысы сан тарау ойларды туындатады. Мифтік танымның түп бастауларын терең пайымдаған ақын ондағы әр түрлі танымдық желілерді көркемдік-эстетикалық тұрғыда кеңейте, түрленте жырлайды.

Мифтік қазіргі көркем әдебиеттегі қолданысының формасы — мифтік стилизация. Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романына тән басты сипаттың бірі осы мифтік стилизация тәсілі деп батыл айтуға негіз бар. Қазіргі көркем әдебиеттегі мифтік стилизация туралы Я. Э. Голосовкер: «Туындыны мифтендіргенде қаламгер мифтен бастау алаын бейнелеу құралдарын нысанға алмайды, бірақ оларды белсенді түрде пайдаланады, бұлар мәтіннің негізгі түсіндіруші компоненттерінің бірі болып қалады» деген болатын. Бұған жоғарыдағы мысалдар дәлел. Біз роман мазмұнындағы мифтік құбылушылық сарындарын ғана басты назарда ұстап, сол бағытта ғана тереңдей талдау жасадық. Ал жазушы пайдаланған мифтік сюжеттер мұнымен ғана шектелмейді. Жазушы шығармаларында кездесетін, көркемдік бейнелеу ретінде пайдаланылған мифтік құбылушылық тәсілі туралы ойымызды М. Н. Эпштейннің: «Қазіргі әдебиеттегі мифологизм түп негізі философиямен сабақтасатын рефлектілі сипатымен, сондай–ақ суреткердің мифке интеллектуалды қарым-қатынасымен ерекшеленеді» деген пікірімен тұжырымдаймыз.

 

АДАМ ЖАНЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЗМ

 Егіздеу табиғатын зерттеу, оның көркемдік – бейнелілік болмысына назар аудару көптеген ғылыми еңбектердің нысанына айналды. Дональд Дэвидсонның: «Егіздеу — мұң, тілдің түс көруі. Түс жору түс көруші мен түс жорушының бірлесіп жұмыс істеуін қажет етеді. Дәл осы сияқты  егіздеудің түсініктемесі де өзіне шығарушы мен түсіндірушінің белгілерін жинақтайды»,– деген пікірі әрі тосын, әрі түсінікті.  Егіздеу ұғымында шығармашылық күш нәтижесі бар, ол ешқандай ережеге бағынбайды. Мәселен, біздің зерттеу нысанымыз болып отырған Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы былай басталады: «Айналаға күміс тозаңын төге-төге Ай да өрісінен алыстап кеткен шақ. Пілтесі таусылған жұлдыздар да солғын тартып, сөне бастапты. Екіндіден бері отырған орнынан қозғалмаған Ноэльдің құйрығы тозып, көзі кілегейленіп, кірпігі желімденіп шыдатар болмады. Бозала бояқ жүгірген терезеден жүзін аударып, балконғашыққысы келген. Зауқы соқпады.

– Тіршіліктің тағы бір таңы атты. Бізге күлімдеп қарар ма екен? Не айтасың, Махамбетаға? – деді алдында тұрған ақсүңке басқа қарап. – Сені жетіқат жер астынан қазып алдым. Үрлеп жан сала алмадым. Бірақ исі қазақ зәру болған мәлике жүзіңді сомдадым. Маған риза бол. Сөкпе. Әлім құрыды. Титықтап біттім. Қайтамын Мәскеуге...

  Ақсүңке бастың сәбидің алақанындай көз аңғалағы жылтыл қағып, жақ сүйектері сақ–сақ қозғалысқа енген екен дейді.

– Әй, Ноэль, мені Алматыға қалдырып кету үшін көрімнен қазып алдың ба? Бұл не сұмдығың?

Сақ-сақ қозғалысқа енген жақ сүйектерден осы сөз анық естілді. Өң бе, түс пе, айыртар емес».

Егіздеу табиғатын сөз еткенде ондағы үндестіктерге – жекелей алғанда жаңа және кездейсоқ – екі немесе одан да көп нәрселерге назар түсуі талап етіледі. Табиғаттағы заттар мен құбылыстарды санаға ие адамзатпен ұқсастыру арқылы егіздеу нәтижесінде метафоралар туындады. Егіздеу концепциясы мен метафора табиғатын ғылыми негіздеген А. Веселовский осындай қорытындыға келген. Егіздеуден бастау алған және тепе-теңдіктің жаңғыруынан туындаған бейнелеу тәсілін ешқандай шүбәсіз метафоралар дей аламыз. Әрине, анимистік пайымдаудың елесі ғана сақталып қалған метафоралардың көркем туындыдағы қызметі мүлде бөлек. Метафора  — бір заттың немесе құбылыстың екінші затпен немесе құбылыспен ауыстырыла суреттелуі екені белгілі. Көркемдік ойлау жүйесінің заңдылықтарына сәйкес ойды бейнелеп, тұспалдап, астарлап жеткізу тәсілдеріне сүйенгенде суреткер саналы түрде метафораға бет бұрады. Ал біз жоғарыда келтірген үзіндідегі «Айналаға күміс тозаңын төге өрісінен ұзап кеткен Ай», «Пілтесі таусылып, солғын тартып, сөне бастаған жұлдыздар» бас кейіпкердің көңіліндегі сөне бастаған үміт пен таусыла бастаған төзіммен параллель келіп, психологизмге құлаш ұрады. Қазіргі ғылымда бейнелеу тәсілдеріндегі архаикалық «қабат» туралы концепция бар. О. Фрайденберг қазіргі салыстыруларға негізделген және көне, яғни жалпы табиғаттың сыртқы түрлі құбылыстарын танытатын көріктеу құралдарының бір-бірінен түбегейлі айырмашылықтарын көрсетіп береді.

 Прозадағы психологиялық егіздеусіз «көрінбейтін әлем», яғни, адамның ішкі жан дүниесі туралы айту, абстрактылы ұғымдарды сипаттау мүмкін емес. Егіздеудің негізіне бейне жатады. Қысқа да нақты болып келетін көріктеу құралы прозада әр қырынан көрінген. Ол құбылысты не екенін түсіндіріп жатпайды, бейнелей танытады. Жоғарыдағы үзіндіде Ноэльдің шарасыз қалпы «өрісінен ұзаған Аймен», «пілтесі таусылған жұлдызбен» егізделіп, психологизммен астасып тұр. Мифтік сана дәуірінде рух түрінде қабылданып, қастерленген табиғаттағы әрбір зат пен құбылыс адамзаттық сана-сезімге ие деп саналғаны белгілі. Психологиялық егіздеудің осы танымнан бастау алатынын теоретик ғалымдар қуаттай түседі.  А. А. Потебняның «Көркем сөз теориясы туралы жазбаларынан» атты еңбегінде миф пен психологиялық егіздеудің өзара қарым-қатынасы туралы мәселе көтерілген. Мұнда Потебня көріктеу құралының мифологиядағы орны мен тілдегі қызметін талдап көрсетеді. Адамзаттың ойлау жүйесін мифтік және поэтикалық деп екіге жіктей қарайтын тұжырымдарға назар аударсақ, мифтік ойлау кезеңінде психологизм тура мағынасын қабылдаса, поэтикалық ойлау жүйесінде ауыспалы, бейне түрінде қолданылады. Мифтік ойлау жүйесінен бастау алған таным көркемдік–бейнелілік сипатқа қазық болып, эстетикалық мәнге ие прозалық шығармаларда психологиялық паралеллизмге айналады. Тек сырттай сипаттау ғана емес, ішкі дүниеге үңілу, оны нақтылай көз алдыңа әкелу арқылы түйсікке әсер ету — көркем шығармадағы психологизм тудырған тәсілдердің бірі.

Ұлттық прозадағы психологиялық параллелизмнің бірегей үлгісіне мысалды өзіміз зерттеп отырған нысаннан табарымыз анық. «Емен есігі ерініп ашылатын мекемелердің талайынан көңілі суып, ақыры Талғар беттегі бір қорғанға келген. Шөккен бурадай боп, бір қырындап жатқан қорған бұрын қазылып, тоналмай, ішіне небір құпияны бүккен сынды»,– бұндағы бас кейіпкердің шенеуніктердің алдынан сағы сынғанмен, жігері жасымағанын, көңілінде небір арманы мен мақсаты бар кейпін «шөккен бурадай боп, бір қырындап» жатқан қорған арқылы береді. Бұнда теңеу де, кейіптеу де бар. Табиғатты жандандыра суреттеу де – бұл жазушының бір қыры. Бұл егіздеу арқылы бас қаһарманымыздың болмысы мен жан дүниесі ашылған.

«Ертеңіне таңғы салқынмен кіріскен. Шай қайнатым уақытта қолдарында бір-бір үшкір күрегі бар ауылдың оншақты жігіті де жетті. Әлгілерді азанда айқаймен оятып, көмекке ертіп келген тоқты басын ұстатқан туыс шал екен. Мұның әкесінен көрген жақсылықтың өтеуі де...

Қайратты жігіттер қоя ма, жан-жағынан бірдей үңги қазып, қорғанды қорс етіп салды. Қазған шұңқыр тереңдеп лақатқа таянғанда-ақ Ноэльдің жүрегі зырқ ете түскен.

– Әлі де дендей түсейік. Бірақ бұл біз ойлағандай емес, ертеректе тоналған қорған болды, – деген. Ұстазы Герасимов екеуі әне бір жылы Запорожьеде дәл осындай қорғанды қазғаны бар-ды. Онда да дәл осындай адам мен аттың сүйегі аралас бей–берекет көмілген екен.

Ауыл жігіттері әбден сартап болған аттың бас сүйегін алып шығып қабырғаға сүйеді. Сағағына баланың басы сиып кеткендей. Сәйгүліктің өзі екен. Қаба жалы шірімепті. Тұтас шықты. Бір күрек тереңнен бір құшақ құйрығы да табылды. Ал, адам сүйегі ұнтақ боп уатылып, шашылып жатыр. Қару-жарақтан ада. Тінтіп іздегенде табылғаны – жалғыз күміс тостақан. Бүйірінде іркес-тіркес боп сына жазу тұр. Бар–жоғы сол. Үшеуі қолдарына жалғыз күміс тостақанды ұстап Алматыға жүрерде ауыл азаматтарын алғыстаған. Алтын табамыз, күміске қарқ боламыз деп қанжығасына екі қанар қап байлап келген тар маңдай, тарғыл бет құбақан шал алаяқ тонаушыларды ма, жолы болмаған ағайынын ба, әлде ұлын дені дұрыс оқуға бермеген көкесін бе әйтеуір күбірлеп боқтап қыр асып кеткен....»  Бұл жерде автор қорғаннан табылған жалғыз күміс тостақанды — ұлтымыздың  өткенінен бүгінге түскен жарық сәуле ретінде беріп отыр. Тоналған қорған болса,  шекесінен қарап шікірейіп, ұлт мүддесін емес, қара басының қамын ойлаған шенеуніктердің  қысастығына тап болған Ноэльдің әлемтапырық жан дүниесімен егізделіп беріліп отыр.

«Қобда жеріндегі қақтығыс екен дейді. Қалың әскерді Елек өзені бойына төгіп, өздері отыз-қырық шолғыншысымен жан-жағын барлауға шығыпты. Аңдыған дұшпан алмай қоя ма? Астрахан казачество полкінің атаманы Петровтың да күткені осы сәт екен. Кереге қанатын жайып қоршады да алды. Хиуа хандығынан орыспен соғысам деп Қайыпқали сұлтан үш мың ләшкерді бастап жеткен. Мұғалжар тауының етегін басып қаннен қаперсіз ол жатыр. «Жау шаптылап!» хабар салар жай қайда? Көзді ашып-жұмғанша қақтығыс басталды да кетті.

 Мұздай қаруланған патша әскеріне отыз-қырық шолғыншы не қайран қылар? Казактардың негізгі нысанасы — Исатай мен Махамбет. Көтерілістің екі басшысын құртса, өңгесі шидің тезегіндей пышырап кетпей ме? Төбе басына сүйреткен көктемірін құрып, отты қару үш дүркін атылған. Ойқастап жүрген Исатай:

– Шаңын шығарып емес, қанын шығарып соғыңдар!–деп ақырады. Оқ өзіне дарымады. Ауыздық бермей ала қашқан ақтабан ат сүріне құлаған. Батыр жерге домаланып түсті. Махамбет оңды-солды қылыш сермеп батырға ұмтылып баққан. Жетті де астындағы ақбозын алдына тоса берді.

– Мін атыңа! Жаудан қашты деген жаман атаққа қалдырайын деп пе ең?!

Әй, арыстан еді-ау, Исатай! Ақырғы сөзі екен. Дұшпанның көздеп атқан оғы қақ жүректен кеп қадалды.

Жаны шықпай жатырған батырдың бір казак кеп кеудесіне істік сұққан.

Екіншісі селебе пышақпен тамақтан орып жіберді. Ыстық қан көкке шапшыған. Ат үстінде тұрған атаманның бетін жуып кетті»,– дәл осыған ұқсас оқиға Америка құрлығындағы Аризона резервациясында қоныстанған апачи тайпасының басынан өтіп жатты. Отыз жыл бойы отаршыларға қарсы күрескен Джеронимоны алдап қолға түсіріп, ақыры аттан құлады деген желеумен қаза тапты. Оның да басын кескен генерал Нельсонның бетіне ыстық қан шапшыған. Бұл — үндістердің о бастағы бастауы — Тұран жері деген тұжырым. Қазақ пен үндістердің туыстығын дәл солай деп айтпаса да автор ұқсас оқиғаларды егіздеп суреттей отырып, шындықты, о бастағы негізді ұрпаққа ұғындырғысы келеді. Азаттықты көксеген көшпенді бабалардың ыстық қанымен жуылған сахараның әр тұтамының қымбаттығын еске салады. Ол қан қазіргі ұрпақ бойында да тулап ағып жатқаны хақ. Әйтпесе, Ноэльдің ізін басқан Дәурен, Айымдар қайдан келді? Бұл жерде табиғат пен адам, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынас психологиялық егіздеу арқылы нақышталған. Кейіптеуге, психологиялық егіздеуге ұласатын  бейнелеу құралдарының көркемдік мүмкіндігі, бейнелеу аясы әр кезең шығармасында тың ізденіс, үлкен жаңалықтармен молайып отыратынының тағы бір куәсі. Егіздеу арқылы шығармашылық психологияға сәуле үстейтін автордың танымының кеңдігі де осында!

«Айтпақшы, осында Пугачев көтерілісін көркем шығармаға айналдырам деп Пушкин де ат басын тіреген. Даль қасында жүріпті. Сол сапарда ғой ұлық ақынның «Из Гурьева городка, протекла кровью река» дейтіні. Қауырсын қаламның ұшына иманыңды ұшыратын осындай қос тармақ қалай ілінді екен?» – Ноэльдің ішкі монологы. Суреткер ішкі монолог арқылы да психологизмге жол салып, ұлт өкініші мен арманын бедерлейді.

«Көп ұзамай Әлімжан ағасы екеуі Атырауға бет түзеген. Облыс басшысы Айтуов мырза мәдениетті де білімдер жан екен. Ілтипатпен қабылдап, сәт сапар тілеген. Алдарында – атақты Қарой. Бұлар мінген жеңіл көлік Жайықтың Бұхар бетіндегі соқпа жолға түскен. Алдында жаңбыр сіркіреп өтіпті. Іздік ғана ұлпа шаң көтеріледі. Мамырдың майда самалы көкірек ашып, аңқылдап еседі. Жайық жағасындағы нар қамыс пен балапан құрақ жарысып ырғалады. Өзен ортасында үйдей кеме су бетін сызып қалаға бет алған сынды. Жан-жағын толқынмен көміп барады. Қарсы кезіккен моторлы ұсақ қайықтар жол беріп безілдеп қашады»,– Ноэль мен Әлімжан Сақтаевтың Махамбеттің қабірін тауып, басын Алматыға алып кететін сәті суреттелген. Ақынның бет-пішінін сомдауды арман еткен Ноэльдің көңіл-күйі дәл мына табиғатпен үндестік тапқан. Ұлттың мұрасы боп саналатын Махамбеттей адамның бет-әлпетін таныту – ұлттың өзі-өзі тануы. «Нар қамыс», «балапан құрақтар», «мамырдың майда самалы», «Жайық толқыны» – бас кейіпкердің көңіл–күйімен өзіндік үйлесім тапқан.

Қазіргі әлем әдебиетінде етек алған үрдіс – адамның екіге жарылып, бір–бірімен айтыса, таласа жүріп, өмірдегі әртүрлі оқиғалар мен қоғамдағы жағдайлар туралы қарама-қайшылықты пікір айтуы. Сөйтіп, бір кейіпкер екі адам болып, өзінің ішкі болмысын, көңіл түкпірінде жатқан ой-сырын ашып, күрделі образға айналады. Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романындағы Ноэльді алайық. Ол кейде, өзімен-өзі сөйлесіп қана қоймай, өмірден өтіп кеткен адамдардың елесімен де байланысқа түседі.

Адамның мұндай халге түсуінің себебі неде? Автор да, кейіпкер де осыған жауап іздейді. Бұл тек қана психологиялық күйзеліс пе? Солай болса, оны тудырған не нәрсе? Қандай күш? Бір жағынан қарағанда, адамдарды  рухпен, елеспен байланысқа түсуге әкеліп тұрған нәрсе – санасыздық, ессіздік болуы мүмкін, яғни адам өзінің жабайы, әлі саналы Homo Sapiensболмай тұрған кездегі әдетіне басып, белгілі бір (аффект, экстремалды, есеңгіреген, т.б.) жағдайда сол  сезімдеріне ерік береді де,  өзі де түсінбейтін әрекеттерге барады. Бұл Юнг, Фрейд ашқан «бейсаналық архетиптер» деуге де толық негіз бар және оларды жазушы адамның ішкі болмысын ашуға шебер пайдаланған.

 «...Шайын ұрттап отырып, терезеге көз тіккен. Түнгі Алматының ұйқыға бас қояр түрі жоқ. Қайшыласа шапқан жеңіл көліктер мен дуылдаған жастар құс базарындай қиқу салады. Көзін тайдырып әкетті.

– Иә, сауаптың ісі, – деді тағы да. Махамбет те мұның өзі сияқты заманында басбұзарлау болған. Хан мен байлардың ышқырындағы битті санатып, басы артығын тартып алсам деп айбат шегіпті. Бірақ ол, алдымен, халқым, қарындасым деген. Бұл ше? Аузын ашса ақша депті, көмейін ашса көр көрініпті. Жоғалған басты ақынын ардақ тұтқан елге тауыпберіп, сүйіншісін қалтаға басса, ебін тауып көз көрмес, қол жетпеске жоғалар еді. Аз да болса ар алдында тазарар еді. Қашаған жылқы құсамай адал тірлігін бастар еді. Бірақ қалай? Қайтіп табады ол басты?

  Студент кезінде бір мұражайға бас сұққан. Ана батырдың шашақты найзасы, киген сауыты, мына бидің ұстаған қамшысы деген көне дүние көздің жауын алады. Қызықтап ұзақ жүрді. Табанынан тозып барып мұражайдың бір қызметкерінен сұраған:

– Осының бәрі рас па? – деп.

Жас қыз иығын қиқаң қақтырып біраз тұрды да: – Елден жинап алған зат қой. Нақ сол адамдардікі екеніне өзіміз де сенбейміз. Жоқтан жақсы, – деп құтылған. Осыны естігенде мұның алақызба көңілі суып сала берген. Әй, бәсе! Сүрініп кеткеніне қарамай, тоңқаңдап алға ұмтылатын бұ қазақ қайдан ғана мұқият, мүттәйім бола қалды десе... Көбі көз алдаған мүлік екен»,– бұл баскесер, қарақшылықпен айналысқан Әлімнің ішкі арпалысы. Сөйтіп, Махамбеттің басын тапқан адамға берілетін миллион долларды қалтаға басу қамына кіріскен ол сыбайласы Жорикті ескі зиратқа жібереді. Құлап жатқан көрдің ішіне түсіп, ақсүңке басты  алып келсе, «Махамбеттің басы» деп, сыйақы алмақ. Бұл жалғыз емес. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Халықаралық «Бәйтерек» қорының ақын басын тапқан адамға миллион доллар беретіні жарық көрген кезден басап сонау Санкт-Петербургтағы Абраамнан да маза кеткен. Сыбайласы Славаны шақырып алып ол да құпия тапсырма береді: « – Қазақтардың ертеде өлген бір ақынының басы жоғалып кетіпті.

– Жоғалсын.

– Өй, сен де бір! Соны тапқан жанға бір миллион доллар ақша ұсыныпты.

– Оны қайдан табамыз?

– Қажеті жоқ. Енді ақылдасатын шаруа бар. Сенің қолыңнан келеді.

– Айта бер.

– Мұсылмандар өз бастарына ие бола алмай жүріп...Өлгендердің басын іздеуге шығыпты. Қапы қалмайық.

– Тапсырма қандай?

– Эрмитаждың қоймаларының бірінде Кенесарының басы сақтаулы. Мен жолай алмаймын. Құйрығымда қоңырауым бар. Сенің жөнің бөлек. Әзірге өмірбаяның таза. Қырағы көзге ілінбегенсің.

– Сонда...

– Сол басты алуымыз керек. Сақтап қоямыз. Қазақтар түбі оны да іздейді. Сол кезде сауда қызады. Қымбатқа өткіземіз», –  уақыт желі құйындап соққанда адамның алтыннан да қымбат басының қай тентектің қолында кететінін тек жаратқан Алла ғана біледі. Өзіміздің небір асылдарымызды бағаламай жүріп, өзгенің жылтырағына құмармыз. Еліктегішпіз. Өз жұртымыздың мұрасын сақтауға келгенде салақпыз. Жазушы осыны күйіне отырып жеткізеді. Сарказм де жоқ емес. Уытты мысқылға да орын берілген. Жазушы улы кекесінді, сын найзасын түйрей отырып, іштей егіледі, жылайды. Осыны сезінуге болады. Арқамыздан мың құмырсқа өткендей, шымырлап кетеді. Ол – жазушы шеберлігі.

«...Эрмитаждағы Кенесарының басына жұмсалған Слава келесі жолы әріптесін күліп қарсылаған. Абраам да разы кейіпте: – Ақша ұстайтын алақаным қышып еді. Жарайсың. Джоһар Дудаевты білесің ғой. Енді соның да...– деп жатты.

 ...Бәрі Си-Эн-Эн телекомпаниясының күндізгі хабарынан басталған.

–Бұл бұрын әлемнің ешбір елінде болмаған оқиға. Қазақстанның Халықаралық «Бәйтерек» қоры Махамбет ақынның басын тауып әкеліп берген адамға бір миллион доллар сыйақы ұсынады...

Мұнан соң генерал Хьюс Нью — Йорктегі пәтеріне қалай сияр?Өзімен бірге соғыста сыналғандардың ең сенімділерін үш топ қып бөлек–бөлек жинаған...

...Бірінші топ Иракқа аттанған. Дар ағашы алдында өз иманын өзі үйіріп өлетін Саддам Хусеиннің басын ұрлап шығуға.

Екіншісі АҚШ-ты «Қабаған ит» деп нәлеттеп кеткен Муаммар Каддафидің көмілген жерін табуға.

Соңғысы бір уыс топырақ бұйырмай, денесі теңізге тасталған Бен Ладеннің су астынан қаңқасын іздеуге.

Генерал Хьюс сәт сайын қол телефонына үңіліп, қуанышты хабарды күтумен отыр»,– жазушы мұсылман әлеміне төнген қауіпті ескерткендей. Мұсылманның жақсысы мен жайсаңын күтіп тұрған зобалаңнан, нәубеттен сақтандырғандай. Бұнда да жазушы егіздеуді сәтті қолданады. Психологизмге иек арта отырып, оқиғаларды бір–біріне салыстырмалы түрде егіздеп суреттейді. Бәрі де мұсылманның басына құмар екен? Оның соңы немен бітер? Белгісіз.

 Бұл үзінділерде ақшақұмарларды  тоғышарлық дәрежесіне жеткізген нәрсе – азғындық. Кәдімгі Абай айтқан «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласының» өзі. Содан барып ол «санасыз, ойсыз, жарым ес» болып шығады да, адамдық ізгі қасиеттен толық айырылады. Ойланып қарасақ,  оқырманды шошытқан жаңа әрекеттерді істейтін адамдар бүгінгі заманда өркениетке жеткен, демократиялық елдерде өмір сүреді. Демократия дегенді «бәрін өзім білем, не істеймін десем – өз еркім» деп түсінген олар – аш емес, жалаңаш емес, бірақ гомосексуалистер, көшеде тыр жалаңаш жүретіндер, ішіп, қалай болса солай жыныстық қатынасқа ашық түсетіндер… Олар неге бұлай болды? Себебі – өзімшілдік, жауапсыздық, қоғамда тежегіш күштің жоқтығы. Дәл осыған ұқсас жағдай бізде де көрініс беруде. Бірақ біздегінің себебі сәл басқаша. Дамыған елдегілер «тойып секірсе», біздегілер «тоңып секіруде». Нарықтық экономикаға көшкен сәттен бастап, бұқара халық орасан қиыншылыққа тап болды: жұмыссыздық, баспанасыздық, аштық – бұлардың бәрі қосыла келіп, адамдардың біраз бөлігін люмпенге айналдырды, рухани азғындыққа әкелді. Соның салдарынан олар есірткіге, ішкілікке, әйелдер жезөкшелікке салынды, еркектер, әсіресе, жастар рэкеттік әрекеттер мен зорлық-зомбылық жасауға көшті. Рухани азғындау, түптеп келгенде, оларды адамгершіліктен жұрдай қылды, не құдайдан, не адамнан қорықпаған олар өз әкесін, шешесін, баласын, әйелін өлтірді, қызын, қарындасын зорлады, жазықсыз жандарды жайратты… «Ашынғанның тілі шығады, ашыққанның қолы шығады» демекші, кедейшілік, жоқшылық адамдарды ессіздікке, тағылыққа апарды. Сонымен бірге мұндай хайуандыққа тек ашыққандар ғана емес, «тамағы тоқ, көйлегі көктер» де барып жатқаны елге аян. Бұның себебі – «аттылыға ілесіп, жаяудың таңы айырылыптының» кері. «Демократиялық елміз» дегенді желеу етіп, бас-көз жоқ Батысқа еліктеудің салдары. Ебін тауып, екі асап, тез арада байып алғандардың бір бөлігі дамыған елдердің «рахат өмірін» өздерінше түсініп, игеріп алған сыңайлы. Өзінің мүддесі үшін олар ешқандай зорлық-зомбылықтан, кісінің қанын төгуден, бір үйлі жанды сойып, тонап кетуден қашпайды. Бұлардың азғындауы – аштықтан емес, имансыздықтан, өзімшілдіктен, тойымсыздықтан, ашқарақтықтан. Ендеше, бұлардың адами болмысы-оу бастан шірік, арам. Реті келіп, өздері қалаған жағдай туғанда олар тағылыққа көшіп, жабайы әрекеттерін іске асырады. Міне, осындай адамдардың ішкі дүниесін ашып, оларды  психологиялық паралеллизм тәсілімен әшкерелеу – көркем әдебиеттінің бүгінгі таңдағы өзекті міндеттерінің бірі. Әшкерелеп қана қою емес, сондай былықты, зияпатты істердің алдын алып, адамдарды сақтандыру, сол арқылы қоғамды тазарту, жетілдіру – әдебиет пен өнер үшін зор мақсат. Жазушы  осы мәселелерді көркем тілмен зерттей де, зерделей де білген.

Бір адамның екіге бөлінуі (раздвоение личности) – философиялық тұрғыдан алғанда, өте күрделі құбылыс, ал көркем өнерде, әдебиетте өмірдегі қайшылықтарды, кейде ашық айтуға бола бермейтін әлеуметтік, саяси, қоғамдық, рухани келеңсіздіктерді тереңінен көрсету үшін кейіпкерді екі жарып, екеуін айтыстырып, тартыстырып суреттейтін аллегориялық тәсіл. Жазушы тіршілікте болып жатқан істерге, немесе саяси шешімдерге, т.б. жағымсыз құбылыстар мен оқиғаларға деген өзінің көзқарасын білдіру үшін осы тәсілді қолданып, психологиялық шығарма тудырады.

Психологизм ұғымының әдебиетте қай дәуірде қалыптасқанын нақты айту қиынға соғады. Ежелгі антик дәуірі әдебиеті драматургия негізінде дамығаны белгілі. Софокл, Еврипид, т.б сияқты драматургтер өмірге көптеген драмалық шығармаларды әкелді. Ежелгі Грецияда театр өнері пайда бола бастады. Трагедия мен комедия да сол кездің психологиялық аспектілерінің бірі болып табылатындығы даусыз ақ. Трагедия – грек тілінен аударғанда трагус – ешкі, оде – өлең деген мағына береді екен. Гректер құдайлары Диониске арнап ешкі малын құрбандыққа шалған. Міне сол жиында ода айтатын болған. Яғни, өлең айтады. Кейін бұл өлең мұң, шер өлеңге айналады. Халық өз мұңын өлеңге жырлап қосып, айтады. Комедия жанры көңілді жанр болып табылады. Міне ежелгі антик дәуірінде психологиялық аспектінің екі түрі пайда болғанын байқап отырмыз. Қайғыру мен қуану аспектілері. Психологиялық аспектілердің бастауын осы кезеңнен байқауымызға болады.

  Қазақ әдебиетінің бастауы болып саналатын Орхон Енисей жазба ескерткіштерінде психологиялық аспектілер көрінеді. Бірақ бұл ескерткіштердегі психологиялық күйлер халық ауыз әдебиетінде кездесетін ертегідегі психологиялық күйлер сияқты, тереңнен ашылған жоқ. Тек, адам қуанса қуанды, жыласа жылады деп қана қойды. Одан тереңін ашып көрсете білген жоқ. Психологизм ұғымы әдебиеттің дамуынан пайда болған ұғымдардың бірі десек қателеспеген болар едік. Біз әдебиеттегі психологиялық аспектілердің қалай және қай дәуірде пайда болғандығын айқындаймыз. Психологияның пайда болуын қарастырмаймыз, бұл психология ғылымының еншісінде болып табылады. Яғни, мұнда да аспектінің екі түрін байқай аламыз қайғыру мен қуану аспектілері.

 Адам жанының құпияларына Әбу Насыр әл-Фараби, Х.Яссауи, Ж.Баласағұни т.б. оқымыстылар да көңіл бөлгендігін шығармаларынан байқауымызға болады.

 Алтын Орда дәуіріндегі әдебиетке назар аударсақ, нәзира дәстүрімен жазылған қисса дастандарды айта аламыз. Бұл кезеңде қисса-дастандар түрлі тақырыпта жырланды. Махаббат тақырыбына жырланған қисса-дастандарға көз жүгіртейік. Бұл дастандардан психологиялық күйлер мен сезімдерді көптеп байқауымызға болады. Бұл дастандардағы психологиялық аспкетілер әлі күнге дейін зерттелмей келе жатқан дүние. Бұл дастанда жалғыздық, аңсау, толғау, күйініш, сүйініш, түс көру, аян беру сезімдері мен құбылыстары суреттелген. Бұ дастандарда психологиялық параллелизм әдісі де кеңінен қолданылған. Осы аталған аспектілер көркем прозада ХХ ғасырдың басында кеңінен қолданылса, қисса дастандарда әлдеқашан пайда болған аспектілер болып табылатындығын аңғаруымызға болады.

Сондай ақ, эпостық, лиро-эпостық жырларда портреттеу, суреттеу ұғымдары көптеп кездеседі. Сұлу қыздың, батыр жігіттің, сәйгүлік аттардың портретін беру жыр мен дастандарда пайда болған ұғымдардаң бірі екен. Эпостық, лиро-эпостық жырлардан динамикалық психологизммен қатар, аналитикалық психологизм ұғымдарын байқай аламыз. Кез келген батырлар жырында портрет беріледі, түс көрудегі аян беру, сағыну, зарлау, жоқтау сияқты ұғымдарды көптеп кездестіре аламыз. Лиро-эпостық жырлар да лиризмге толы болғандықтан, психологиялық аспектілерді байқай аламыз. Зерттеуші Гүлзия Пірәлиева өз еңбегінде осы мәселеге тоқталып кеткен болатын. «Бірінші, ол лиро-эпостық жырлардағы ғашықтық сезімдер, батырлар жырларындағы кейіпкерлердің күйініш-сүйініші, толғанысы, ел-жұрттық, ата-анасының көңіл-күйлері арқылы көрінді. Алайда олар қарапайым бейнеленіп, ішкі сөз ойлары тек қана баяндаушының көзқарасы, әңгімесі арқылы берілді. Сондықтан да біздің эпикалық жырларымызда сырттан бақылау басым болып кетеді де, кейіпкердің көңіл-күйлері, жеке бастың жан-сезімдері соның көлеңкесінде қалып қояды». Бұл пікірге әрине, келісеміз. Бұл жырлардағы кейіпкерлердің психологизмінің берілуі баяндаушыға байланысты болып келері даусыз. 

 Сонымен қатар, бұл жырларда тек қана портрет қана емес, ұлттық психологиялық аспектілерді де кездестіре аламыз. Толғау, жоқтау, естірту, сыңсу т.б жанрларды біз ұлттық психологизмдер қатарына жатқыза аламыз. Эпостық, лиро-эпостық жырлар ұлттық психологизмдерге аса бай болғанын айғақтай аламыз.

Жыраулар поэзиясының шығармаларынан да жан туралы мәселе бойынша сөз қозғағандығын аңғара аламыз. Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұхар т.б жыраулар шығармашылығынан да жан мәселесіне сөз қозғағанын аңғара аламыз.

Бұл ұғым көптеген зерттеушілердің пікірінше бірден қалыптаса қойған жоқ. Қазақ әдебиетіне бұл ұғым даусыз-ақ, ХХ ғасырда көзге айқын көріне бастады. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл ұғымға қазақ әдебиетінде назар аударғандар көп емес. Сол аздың бірегейі – біз шығармаларын зерттеп отырған Рахымжан Отарбаев.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА, "Жұлдыз" журналы