30 қыр, 2016 сағат 19:13

Шығыс өңірінің алдағы қысқа дайындығы жақсы

Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің мәжілісінде бірнеше маңызды мәселе талқыға салынды. Атап айтсақ, жиында алдағы қазан айына жоспарланып отырған «Алтай Инвест-2016» инвестициялық форумын өткізуге әзірліктің барысы, шетелдік компаниялар қатысқан кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек заңнамасы талаптарының орындалуы, келе жатқан жылыту маусымына дайындық және өзге де өзекті мәселелер қарастырылды.

«Алтай Инвесттің» бағыттары кеңейеді

Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов баяндама жасады. Осы жылы өңір басшылығы инвестициялық форумның бағыттарын кеңейтуді ұйғарып отыр. Былтыр аталмыш ауқымды іс-шара тек аграрлық секторды ғана қамтыған болатын. Қазанның 21-22 күндері Өскеменде өтетін «Алтай Инвест-2016» форумы аясында 84 жоба ұсынылмақ. Оның 41-і ауылшаруашылығы, 8-і өнеркәсіп, 3-і энергетика және 10-ы туризм салалары бойынша. Сондай-ақ, әлеуетті инвесторларға мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберіндегі 22 соны жоба ұсынылады. Аталмыш форумға 10 елдің инвесторлары келеді деп күтілуде.

– Барлық жоба бойынша төлқұжаттар әзірленген, олар қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде болады. Форумға қатысушылар үшін туризм және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп және энергетика бағыттары бойынша роуд-шоу өткзілмек. Шараға дайындық бектілген кестеге сай орындалуда, бәрі де менің жеке бақылауымда, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Аймақ басшысы форумға Аспан асты елінен 300-ден астам кәсіпкер келетінін айтып, виза мәселесін тиісті ведомстволар арқылы шешу ісіне жіті көңіл бөлуді тапсырды.

– Бұл – өңір экономикасы үшін өте маңызды жиын, сол себептен дайындық жоғары деңгейде болуы тиіс, біз бұл шараны барынша тиімді өткіземіз деп сенемін, – деді Даниал АХМЕТОВ.

Шетелдік жұмыс күші тартылған компанияларға тексеріс күшейеді

Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда дау-дамайларды болдырмау жөніндегі өткен жылдың 20-шілдесінде Үкімет бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыстық жоспар да әзірленіп, жедел жұмыс тобы құрылған-ды. Жалпы, осы жылдан бері облыстағы 55 ұйымға 974 шетелдік маман тартылған. Олардың басым бөлігі Ақтоғай тау-кен байыту комбинатына тиесілі.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, былтыр еңбек инспекторлары прокуратурамен бірлесе, шетелдік компаниялар қатысқан кәсіпорындарда 44 тексеру жүргізген. Аталмыш тексеру нәтижесінде еңбек заңнамасының 199 бұзылу фактісі анықталыпты. Олардың басым бөлігі еңбек қарым-қатынасына, еңбек қауіпсіздігіне қатысты болған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 13,1 миллион теңгенің 60 әкімшілік ісі қозғалған. Қазіргі кезде барлық ескертулер толық орындалып отыр.

Ақтоғай кентіндегі «NFC Қазақстан» ЖШС-де бір адамға алты шаршы метрден келуі тиіс деген гигиеналық нормативті сақтау мақсатында қосымша сегіз модульдық типтегі ғимарат салынып, тұрғын аудан тоғыз мыңнан 13 мыңға дейін ұлғайтылған.

Кәсіпорындармен қауіпсіз әрі жайлы еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау бойынша 25 меморандумға қол қойылыпты. Аягөз ауданы әкімі мен 12 компания арасында еңбек-әлеуметтік қатынастарды реттеу бойынша келісім жасалды, аталған кәсіпорындарда ұжымдық шарттар бекітілді.

– Тексерулер ұдайы жүргізіліп отыруы тиіс. Бұл іске еңбек инспекциясы басқармасымен қатар, тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі депатамент те белсенді араласуы керек. Бақылауды күшейту қажет. Қытайлық әріптестеріміз біздің тараптан бақылаудың әлсіздігін сезді. Сол себепті заңбұзушылықтарға жол берілді. Ал енді олар біздің барлық талаптарымызды орындап отыр. Алдағы желтоқсан айында аталмыш кәсіпорындарға тағы да тексеру жүргізілуі тиіс, – деп тапсырды облыс әкімі.

Алдағы қыс маусымына дайындық барысы туралы есеп берген энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ринат Омаров қазіргі кезде өңірдегі қуатты 623 қазандықтың 612-сі

әзір екенін жеткізді. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының нысандары қысқа 100 пайыз дайын. Орталықтандырылған жылыту жүйелеріне қосылған 4 256 тұрғын үйдің 4 185-і (98 пайыз) жылу қабылдауға толық қауқарлы.

– Семейдегі «Теплокоммунэнерго» кәсіпорны 250 миллион теңге шамасындағы өз қаржысына жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қалалық бюджеттен қосымша 105 миллион теңге қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында былтырдан бері Семейдің жылумен қамту нысандарын дамытуға қатысты 1 миллиард 129 миллион теңгенің 10 жобасы іске асырылып жатыр. Қазір қаражаттың 74 пайызы игерілген, – деді Ринат Омаров.
Жылыту маусымына дайындық бойынша негізгі мәселе – Семей, Курчатов қалалары мен Зырян, Шемонайха аудандарындағы коммуналдық кәсіпорындардың 877 миллион теңгені құрап отырған дебиторлық қарызы. Оның басым бөлігі «Теплокоммунэнерго» (377 миллион теңге) мен «Семей су арнасы» (396 миллион теңге) кәсіпорындарына тиесілі.

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Семей қаласының басшысына берешектер бойынша жұмыс істеу керектігін қатаң ескертті.

– Бұрынғы орынбасарым Димитрий Гариков осы іспен шұғылданып, нәтижесінде қарыз көлемі 250 миллион теңге қысқарғанын білесіз. Бірінші орынбасарым Нұрымбет Сақтағановқа ай сайын Семейдің өзінде бір және селекторлық режимде екі рет осы мәселе бойынша жиын өткізіп, жұмыс істеуді жүктеймін. Семей қаласының әкімі мен коммуналдық кәсіпорындар басшылары есеп беруі тиіс, – деп тапсырды аймақ басшысы.

Жиында сондай-ақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Арман Тұрысбеков «Алтай Агроинвест-2015» халықаралық форумында жасалған меморандумдардың орындалуы туралы ақпарат берді. Былтыр өткен осы ауқымды шараның нәтижесінде бірқатар тиімді келісімге қол жеткізілген. Атап айтсақ, осы форум нәтижесінде Аягөз ауданында қытайлық компания «Еуразия Агрохолдинг» комбинатын салуда, Көкпекті ауданында балықты өңдейтін «Кузьмич» ЖШС Қытай экспортерларының тізіміне енгізілді. Зайсан қаласында «Ертіс» шағын тракторлары құрастырыла бастады. Алғашқы 35 трактордың 11-і «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында сатылған. Сондай-ақ, Ұлан ауданында жылына 100 миллион дана жұмыртқа шығаратын фабрика салу бойынша жоба жоспарланып отыр.

– Форумның нәтижесі бар. Әр инвестор қаржы құяр алдында біздерді мұқият зерделейді. Сондықтан оларға қажетті ақпаратты ұсынып, істеріне септесулеріміз қажет, – деп міндеттеді Даниал АХМЕТОВ.

Мәселенің мәнісін зерделеген жөн

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов пен Аягөз ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Жөргекбаев діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысы турасында баяндады. Семейде ақпараттық-насихат топтары жыл басынан бері халық арасында 215 іс-шара өткізіпті. Оларға 16 мыңнан астам адам тартылған. Аягөз ауданында 23 діни бірлестік пен филиал тіркелген. 20 имамның екеуі жоғары білімге ие, бесеуі медресені тәмамдаған, 13-і біліктілік арттыру оқуларынан өткен.

– Өкінішке қарай, біз осы мәселе бойынша дұрыс жұмыс жүргізбейміз. Кеңес кезіндегідей насихат топтарын құрамыз, оларға елге қадірлі болғанымен, мәселені жете білмейтін адамдар енгізіледі. Бізге мәселенің себебін білу керек? Неге азаматтар дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетеді, оларды бұған не итермелейді? Міне, осымен шұғылдану қажет. Нақты іс-шаралар бағдарламасы керек. Мәселен, теріс ағымдарға ілескендердің 53 пайызы жұмыссыз азаматтар екен. Яғни, себептер экономикалық-әлеуметтік, идеологиялық және саяси болады. Облыста 432 салафит бар болса, оның 73-і Аягөз ауданында. Оларды «байсалды» немесе «байсалды емес» деп бөліп, өз-өзімізді алдаудың қажеті шамалы. Имамдарымыздың Алматыда оқытылуын қоғамдық қорлар арқылы қаржыландыруды қарастырған жөн, – деп түйіндеді облыс әкімі. Аталмыш мәселе алдағы желтоқсан айында тағы бір мәрте арнайы қарастырылатын болды.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Жуасбаева балалар өлімін азайту бойынша қолға алынып жатқан шаралар турасында баяндады. Бүгінгі таңда облысымызда 334 мыңнан астам бала бар. Оларға түрлі деңгейде медициналық көмек көрсетіледі. Аса ауыр науқастар Астана мен Алматыдағы клиникаларға жіберіледі. Өңірдегі медициналық мекемелер балалар дәрігерлерімен тек 78 пайызға қамтылған. Тапшылықты азайту үшін бас дәрігерлер кадрлар жәрмеңкелеріне қатысады.

– Біздің облыс бала өлімі жөнінен елімізде алдыңғы қатарларда екенін неге айтпадыңыз? Бұл – он жыл бойы жалғасып келетін жағымсыз көрсеткіш. Ауруханаларымыздың базасы мықты, заманауи құралдармен жабдықталған. Бәрі де бар. Неліктен бала өлімі азаймай тұр?! Бұл мәселені алдағы қаңтар айында әкімдік отырысында кеңінен талқылайтын боламыз. Мен салалық министрмен кездестім, енді ведомство өкілдері жағдайға сараптама жүргізу үшін бізге келіп, осы мәселемен тиянақты шұғылданатын болады, – деді аймақ басшысы.

Ержан Әбіш