(немесе Тәуелсіз елдің жыршысы туралы бірер сөз)
Таяуда семейлік ақын Қайрат Зекенұлы Сабырбаевтың «Дүлдүлдер дүбірі» атты жыр жинағы Астана қаласының «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Мемлекеттік тапсырыспен, көлемі – 230 бет. Кітапта автордың таңдаулы цикл-жырлары мен екі поэмасы топталған екен. Жерлесіміздің өлеңдері қалалық, облыстық және республикалық басылымдарда көптен жарияланып келеді, сол арқылы шығармашылығының бел-белесімен біршама таныспыз. Бірақ жауһар жырлар жүйеленіп, бір жерге топталғанда әсері өзгеше болады екен. Сол себептен төменде жаңа кітапты оқырманға таныстыра отырып, кейбір ой-пікірлеріммен бөліскенді жөн санадым.
Шөліркеп таңдай кепкенде мөлдір қайнарға тап келсең, сол бал бұлаққа бас қоймау мүмкін бе? Әрине, жоқ. Жұтсаң сүйсініп жұтарың, бір жұтымнан соң, тағы бір ішсем екен дерің сөзсіз. Мына жыр кітабыда бірінші парағынан өзіне тарта жөнелгені. Әуелгі «Ертісім» деген өлеңінде ақынның:
Ертісім менің – еңселім,
Мен де бір сенің бөлшегің.
Танытып дәйім тұрасың,
Тұтастықтың өлшемін.
Ертісім елге тірексің,
Болайық біз де тілекшің.
Бұлақ пен мұхит арасын,
Жалғап бір тұрған жібексің! –
дегені ерке Ертісті күнде көріп, өмір-дәуренді соның жиегінде өткізіп келе жатқан баршамыздың да жүрегімізге жылы тиері сөзсіз.
Қайрат Зекенұлы арулар мекені – Аякөз өңірінің тумасы, ұшар басына қырандар ұя салған ақ шыңды Ақшәулінің бауырында өскен азамат. Сол туған жерге сағынышы тұнған көп жырлар перзенттік сезімінің куәсі.
Кәкең кітабына «Дүлдүлдер дүбірі» деп ат қойған. Жылқы символына екпін бергені – жинаққа кірген жырлардың үлкен бөлігін және бір поэмасын жылқы түлегіне арнапты. Бұдан бөлек, ауыл өмірінің панарамасын көз алдыңа әкелетін «Қыр қазағы» сияқты туындылар өз алдына бір төбе. Дүлдүлдік (яки жүйріктік) пен оған ұмтылыс, жылқыға сияқты, адамға да тән құбылыс. Бұрынғылар: «Өмір деген бәйге: шабан қалады, жүйрік озады» демекші, дүлдүлдік пен ардалықты армандамайтын кісің кәне. Сондықтан да замандастар бейнесі, ел кейпі, қоғам дерті және соларға ем іздеуде – жинақта орнын ойып алған арналы тақырып болуы табиғи заңдылық.
Енді Қайраттың поэзия әлемінің ерекшеліктеріне қайтып оралайық.
Ешкім өзін осал жанға теңемес,
Өзімшілдер өзгелерді елемес.
Осынау бір өміріңе өң берер,
Жол таңдау да – жар таңдаудан кем емес!
Керемет! Бұл өмір жолы туралы «Жол таңдау» өлеңінің қорытынды шумағы. Абай даналығы төккен сәуле, шапағаты шашқан ұшқын жаңа ұрпақ жүрегіне шөкті деген осы емес пе. Кітаптың соңында «Тұздықсөз» деген атпен берілген автордың «Ұсақ қылмыс – жоқшылықтан, ірі қылмыс – тоқшылықтан», «Ертек білмес егделер – немереге бөгделер», «Қыран жоқ жерде құзғын құтырады», «Құдайдың күні көп, бірақ ғұмыр қысқа!» деген секілді нақыл сөздер топтамасы осы пікірімізді растап бекіте түседі.
Сезіміңе ерікті бере отырып, шынайылықтан бір мысқал ажырамау – шеберліктің белгісі. Қайрат жұбайлар жайлы «Аяулылар» өлеңінде:
Мейірімнің, сезімнің иелері,
Адамзаттың сендерсің сүйенері.
Аяулыңның болмаса алақаны,
Қайда барып маңдайың тіреледі? –
десе, Тәуелсіздік жайлы жырын:
Тәуелсіздік – құн жетпейтін бағалым,
Алып жүру аманатын бабаның.
Аманатқа жасалмасын қиянат,
Ең әуелі, біл осыны қарағым! –
деуімен түйеді. Осындай жанды баурап алатын, әнге сұранып тұрған өлеңдер Қайратта баршылық екен. Қазірдің өзінде Кәкеңнің өлеңіне жазылған онға тарта әндер халыққа таралып кеткенін айта отырайық.
Біз қазақ деген жылқы мінезді халықпыз. Қазақ та, жылқы да тамырды қырдан тартады, даласыз екеуі де жетім. «Абай» журналы редакциясында белгілі ақын-журналист Мерғали Ибраев екеуміз қатар отыратын едік. Бірде кабинетімізге талдырмаш жап-жас жігіт кіріп келіп: «Ассалаумағалейкум, ағалар!» деп иіле сәлемін берді де: «Мерғали аға, Сізден бата алуға келдім, бұйымтайым сол!» деп тақ етті. Қазақы салт «бата алу» ұмыт болғаны қашан, сондықтан Мекең екеуміздің бір-бірімізге жалт қарай қалған сәт әлі есімде. «Тусаң ту, қыр баласы, қазақы аз-замат!» деген сүйсіністің сәті еді бұл.
Ұлы Абайдың 150-жылдық әлемдік тойы қарсаңында болған осы оқиғадан беріде Ертістен талай су ақты. Ағасынан бата алған ініміз өмірін тынымсыз ізденіспен өткерді. Кемелденді, толысты. «Жыр-толғақ» атты жырында Қайрат ақын:
Ұстатпайсың жалыңнан, жұмыр өлең,
Жұмыр өлең – шыңдағы шымыр емен.
Періштелер әлдилеп түні бойы,
Әурелейді сайтандар күніменен.
...Дара сөзде тұрған соң нақ керегім,
Азабынан қалайша жалт беремін?
Баурап алар жүректі, жаулап алар,
Ауыр келер толғағы тәтті өлеңнің, -
деп сыр ақтарады. Өлеңді жұмыр қылу айтуға ғана оңай. Сөз жоқ, кез келген шығармашылықтың, әрбір өнер туындысының толғағы ауыр, жолы тайғақ, қиясы жалтыр.
Қай ғасырда демеңіз, суреткер мұраты – пенденің сезімін ояту, көкірек көзін ашу. Жақсы өлең. Оны жүрек-санаға түскен махаббат, мейірім дәні де, мейлі, адамдық ілім шаңырағына шаншылған уық де, әйтеуір, оның белгісі – тіл мен ой егіздігіне саяды. Сол сияқты сананың саңылауынан саулаған сан сауалдар жауабын іздеу де – ақындық міндет-миссия. Сол таудай міндетті шірене көтеріп, иығына салған шайыр шіркінді Толағайға баласам, Асекең артық айтыпты дерсіздер я демессіздер.
Жинақ атауындағы дүлдүлдік - биік нысана, бәлкім, идеал. Қайрат та қазақтың пірі Абай сияқты қалың елімді өрге жетелесем дейді.
Армысыздар, адамның ардалары,
Арда жандар алдымен ар бағады.
Өздеріңе өлшетіп алсам деймін,
Қазынамды қатталған қамбадағы, -
деп басталатын жыры соның айғағы. Кіндігі өлеңге байланған арқалы ақын «Ақындық міндет» өлеңінде өзіндік кредосы мен ұстанымын:
Жүзі майып болмасын деп өткірдің,
Жаурасам да жел өтінде көп тұрдым.
Көргеніңді көлегейсіз жеткізу,
Ақын үшін нағыз міндет деп білдім, -
деуімен тиянақтай түсіпті. Сөйтіп, жаңа кітап ұлттық нақышы айқын жырлармен сусындатады. Автор қашанда адамның адамдығы - ар бағу мен тазалықта деп үндейді. Және «мен -егемен елдің оғланымын» деп сөйлейді. Қайрат поэзиясының мәнді ерекшеліктері осылар сияқты.
Тай арғымаққа айналатын күн туады. Кешегі жас Қайрат Сабырбай бүгін қазақтың айдарлы ақындарымен теңесті, классиктердің өкшесін басты. Олай дейтінім, көз алдымызда толысып жетілген, көне Семейдің қазанында қайнаған Қайратта тіл мен ой егіз, сөз арасында бөтен сөз жоқ. Сонысына сүйсіндім. Бес бөлімге («Межелі мезгіл», «Нартолқын», «Болмысқа бойлау», «Тәуелсіздік толғауы» және «Жылқышы жыры») жіктелген және қай-қайсы да «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы», - деп Абай қойған талапқа сай жырларды ғылыми сарапқа салу біздің міндетке кірмейді, ол өз алдына бөлек еңбек.
Айта өтер тағы бір жәйт, тап бүгінгі тарихи хәлде рухты көтерудің маңызын айтып жеткізу қиын, Абайша «тілім қысқа, аһ!». Рухты ояту, діл мен тілді жаңғырту – өтпелі саяси науқан бола алмас! Жаһандануға жұтылудан құтқаратын құдірет, яғни қазақтың қазақ болып қалуының кепілі – осы рухани жағалауда екені талассыз ақиқат. Міне, елдіктің туын желбірете алдыңғы шепте жүрген, «Тәуелсіздік – таусылмайтын жырымсың», - деп өзі айтқандай, оның жыршысы һәм жаршысы болып жүрген Қайрат сынды тұлғаны қадірлеу керектігінің мәнісі мен сыры осы арада демекпін.
Осымен, ой-шолуымызды қорытындылайық. Тәуліктің күндізі төрт мезгілге бөлінеді: таң, сәске, бесін және ымырт. Соған сәйкес адамның бес күндік шолақ ғұмырын да балалық (таң), жігіттік (сәске), кемелдік (бесін) және кәрілік (ымырт) деп төрт шаққа бөле қарасақ сөкеті жоқ. Бұл Қайрат Зекенұлы – шуақты бесінінде деген ишаратым. Жоғарыда біз азды-көпті сөз еткен кітап соның тамаша айғағы.
Өлең сүйер жұртшылық атынан айтарым – сол шуақты бесінің дүбірлі болсын! Ерттеп мінген поэзия тұлпарың көз талдырған көкжиекке жеткізсін, жолың ақ болып, мейірімді Тәңірінің нұрына бөлене бергін, ақын бауырым!
Асан Омаров,
абайтанушы ғалым.