22 сәу, 2019 сағат 10:29

Шри-Ланкада қаза тапқандар саны 200-ден асты

Шри-Ланкада жексенбі, 21 сәуірде болған бірнеше жарылыстан қаза тапқандар саны 200-ден асты. 500-ден астам адам жараланған. Шри-Ланка полициясы мен дәрігерлері берген соңғы дерек осындай. Reuters агенттігі 207 адамның қаза тапқанын хабарлады.

Соңғы дерек бойынша, жексенбі, 21 сәуірде Шри-Ланканың түрлі аумағында сегіз жарылыс болған. Оның төртеуі - қонақ үйде, үшеуі - шіркеуде болды. Тағы бір жарылыс туралы әзірге толымды дерек жоқ.

Жарылыстың басым бөлігі - Коломбо қаласында болған. Ел астанасының солтүстігіне қарай орналасқан Негомбо және шығыс жағалаудағы Баттикалоа қаласындағы шіркеулер де бүлінген.

Бұл 10 жыл бұрын елде азаматтық соғыс аяқталғалы бері болып отырған ірі шабуыл. Полиция дерегінше, қаза тапқандар арасында кемінде 35 шетел азаматы бар. Қазақстанның СІМ 21 сәуірде кешкісін "алдын ала дерек бойынша, қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ" деп мәлімдеді.

Әзірге оқиғаны бірде-бір ұйым мойнына алған жоқ. Шри-Ланка премьер-министрі шабуылға қатысы бар болуы мүмкін сегіз адамның ұсталғанын хабарлады. Олардың жергілікті тұрғындар екені айтылады.

Билік елде коменданттық сағат енгізіп, әлеуметтік желілерге кіруге шектеу қойған. Шабуылды әлем елдерінің жетекшілері айыптады. Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шри-Ланка халқы мен ел басшылығына көңіл айтты.

Сәуірдің 21-і күні Шри-Ланкада бірнеше жарылыс болып, әуел баста жүзден астам адамның қаза тапқаны хабарланған. Кейінірек халықаралық агенттіктер қаза тапқан азаматтардың 200-ден асқанын хабарлады.

Азаттық