Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мәдениет және спорт министрлігімен «Парасат жолы» орталықтары арқылы парасаттылық идеологиясын ілгерілету жөніндегі бірлескен жұмыс туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Адамды адам еткен – кітап, сол себепті «Парасат жолы» жобасы осы Ұлттық академиялық кітапханада басталып жатыр. Біздің мақсатымыз сана-сезімді өзгерту және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету. Жемқорлықты жою – баршамыздың міндетіміз. Қазақстан бүгінгі таңда жемқорлықтан таза мемлекет құруға күш салып отыр.», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күрес басты 4 бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау және жоюда қарастырады.
«1998 жылы сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы алғашқы заң шыққан. 17 жылдан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы екінші заң қабылданды. Ол заңда сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күрес емес, алдын алу мәселесі қаралған. Қазірдің өзінде біздің қызметімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 3 департаменті бар. Олар: Превенция, Парасаттылық және серіктестік департаменті. Оны шетелдегі мықты оқу орындарын бітіріп келген жастар басқарып отыр. Екінші бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Бұл бағыт сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті насихаттайды», - дейді ол.

Үшінші бағыт – белсенді қоғам, сындарлы серіктестік.
«Осы жерде қоғамдық, азаматтық бақылауды күшейту керек. Мемлекет басшысы қоғамдық бақылау туралы заңды қарастырып жатыр. Ол заң қабылдануы керек. Қазір қоғам да, мемлекет те өзгерді. Соңғы бір жылдың ішінде біз парламентке сыбайлас жемқорлыққа қарсы үш пакет заңдарды өткіздік. Шетелдік рейтинг агенттіктері біздің жұмысымызды көріп, бағалап отыр. Соңғы 3-4 жылда олардың біздің елге деген көзқарасы басқаша. Төртінші бағыт – қылмыстық жауапқа тарту. Сыбайлас жемқорлықпен жол бергендерді ұстап, қылмыстық жауапқа тартып жатырмыз.
