27 қаң, 2022 сағат 12:56

Шолпан Каринова орта білім саласындағы басты проблемаларды атады


Мектеп оқушыларына арналған әрбір пән бойынша қауымдастық құрылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күнгі білім саласындағы негізгі проблемалар - кей мұғалімдердің өз мамандығы бойынша жұмыс істемеуі, шағын жинақты мектептерде мұғалімдердің жетіспеушілігі және оларды әдістемелік кабинеттер тарапынан қолдау жұмыстарының жеткіліксіздігі. Осыларды ескере отырып, алдағы жылы жасалатын жұмыстарға тоқталайын. Біріншіден, мұғалімдер мен әдіскерлердің біліктілік талаптарын қарастыру көзделген. Екіншіден, мұғалімдерді жоғары білім деңгейінде, кәсіби-техникалық деңгейінде негізгі оқыту бағдарламаларын қайта қарастыру жұмыстарына байланысты барлық курстық бағдарламалар жаңартылады», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында. 

Сонымен бірге Шолпан Каринова мұғалімдердің аттестаттаудан өту кезіндегі ұлттық тестілеу жүйесінің тапсырмаларын реттеу де қолға алынатындығын айтты.

«Ел Президентінің тапсырмасымен мұғалім тапшылығы бар және білім саласында, білім сапасында алшақтық бар өңірлерге мұғалімдерді, сапалы мұғалімдерді жіберу, оның ішінде жоғары оқу орындарының үздік түлектерін жіберу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге әрбір пән бойынша пәндік қауымдастықтар құрылып, мықты мұғалімдердің өз тәжірибелерімен бөлісу, мұғалімдердің оқыту әдістерін қолдау жұмыстары жүргізілетін болады. Дарынды балаларды дайындайтын мұғалімдермен жұмыс жалғасады», - деді бірінші вице-министр.