Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағы алғаш рет ағылшын тілінде жарық көрді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кембридж университетінің баспасы Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігімен серіктестіп Қостанай облысы әкімдігінің, Қазақстанның Ұлттық аударма бюросының, сондай-ақ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолдауымен ХІХ ғасырдың аса көрнекті қазақ ғалымдарының бірі Шоқан Уәлихановтың таңдаулы шығармаларының ағылшын тіліндегі жинағын ұсынды.
Корольдік географиялық қоғам ғимаратында аралас форматта өткен шараға Кембридж университетінің білім беру саласындағы Кембридж серіктестігінің басқарушы директоры Джейн Манн, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов, аудармашы Арч Тейт, сондай-ақ кітап редакторы, британиялық жазушы Ник Филдинг қатысты. Кембридждік әріптестіктің білім беру саласындағы халықаралық өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Энни Михайлиду салтанатты іс-шараның модераторы болды.
Ш. Уәлиханов қысқа ғұмырында шығыстану ғылымына қомақты үлес қосып үлгерді. Ол Қазақстан тарихында ғалым, этнолог, географ, картограф және суретші ретінде өшпес із қалдырды.
Елші Е. Ыдырысов жоғары тарихи және ғылыми құндылығына қарамастан Ш.Уәлихановтың еңбектері әлі күнге дейін ағылшынтілді әлемде кеңінен танымал болмағанын атап өтті.
«Ш. Уәлиханов Қазақстанның ғана емес бүкіл Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті үшін қосқан үлесі орасан. Оның еңбектері осы маңызды аймақтағы халықтар өмірінің көптеген аспектілеріне жарық түсірді. Бүгін біз Ш. Уәлихановтың 1865 жылы ағылшын тілінде жарық көрген төрт шығармасынан бергі алғаш рет аударылған жинағын ұсынамыз», – деді ол.
Кітапқа Ш. Уәлихановтың Орталық Азияның географиясын, тарихын, этнологиясын және экономикасын зерттеуге арналған ең маңызды ғылыми еңбектері енген. Ағылшынтілді оқырмандар үшін бұл шығармалар өңір тарихын зерттеуде таптырмас қазына болары анық.
Дж. Манн Кембридж университетінің баспасы тарих және антропология бойынша кітаптардың жетекші баспагері екендігін және қазақ авторын осы тақырып бойынша кітаптар тізіміне енгізу баспа үйі тарихындағы кезекті маңызды қадам болатынын атап өтті.
«Біз ұсынып отырған жинаққа енген көптеген шығармалар алғаш рет ағылшын тіліне аударылып, ағылшын тілінде сөйлейтін студенттерге, ғалымдарға және кең аудиторияға жол ашты. Басылым Ш. Уәлихановтың шығармаларын Орталық Азияны сипаттайтын батыстық жұмыстар тізіміне барынша енгізіліп, ұзақ мерзімді әсері болады деп үміттенемін», – деді ол.
Зиябек Қабылдинов өзі басқаратын Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты аудару үшін материалдарды іріктеу кезінде қазақтардың және өңірде тұратын басқа да ұлттардың тарихын, салт-дәстүрлерін, қазақ сот ісін жүргізу жүйесін, сондай-ақ автордың демократиялық көзқарасын, соның ішінде халық үшін пайдалы реформаны сипаттайтын мақалаларға баса назар аударуға тырысқанын атап өтті.
А. Тейт өзі алғаш рет ағылшын тіліне аударған Ш. Уәлихановтың шығармаларынан бірнеше үзінді оқыды. Ол сондай-ақ Ресей империясында кіші мемлекеттік қызметші бола тұра Ш. Уәлиханов биліктің қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын бұзуына жол бермеу үшін қолында бар барлық мүмкіндікті пайдаланғанын және халқына лайықты құрметпен қарауды талап еткендігін тілге тиек етті.
Н. Филдинг ұлы қазақ ғалымының шығармаларын ағылшын тілінде басып шығару идеясы 2017 жылы Қазақстанға жасаған сапарының бірінде З. Қабылдиновпен танысқан кезде пайда болғанын атап өтті. Ол сондай-ақ Ш. Уәлихановтың балалық шағынан бастап, Омбы кадет корпусында оқып жүрген кезінен, қазақ этнографының өміріне үлкен қауіп төндіретін Шығыс Түркістан мен Қашғар саяхаттауға дейінгі өміріне дейін егжей-тегжейлі айтып берді.
Іс-шараға Қазақстан, Ұлыбритания, Канада, БАӘ, Перу, Польша және Түркия, әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық қонақ қатысты.