сурет ашық дереккөзден алынды
Ішкі істер министрлігі 23 қаңтардан бастап басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруды жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
16 маусымдағы жағдай бойынша 161 мың автокөлік заңдастырылып, тағы 13 мыңнан астамы тіркеуді күтіп отыр. Сондай-ақ 22 мамырдан бері 7 мыңға жуық автокөлік-конструктор қазақстандық есепке қойылған.
"Өздеріңіз білетіндей, заңдастыру аяқталғанға дейін екі апта қалды (1 шілдеге дейін). Көп азамат өз көліктерін заңдастыруға үлгермей қалуымыз мүмкін деген алаңдаушылық білдіріп жатыр. Осыған байланысты 1 шілдеге дейін өтінім берген Қазақстанның барлық азаматына көрсетілген мерзімнен кейін автокөліктерді заңдастыру құқығы берілетінін хабарлағым келеді.
Бұдан басқа Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автокөліктерге келетін болсақ, аталған көлік иелеріне оларды Қазақстан Республикасында 5 жыл мерзімге уақытша есепке қою құқығы беріледі.
1 шілдеден бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылатынын және заңдастыру мерзімі ұзартылмайтынын ескертеміз. Одан кейін шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қабылданады, – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.