10 елде тұратын қандастарымыз елордада бас қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қасиетті қазақ елі» атты тақырыппен өткен кездесуге 10 елден 35 отандасымыз қатысты. Оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Қытай және тағы басқа елдер бар.
«Бар қазақтың бір ғана отаны бар, ол - Қазақстан. Біздің бүгінгі санымыз - 16 миллион. Оның 12 миллионы - елімізде, қалған 4 миллионы шетелде тұрады. Жалпы 44 мемлекетте қазақтар бар, негізгі шоғыры Қытай, Өзбекстан және Ресейде ораналасқан. Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз шетелдегі отандастарымызға қолдау көрсетіп қана қоймай, олармен тығыз қарым-қатынас орнатуымыз керек. Бүгінгі шара - соның дәлелі», - деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.
Жиын аясында «Алыстағы ағайын» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Онда ХХ ғасырдың 30-50 жылдары тағдыр тауқыметімен Түркияға көшіп барған Алтай қазақтарының тағдыры баяндалады.
«Тарихи фильмдегі оқиғаны бастан-аяқ баяндаушы Түркия қазағы Мансұр ақсақал бүгінде 75 жаста. Алтай көшін оның әкесі бастап барған, ол кезде ақсақал 7 жаста болған. Өзінің айтуынша, Алтай қазақтары 9 айдың ішінде 3 мыңнан астам шақырымды жаяу бағындырып, Гималай тауын басып өтіп, Түркияға жеткен. Фильмді күні кеше ғана бітірдік. Шетелде тұратын қазақтардың тағдыры әртүрлі. Ал, мына қазақтардың бастан кешкені - бөлек әңгіме. Тарихи туынды архив материалдарымен құнды. Осы мақсатта біз Қытай, Ұлыбритания архивтерімен бірлесіп жұмыс істедік. Отандастарымызды қолдауға бағытталған жұмыстар мұнымен бітпейді», - деді З. Тұрысбеков.
Оның айтуынша, «Алыстағы ағайын» фильмінің АҚШ-та тұратын қазақтардың тағдырына арналған бөлімі қазір дайындық үстінде.
Айтулы шара Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен өтіп отыр.
Еске салсақ, биыл Президенттің шетелдегі қазақтарды қолдау бойынша берілген тапсырмалары негізінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жанынан «Отандастар» қоры құрылған болатын. Қор шетелдегі және Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтарды қолдау мақсатында құрылды.