Аталған шараға Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар өкілдері және бірнеше шет мемлекеттен келген халықаралық сарапшылар қатысты. Құттықтау сөзінде Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров былай деді: «Азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғау және қалпына келтіру сот актісін орындаудың қисынды аяқталуы болып табылады. Процесті ұтқан және өз құқығын сот тәртібімен қорғаған адамдар үшін сот шешімін орындаудың соңғы нәтижесі маңызды. Әрбір орындалмаған сот шешімі бүкіл сот жүйесі жұмысының тиімділігіне қатысты әділдіктің салтанат құратындығына күмән келтіреді. Сот беделі оның шешімдерінің мүлтіксіз орындалуымен құнды Ал сот беделінің ар жағында мемлекет беделі тұр».
Жеке сот орындаушыларының құзыретіне мемлекет мүддесі үшін іске асырылатын қоныс аударту, бұзу, жер учаскелерін алып қоюға қатысты кейбір ерекшеліктерді қоспағанда, орындау құжаттарының неғұрлым көп екендігі де ерекше аталды. «Сонымен бірге, мемлекет жеке сот орындаушылары қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі қажетті шараларды жасауда, жеке деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылықты сөзсіз белгілей отырып, жеке сот орындаушыларының мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіне қол жеткізуі де осындай мақсатты көздейді», деді Бектас Әбдіханұлы. Төраға орынбасары бұл ретте жеке сот орындаушылары олардың қызметінде коллекторлық ұйымдардың жағымсыз жұмыс тәсілдерін қолдануға болмайтынын есте ұстауы тиістігін де ескерте кетті.
Қазіргі кезде елімізде 1286 жеке сот орындаушысы жұмыс істеуде. Жеке сот орындаушылары институтының құрылғалы бергі бес жыл ішінде айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізілген. 2016 жылғы мәлімет бойынша бүгінгі таңда жеке сот орындаушылардың өндірісінде құны 1,9 триллион теңге болатын бір жарым миллионнан астам атқару құжаты бар екен. Оның басым бөлігі банк пайдасына өндіруге қатысты. Ал атқару құжатының 70 пайызы мемлекет мүддесіне өндірумен байланысты.
Биыл Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының Халықаралық сот орындаушыларының одағына мүшелікке қабылданып отырғаны белгілі. Осы тұрғыдан отырыста Халықаралық сот орындаушылар одағының президенті Франсуаза Андрие ханым сөз алып, Ұйым құрамында 88 мүше ел бар екендігін тілге тиек ете кетті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»