Жазушы Әділ Дүйсенбек ширек ғасырдан бері өзінің әріптес ағасы – қазақтың біртуар ұлы, белгілі қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы шағын әңгіме-естеліктер мен эссе-новеллалар жазып келеді. Шерағаң туралы әрбір дүниені қызыға оқитын қалың қазақ автордың «Шерағамның шеруі» атты роман-эссесінде бұрын жарық көрген дүниелермен тағы да қауышатын болады. Түрлі тақырыптар мен шағын сюжеттерге құрылған оқиғалары қызықты да тартымды. Тілі де шұрайлы, ойы құнарлы. Тәлім-тәрбие аларлық талай мәселелер көтеріліп, Шерағаның шеберлікпен шешуінің нәтижесінде ойдағыдай орындалады. Жазушы солардың бәрін сары майдан қыл суырғандай етіп дәл де нақты бере білген. Бүгін оқырмандарға осы кітаптан үзік үзінділер ұсынып отырмыз.
***
Кіріспе: кейіпкерім туралы
«Менің Абайым», «Менің Жамбылым», «Менің Әуезовім», «Менің Әбішім»…
Осылайша өзіне ұстаз, аға тұтқан ұлы тұлғаларды қолына қалам ұстаған адамдардың бәрі бірдей «менің» деп меншіктеп алуына құқы болмаса да, солай етуге хақың жоқ деген қағида және де жоқ. Заң бойынша тыйым салынбағандардың бәрі заңды дегендей, мен де Шерағаны – Шерхан Мұртаза ағамызды өзіме меншіктеп, «Менің Шерағам» дегенде осы қағиданы басшылыққа алдым...
Сенім жүгі
Шерхан Мұртаза ағамыз еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстанға» редактор болып тағайындалғанда, оны редакцияға таныстыруға сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің өзі бастап алып келді.
– Бәріңіз де шығармашылық адамдарысыздар, – деді Өзекең Шерағамның өмір жолын баяндап шыққаннан кейін, – өйтіңдер, бүйтіңдер деп ділмәрсіп жатудың қажеті жоқ деп білемін. Газетті көтеру керек. Халықтың мұң-мұқтажы мен мүддесін көздейтін, өткен тарихы мен жарқын болашағын жан-жақты ашып көрсететін материалдарды көптеп берген ләзім. Сөйтіп, басылымды жалпы ұлттық газетке айналдырған жөн. Оған мына жаңа басшыларыңыздың күш-қуаты да, тәжірибесі де жетеді деп ойлаймын.
Шерағам көп сөйлеген жоқ.
– Мен не дейін? – деп Өзекеңе қарады. – Бәрін өзіңіз комбайн жүріп өткендей жиып-теріп айтып кеттіңіз ғой, кәшек қалған жоқ. Сенімді ақтауға тырысамыз. – Сонан соң көпшілікке бұрылып: – Жалғыз ағаш – орман емес, – деді. – Хатшы мені қанша мақтағанымен, жалғыз өзімнің қолымнан түк те келмейді. Сіздерге арқа сүйеймін. Бірігіп жұмыс істейік. Бес саусақ біріксе, алмайтын асу да, жетпейтін жетістік те болмайды. Газетті ел сүйіп оқитын басылымға айналдыра білейік!..
Ағамның айтқаны айдай келді. «Социалистік Қазақстан» арада біраз уақыт өткен соң бұрынғы қатып қалған қасаңдығынан айрылып, қалың көпшілік асыға да қызыға қауышатын басылымға айнала бастады; тиражы өсті, оқырмандар саны арта түсті.
Қолынан іс келетін мамандарды таңдап-тауып, сенім арту – білгір басшыға тән көрегендік десек, сол сенімді бүкіл ақыл-ойы мен күш-қуатын жұмсай отырып, абыройымен ақтап шығу да – нағыз өнеге-ерлік дер едік. Осындай ағаларымыздың арқасы ғой, қазақтың қатарынан кем қалмай, алға адымдап басып келе жатқаны.
Айтқыштардың айдарынан жел есті
Қазақтай сөз қадірін білетін жан бар ма екен жалғанда. Айтуы келіссе, астындағы атын да тастап кететіндер болған ғой өмірде. Сонау көне дәуірден келе жатқан шешендік сөздердің өзі ен байлық емес пе? Сол кезде айтылған тапқыр сөздерді қазір неге жаңғыртпасқа? Әлде тауысып біттік пе? Әлде ыңғайсыз ба?
Шерағам «Егемен Қазақстанды» басқарып жүрген жылдары кезекті бір лездемеде осы ойды қаузай келіп, газетке «Ауыл айтқыштары» атты айдар алып шықсақ қалай болар екен дегендей пікір білдірді.
Мұндайда алғашқы боп сөз бастайтын ағаларымыз аз-мұз кідіріп қалды да, артта отырған орта буын өкілдерінің бірі:
– Ресми басылымбыз ғой, жоғары жақ не дер екен? – деп күңк ете қалды.
– Не? – Шерағам жауап күтпестен даусын одан әрі күшейте түсті, – сонда біз ресмиміз деп шіри беруіміз керек пе? Онсыз да сықиып тұрған «СҚ»-дан енді-енді арылып, елдің бетін бері қарай бұра бастаған тұста оқырмандардан ажырап қалмаған ләзім. Ол үшін кез-келген тәжірибеге баруға тиіспіз. Мәселен, кезінде Жамбаев айтыпты деген күлдіргі сөздер әлі де өз мәнін жойған жоқ. Соларды неге бермеске? – деді.
Басшы бастаса, қостаушылар қос-қостан шығатыны белгілі емес пе? Сол жерде отырып-ақ «Сағалбай солай депті» деп бір-екі мысал айтқан жасы үлкен ағайымызға Шерағам:
– Осы айтқандарыңызды ертең жазып әкеліңіз! – деп қолма-қол тапсырма берді.
Анау «ә,ә» деп барып «әрине» деді.
Осылайша, ресми газетте тұңғыш рет бейресми айдар пайда болып, ол әлі де жалғасып келеді. Айтқыштардың айдарынан жел есті деген осы болса керек.
Ұжымдық ұйғарым
Ағам «Алатауда» демалып жатқан. Аян айтты: «Давай, барып қайтайық!».
— Барсақ, барайық, — дедім мен, — бірақ ол кісі қалай қарар екен?..
— Ішім-жемді өзімізбен бірге ала барамыз, — деді Аякең менің сұрағымды түсінбей. — Ол кісіге ешқандай салмақ салмаймыз. Қымызды өзім сатып аламын, бірақ ақшасын бөліп төлейміз.
— Жарайды, — дей салғам самарқау ғана.
Сенбі күні құлқынсәріден телефон шылдырлады. Әдетте демалыс күндері ұйқыны қандырып барып қана тұратынбыз. Мұны жақын араласатын таныстарымыз да, ағайын-туыстарымыз да жақсы білетін. Сондықтан олар тым ерте телефон соға бермейтін. Ал мына қоңыраудың даусы өзгешелеу: екі-үш рет безілдетіп, алмаған соң қоя қоятын шығар деп ойлаған ем, қайдан, қайта барған сайын өрши түсіп, біз тұрмақ, көрші бөлмеде жатқан бала-шаға да оянып, ары-бері аударылып түскенін сезе бастадым. Амал жоқ, атып тұрып, тұтқаны көтердім.
– Әй, әлі ұйықтап жатырсың ба? — деген Аянның ащы даусы шықты арғы жақтан.
– Ерте емес пе? — дедім кешегі келісіміміз есіме түсіп.
– Ертең не? — деді Аякең бір-екі рет «атаңнәлет» деп алып. — Біз жеткенше «отдыхающилер» таңертеңгі асын ішіп қояды. Соған үлгеруіміз керек. Давай, тез көкбазарға кел, осы жерден автобусқа отырамыз. Мен мына Қырмызының қымызын оптом көтеріп алдым.
Арада аз уақыт өткен соң «Алатаудағы» ағамның люксінде арқа-жарқа болып отырдық.
– Рахмет келгендеріңе! — деді Шерағам бізді шығарып салып тұрып. — Жігіттерге сәлем айтыңдар, жұмыс істеп жатыр деңдер, маған келем деп әуре болмасын, алдағы екі-үш күннің ішінде өзім кіріп шығам редакцияға.
Айтқаны айдай болды. Аяқ астынан редактордың орынбасары Сабыржан Шүкіров жаңадан ашылған «Сұхбат» газетін басқаруға жіберілді де, дәл сол күні түстен кейін Шерағам редакцияға жетіп келді. Келді де редколлегия мүшелері мен бөлім меңгерушілерін жинап алды.
– Көп сөйлеп уақыттарыңды алып жатқым келмейді, – деді ШІерағам даусын көтеріп. — Мына Сабыржан мырза, өсіп, «Сұхбаттың» редакторы болып кетіп жатыр. Жұмысына табыс тілейміз. Енді соның орнына адам сайлауымыз керек. Өз ішімізден. Соған лайықты кандидатураларың бар ма? Соны айтсаңдар.
– Бар, әрине, бар!
– Толып жатыр ғой.
– Жоғары жақ не дер екен? — деп жиналғандар шу ете қалды.
— Жоғары жаққа өзім жауап берем, – деді Шерағам тағы да тамағын қырнап. — Беймезгіл келіп отырғаным да сол — «Қасиетті орын бос тұрмас» дегеннің алдын алу. «Сабыржан ауысатын болыпты» деген сыбыс шыққалы бері телефон шалушылар көбейіп кетті.
Ал енді айтыңдар, кімді ұсынатындарыңды.
— Ілесов! — деп қалды біреу.
Сол-ақ екен елдің бәрі:
— Дұрыс, өте дұрыс, Міңкең лайық бұл орынға! — деп қолдай жөнелді.
— Өздерің келісіп алған сияқтысыңдар ғой, — деп Шерағам да шырайланып шыға келді. — Иә, Мыңбай мырза тәжірибелі маман. Білімі де, біліктілігі де жетеді замредакторлыққа. Менің де ойымдағы осы еді. Ендеше дауысқа саламын.
Журналистер тегіс қол көтеріп, бір кісідей дауыс берді. Бұл — мен осы редакцияда еңбек еткелі бері басшыны ұжымның өзі сайлап алған бірінші басқосуы еді десем, өтірік айтқандығым емес.
Физика мен лирика
Тараз қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы университет студенттерімен кездесу өткізіп жатқанбыз. Шерағам мінберден түсісімен басқосуды басқарып отырған бірінші проректор «кімнің сұрағы бар?» деп біресе орысша, біресе қазақша қайталап тұрып алғаны бар.
Ағайлары айтып тұрған соң аянсын ба, залдың орта тұсынан біреу қол көтерді. Елең етіп, сол жаққа бұрылдық. Орнынан батылсыздау көтерілген балаң жігіт:
— Ағай, бір өлеңіңізді оқып бермес пе екенсіз? — деп қойып қалмасы бар емес пе.
Бәріміз ыңғайсызданып, төмен қарадық. Зал сілтідей тына қалды.
Шерағамның басы кегжең ете түсті. Онсыз да аласы басым көзі адырайып, көзілдірігінің әйнегін тесіп жіберердей боп әлгіге қарады. «Ал басталды деп ойладым мен іштей тынып, қазір байғұстың ит терісін басына қаптайды».
Бірақ ағайым өйтпеді.
— Қай факультетте оқисың? — деп сұрақ қоюшының өзіне сұрақ қойды.
— Физмат, — деді баланың даусы әрең шығып.
— Ә, физик екенсің ғой, — деді Шерағам сәл-пәл ентігін басып, сөйтті де бірінші проректор мен біз отырған жаққа бір қарап алды да: — физиктердің лирикаға жақын екенін білеміз, бірақ мен өлең жазбаймын, шырағым, — деп қайтадан балаға бұрылды. — Сондықтан өтінішіңді де орындай алмаймын.
Жаңа ғана жауатын бұлттай боп түнеріп тұрған ағамыздың мына мінезі осыдан ондаған жылдар бұрын болған бір оқиғаны еріксіз еске түсірді.
… Ілгеріде КазГУ-дің филфагінде оқып жүргенімізде Нұрекең, кәдімгі атақты Нұрғиса Тілендиев ағамыз бізге келіп, күй үйреткен еді. Домбыраны аса жақсы тарта алмасам да, консерватория студенттеріне қосылып, бір топ жолдастарыммен бірге мен де оркестрге қатысқан едім. Арамызда Төлен (Әбдіков), Дулат (Исабеков) сияқты таланттыларымыз да бар. Екеуі де домбыраны менен жақсы тартады. Әсіресе, Төленнің шеберлігі ерекше. Біз оркестрге қосылып орындайтын «Би», «Қосалқа», «Кеңес», «Сарыарқа», тағы басқа күйлерден басқа, өмірі естіп көрмеген саздарды да сылқылдатады. Сол жылдары арғы жақтан келіп, енді-енді ғана таныла бастаған Уәли деген күйші бар еді. Төлен әлгі жігітпен бірге дайындық біткен соң да бірер сағат оңаша қалып, домбыра тартысатын. «Созаққа барсаң күйшімін деме!» деген сияқты соларға қарағанда біздікі жәй «дыңқыл» ғой. Әйтеуір дүрмекке ілесіп жүргенім болмаса, далбаса десе де болғандай. Осындай жаттығудың бірінде оңбай түстім-ау, ақыры. Артық бір қағысты қалт жібермейтін Нұрекең қайта-қайта жаңылыса берген менің жаныма жетіп келіп «қайда оқисың?» деп қадалғаны бар. Алғашында қолындағы таяғымен салып жіберердей боп төніп келген ағамыздың менің филолог екенімді біліп, райынан тез қайтқаны әлі де көз алдымда.
Ұлы адамдарда ұқсастық көп болады деген осы екен-ау!
Бағымыз жанған жыл
Шерағам «СҚ»-ға Бас редактор боп келген жылы Семейде ядролық қарудың зардаптарын жоюға арналған үлкен бір жиын өтті де, жан-жақтан шақырылған қонақтармен бірге түрлі басылым мен баспасөз қызметкерлері де тоқайласа қалғанымыз бар. «Қазақ әдебиеті» газетінің өкілі, жазушы Сайымжан Еркебаев екеуміздің бөлмелеріміз қатар болды да, жиі аралап тұрдық. Адам жатырқамайтын ақкөңіл жігіт еді марқұм. Әңгімеге де шебер болатын. Майын тамызып айтқанда, аузымызды ашып отырып қалатынбыз.
Жаның жәннатта болғыр, сол Сайымжан айтушы еді: «Бақтарың жанған екен, біздің Шерағаң барып сендерге!» — деп («Біздің» деп меншіктеуінің де жөні бар: бұған дейін Шерағам «Қазақ әдебиетін» басқарған болатын). Сөйтіп артынша: — «Сен ұғып ал, мен кейбір «секреттерін» айтып берейін», — деп Шерағам туралы небір қызық әңгімелер бастап кетуші еді.
– Аптасында бір-ақ рет шығатын біздің газет үшін материал деген қат емес қой, — дейді Сәкең. — Оның үстіне Шераға мақалаларды таңдап, талғап басады. Содықтан өзі оқып, өзі қол қойған материалдар шықпай қоймайды. Осыны біліп алған біз бөлім өнімдерін өзіне оқытып алуға тырысатынбыз. Ал мұндайда мен кілең алда болам. Себебі, күнде ертерек келіп, кабинетінің жанында күтіп тұрам. Егер Шераға амандасқанда қолыңды қаттырақ қысса — жолыңның болғаны: ағамыздың көңіл-күйі жақсы, ал керісінше — қолын бос тастай салса: онша емес. Ол күні бастықтың көзіне көп көріне берудің қажеті жоқ. Мен сол қолым қатты қысылған күні лып етіп күллі материалымды Шерағаға алып келіп берем де, өзім есікті күзетіп тұрам. Келген кісілерге: «Бастық жарты сағатқа дейін ешкім мазаламасын деді, тығыз шаруасы бар көрінеді», — деп қулыққа басам. Себебі, ол кісі қанша материал болса да, жарты сағаттан асырмай редакциялап шығады…
Сәкең айтқан «секреттерге» онша көп сене бермесем де, «СҚ»-ның нағыз бағы жанған кезі — сол Шерағам басшылық жасаған жылдар еді-ау десем, ешкім де шәк келтіре қоймас деп ойлаймын.
Асқаровты ақтап алу
Жамбылдық Жақсылық Сәтібеков түрмеде отырған Асанбай Асқаров туралы мақала жазыпты, — деп лездеме кезінде Шерағам жиналғандар не дер екен дегендей жан-жағына қарады. — Ақтап жазыпты, — деді сонан соң даусын соза түсіп, — сіздер қалай қарайсыздар…
Егемендіктер еңселерін көтеріп, елеңдесіп қалды. «Дұрыс қой» деген де дауыс естіліп жатты.
– Дұрыс болса, біз неге үнсіз қаламыз? — Мұртаза мырзаның мұрты жыбыр ете түсті. — Ұлттық газет деген атымыз бар емес пе? Қаншама үкіметтің үні болсақ та, халқымыздың қамы үшін басын бәйгеге тіккен азаматтарымызды ақтауға келгенде кез-келген тәуекелге баруымыз керек. Жамбылдықтар Асекеңді жерлесі болғандықтан қорғап жатқан жоқ. Жалпы қазақтың намысы үшін, нақақтан-нақақ күйіп кеткен адам үшін ара түсіп отыр. Ана Бекбосынов деген Бас редакторы білімді жігіт, алыстан ойлайтын алымды азамат. Партиялық басылымды басқарып отырмын деп солқылдақтық танытпай-ақ тәуекелге барды емес пе?! Бұл жалғыз Арғынбайдың ғана міндеті емес, біле білсек, бәріміздің ортақ ісіміз болғаны жөн. «Ақ жолға» шыққан материалдарды оқығандарың бар ма?
— Иә, оқыдық, — деген жалғыз дауыс шықты.
Жалт қарасам — Нұри Мұфтах екен. Бұрынғы аты-жөні: Нұриден Мұфтахов. Атыраудан ауысып келіп, алғаш редакцияның шаруашылық меңгерушісі, сонан соң жаңадан ашылған фельетон секторының бастығы болып істеген.
— Оқысаңыздар, дәл сондай материалдар жаза аласыздар ма?
— Әрине!.. — Тағы да әлгі дауыс.
Ойпыр-ай, сол жолы да дәл осылай болған еді. Қазақстанды Колбин басқарып тұрған тұс-тұғын. Бас редакторымыз — Көрік Дүйсеев. Бірде басшымыз партияның орталық комитетіне барып келді де бәрімізді жинап алып: «бүгін Совет аудандық партия комитеті Асанбай Асқаровтың мәселесін қарап партиядан шығарыпты, бізді соған шақырыпты, міне жиналыс құжаттарын да беріп жіберді. Келесі күнгі нөмерге материал шығару керек. Соны кім жазады» деген еді. Бәріміз басымызды төмен салып, жерге қарағанбыз. Көрік Құндызбайұлы сұрағын тағы қайталаған. Ел үнсіз. Жайлап басымды көтерсем, қасқайып жалғыз Мұфтах қана Бас редакторға қарап отыр екен.
Басқаларының бәрі бас көтерер емес. Қара көзілдірікке қанша қарсы қарағаныңмен арғы жағындағы көзі көрінбейді ғой. Көз көрінбеген соң, иесінің де көңіл-күйін дөп басып білу қиын. Сондықтан болар Көрік Құндызбайұлы өзіне қасқая қарсы қарап отырған Нұри Мұфтахқа қолындағы құжаттарды ұстата берген. Сөйтіп келесі күнгі нөмерге «Құдыреттің күйреуі» деген сын мақала жарияланған болатын… (Бұл туралы мен кезінде «Қара көзілдірікке қарсы қарау» деген материал жазғам).
Олай болса, ертең Бішкекке аттанып кет! — деп ағам жиынды жапты. — Келесі аптада алдымда материал жататын болсын! Оқушылар алдында өзімізді ақтап алайық!
Ғұлама ғой Шерағам. Мұфтахтың өз қаруын өзіне жұмсады. «Ақтап алудың» арғы жағында не жатқанын көзіқарақты оқырманның өзі түсіне жатар деген ойдамыз.
Қалекеңнің қалжыңы қалтасында
Ақбілек жеңгеміздің баптап пісірген кешкі асын кезек-кезек мақтап, омыртқаға ортақтасып отырғанбыз. Әдеттегідей әдебиет пен әдебиетшілер де назардан тыс қала қойған жоқ.
– Кеше жұмысқа Сейфолла Оспан келіп кеткен еді, – деді Жұмагүл Шерағама қарап. – «Қалтайдың қалжыңдарын» қалдырып кетті. «Атамұра» баспасынан шыққан екен. Ішінде сіз айтты деген біраз дүние жүр.
– Қайсысы екен, әй, – деп ағам елең ете қалды.
– Бәрі есімде жоқ. – Жұмагүл ойланып барып, – Камал үшеуіңіздің кафеге барғандарыңыз туралы ғой деймін, – деді.
– Е, ол айтыла-айтыла жауыр болды ғой, – Шерағам орнынан тұрып кетіп, сулықпен қолын ысқылады. Сонан соң алдындағы ақ қағазбен аузын сүртті де: – мына бір айтқаным бар ма екен, – деп талай жыл тағдырлас болған құрдасы туралы тағы бір әңгімені бастап кетті:
– Қалекең жақсы үйдің бәрін бірінші басшының өз қолынан алған ғой. Алғашқы кіргені – бізде бірінші хатшы болып істеген Юсуповтың үйі көрінеді. Димекең оның кілтін тапсырып тұрып «Қазақстандағы нөмірі бірінші адам нашар үйде тұрмаған болар. Ендігі игілігін өзің көр», – деп ақжолтай тілек айтқан екен. Төлебаев пен Фурманов көшелерінің ортасындағы сол оңаша үй кейін бұзылып, орнына басқа құрылыс салынады да, Қалекең тағы да баспана таңдау бақытына ие болады.
Бұл жолғы ұсынылғаны – Қарағанды облысын басқаруға кетіп бара жатқан Орталық Комитеттің екінші хатшысы Коркиннің үйі болады. Әрине, ол да осал емес. Тіпті, бұрынғы үйінен де тәуір болса керек. Қалекең ежелгі досына рақыметін айта келіп, сәл-пәл тосылып, тұрып қалыпты. «Иә, тағы бірдеңке айтпақшысың ба?» депті бірінші. Ондайда ойнақы сөз бен қазақы қалжыңды қалтасынан суырып алуға әрқашан да әзір тұратын Қалекең қарап қалсын ба: «Осы менің қадірім кетіңкіреп бара жатқан жоқ па?» деп қойып қалса керек. «Неге?» дейді ана кісі аң-таң қап. «Ана жолы біріншінің үйіне кіріп едім, енді келіп екінші басшының баспанасын алғалы тұрмын», – деп күліп жіберіпті.
Қазақы қалжыңның қыр-сырын қалтқысыз түсінетін үлкен кісі де еріксіз езу тартыпты.
– Қалекеңнің батыр-партизан Қасым Қайсеновті де қатырғаны бар, – деді Шерағам дәл осы айтқанын кітапта жоқ шығар дегендей кейіп танытып. – Куә болған кісілер айтады, Қасекеңнің үйіндегі дастархан басында отырып Қалекең «бұл кісі қаһарман емес, қашқын ғой» деп қойып қалса керек. Елдің бәрі елең ете түсті дейді. Қасекеңнің де көзі ажырайып, шашы тікірейіп шыға келіпті.
– Себебі, бұл кісі мына Әсекеңді (зайыбы) соғыс алдында кәмелетке толмай жатып, алып қашып кетіп, кеңес заңын өрескел бұзған. Содан сотталатын болған соң Украинаға зытып, партизандар арасына тығылған ғой. Әйтпесе әскерде, соғыстың алдыңғы шебінде жүрмес пе еді…
Сонда ғана елдің бәрі «уһ» деп, Қасекеңнің өзі де күліп жіберсе керек.
Келесі күні «Қалтайдың қалжыңдарын» Жұмагүл Солтиден алып қарап шықтым. Шынында да Шерағамның соңғы айтқаны кітапта жоқ сияқты.
Қалидің кәзиті
– Қалидің кәзитін оқып жүрсің бе?
– Қай Қалидің? – дедім ағам қайтер екен деп.
Шерағам жауабымды жақтырмағандай кіржің ете қалды.
– «Алматы ақшамын» айтасың ба? – дедім қытығына көп тие бермейін деп. – Ой, аға, оны оқымай, енді нені оқимыз. Кеңсеге келіп тұрады. Кейде үйге алып кетіп те оқимын. Қазіргі қазақ газеттерінің ішіндегі тұшымды материалдар игеріп жүрген басылымдардың бірі емес пе?!
Ағамның маңдайындағы қыртыстары тегістеліп, бетінің реңі кіре берген тұста:
– Сіз туралы жазған алғашқы материалымды сол Қали болатын жариялаған, – деп қалдым.
– Қайда, ей?
– «Жас Алашта». Ол кезде орынбасар болатын.
– Солай ма?..
Иә, солай болатын. Осы бір тойған қозыдай болып томпайып жүретін қарадомалақ баламен мен сонау «Социалистік Қазақстанда» жүргенде етене танысқан едім. Алғаш корбюрода, кейін секретариатта еңбек етті. Өз ісіне мәттақан. Әсіресе, мәдениет, өнер мәселелеріне келгенде көсіле түсетін. Журналистік талантын ашып, талай тың тақырыптар жазуына себепші болған Шерағам еді. Толысып, кемелденген тұста «Жас Алаш» газетінің орынбасары болып жоғарылап кеткен-тұғын. Кейін Алматыны И.Тасмағамбетов басқарып тұрған кезде өзінің кешкі газетіне жетекшілік етуге қалап алған еді. Ол кісі біледі ғой, кімді өсіру керектігін! Міне, сол қарабала қазір қабырғалы да қарымды қаламгерлердің бірі. Іскер басшы, шебер ұйымдастырушы.
Екі мыңыншы жылдың орта тұсына таман Шерағамның тапсырмасымен «Сембин» атты көлемді мақала, «мақала емес-ау, аса ірі дарынды жоқтау-эссе» (ағамның сөзі) жазған Қали, кезінде жарқ етіп сахна төрінен көрініп, кейін Қотыраштар мен Батыраштардың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорлығынан күйіп кеткен әйгілі әнші Аманкелдінің аянышты тағдырын сөз еткен еді. Шетелде таланттарды қорғайтын арнайы заң бар екенін айта келіп, автор Сенбиннің таспаға жазылып қалған даусын келер ұрпақ үшін сақтап қалсақ екен деген пікір білдірген болатын. Міне, сол Шерағам шырылдап іздестірген Сембиннің мұрасын жинастыруға әлі де құлық танытпай отырған көрінеміз. Тиісті орындар тырс етпеген сыңайлы.
Қали араға оншақты жыл салып тағы да оралады осы мәселеге. Газетінде ол былай деп жазады: «Енді не істеу керек? Бұрын да жазғанбыз, айтқанбыз. Тағы да қайталаймыз. Сембинді сағынғанда айтар әңгіме теңіздің тартылуы тәрізді, бір келіп, бір кетіп тұрады. Айтатын нәрсе көп. Соның бәрін жүйелеп айтуға да көкіректі емін-еркін жайлап алып, әр қиялға алып ұшатын сезім де ерік бермейді. Біз Сембинді жылдар бойы жоғалтып алғанбыз. Енді жоғалтпауымыз керек, енді бағасын беруіміз керек, бағалауымыз керек. Мамандар оның әншілік қуатының сырын, қасиетін саралап, арнайы сынып ашып, лекция арқауына айналдыруы керек. Теледидар, радио бұрынғы ән таспаларындағы даусын тауып, арнайы концерт, көркем хабар, фильм-концерт дайындалу қажет. Оның даусындағы, шығармашылық болмысындағы ерекшеліктер, керек болса, арнайы ғылыми-теориялық конференциялардың арқауына айналуы тиіс. Өзі, шығармашылығы жөніндегі жарияланымдардың басын біріктіріп, арнайы кітап шығарған жөн. Сөйтіп рухани дүние бүтінделуі қажет».
– Сіз туралы жазған материалымды бермей бір жылдай жатқызып қойған жандар да болған, – дедім бір кезде қарап отырмай.
– Қой, әй, – деді ағам көңілімді аулап, – кім болды екен ол, біле отырайық та біз де.
– Өзіңіздің жақын інілеріңіздің бірі, – дедім енді турасына көшіп. – Ол да зам болып істейтін. Ертең, бүгін деп, ақыры сиырқұйымшақтандырып барып жоқ қылды ғой.
– Е, құдыреті жетпеген де, – деді де қойды ағам.
Бірақ аты-жөні кім, қай басылым еді деп анықтап сұраған да жоқ. Соған қарағанда білетін болды-ау деп бажайладым.
Шекпенінен шыққандар
Әдебиетте өзіндік орны мен үні бар Өтеген Оралбаймен алғаш «Егемен Қазақстанда», сонан кейін құдай сәтін салып, Ақордада қызметтес болу бақытына ие болдым. Сол айтатын еді: «Осы сен ғой, Шерағаң туралы жазып жүрсің, білесің бе, сол кісінің қанша шәкірт тәрбиелегенін?» деп.
Шынында, ойланып қалдым. Былайша қарасақ, Мұртаза мырза Мұртазаев болып газет-журналдар мен теле-радиоға басшылық жасағалы бері жүздеген жасты тәрбиелеп шығарғаны мәлім. Ал, нақты санына келетін болсақ ше? «Шерағаның шекпенінен шыққан едім» дегенді елге белгілі ақын-жазушылардың өздері айтпаса, басқалары сол «белгісіз» қалпында қала беретіні сөзсіз.
Осы ойымды келесі бір кездескенде Өтекеңе айтып едім:
– Онда мен де Шерағаның шекпенінен шет қалмаймын ғой, «Ленжас» пен «Егеменде» еңбек еткем, – деп еңселене түсті. – Алдымен ағамыздың өзі шақырып алып қызметке орналастырған адамдарды түгендеп алайықшы! Мәселен, Атыраудан Әбіш пен Фаризаны, Алтайдан Оралхан мен Дидахметті деген сияқты.
– Жамбылдан Қалдарбек пен Кәрібай, – дедім мен.
– Жұмекен мен Рақымжан! – деді ол.
– Мұқтар мен Тұтқабай!
– Ақселеу мен Қадірбек!
– Мағира мен Жұмагүл!
– Серік пен Қуанышбай!
– Мұса мен Елен!..
Осылайша, екеуміз кезектесіп санағанның өзінде саны отыздан асып кетті.
– Қазір осы кісілердің өздері де шәкірттер тәрбиелеп жүр емес пе? – деді Өтекең өзінің философиясына басып. – Демек, олар да ұстаздарының ұстазын ұстаз тұтады ғой.
– Олардың бәрін қосатын болсақ, күллі қалам ұстағандардың тең жартысын Шерағаңның шекпенінен шыққандар деп қалай айтпасқа!