
Құқықтық қақтығыстарды тудыратын бұлыңғыр және дискрециялық тұжырымдар өткен шақта қалуы тиіс. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа форматта сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан 3,5 мыңнан астам НҚА жобасы өтті. Бұл ретте тәуелсіз сарапшылардың күшімен 7,5 мыңнан астам сыбайлас жемқорлық олқылықтары анықталды. Осыған орай, орталық және жергілікті атқарушы органдардағы барлық әріптестеріме айтатыным: шенеуніктерге өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік беретін нормаларды екі түрлі түсіндіруді пайдалану тәжірибесін тоқтату қажет. Құқықтық қақтығыстарды тудыратын бұлыңғыр және дискрециялық тұжырымдар өткен шақта қалуы тиіс. Біз өз тарапымыздан сараптаманың тиімділігін дәйекті түрде арттыратын боламыз, соның ішінде жасанды интеллекті енгізу есебінен», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында.
Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес барлық өңірде волонтерлер мен қоғам белсенділерінің арнайы топтары 1,5 мың мониторинг жасап, 10 мың дәріхана, медициналық мекемелер мен қоймаларды қамтыды. Гуманитарлық көмекті соңғы алушыға дейін жеткізді.
«Азғана уақытта «СҚ-Фармация» мен Медициналық сақтандыру қорының қызметіндегі жемқорлық тәуекелдеріне терең талдау жасау – олардың ішкі бизнес процестерінің барынша ашылуына ықпал етті. Пандемия әлі де жалғасуда. Сондықтан біздің мақсатымыз – коронавируспен күреске бөлінген бюджет қаражатын одан әрі қадағалау және қоғамдық бақылауға азаматтарды бұрынғыдан да көбірек жұмылдыру» - деді Алик Шпекбаев.
