27 қаң, 2022 сағат 17:01

Шекараға жақын жерде қауіпті вирустар анықталды – ДСМ

© Sputnik / Валерий Мельников

Қазақстан мен Ресей мамандары шекаралас аймақта қауіпті вирустар тапты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, 2021 жылы қазақстандық және ресейлік мамандар халықаралық ынтымақтастық аясында алғаш рет Шығыс Қазақстан облысының аумағында Катонқарағай ұлттық паркінде эпизоотологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген. Парк Таулы Алтай оба ошағымен шектеседі.

"Зерттеу қорытындысы бойынша ПТР әдісімен бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызбаның айналымы, сондай-ақ псевдотуберкулез және лептоспироз қоздырғыштарына антиденелері бар кеміргіштер анықталды. Бірлескен зерттеулер жүргізу жөніндегі жоспарлар 2022 жылы жалғасады", - делінген ресми хабарламада.

Бұдан бөлек, Еділ-Орал құмды оба ошағының аумағын бірлескен эпизоотологиялық зерттеу шараралары атқарылды.

"Қазақстанның барлық өңіріндегі аса қауіпті инфекциялар ошақтарында шекаралас мемлекеттердің ғалымдарымен бірлесіп атқарылатын кешенді жұмыс пен мониторинг биологиялық қатерлерге жедел ден қоюға және олардың алдын алуға, сондай-ақ елдегі тұрақты ахуалды сақтауға мүмкіндік береді", - дейді мамандар.

Айта кетері, 2019 жылы Үкіметтің 31 шілдедегі № 563 қаулысымен Денсаулық сақтау министрлігінің обаға қарсы Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы құрылған болатын. Орталықтың 9 станция-филиалы бар. Бұл - елдегі аса қауіпті инфекцияларды зерттейтін және оларға қарсы әрекет ететін жалғыз ғылыми ұйым.

Орталықтың негізгі мақсаты - елдің эпидемиологиялық қауіпсіздігін сақтау, алаңдаушылық туғызатын аймақтарға мониторинг жасау мен зерттеудің ғылыми негіздерін зерделеу, адамдар мен жануарлар арасында аса қауіпті инфекциялардың таралуына қарсы шаралардың алдын алу және сақтау.