05 мам, 2026 сағат 17:23

Шатырынан су аққан Алматы әуежайына айыппұл салынды

Фото: ala.avia.tips

Алматы халықаралық әуежайына терминал шатырынан су ағу фактісі бойынша әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі хабарлады.

Министрлік басшылығы, әуежай әкімшілігі және құқық қорғау органдары бірлесіп шұғыл кеңес өткізді. Тексеру нәтижесінде Азаматтық авиация комитеті әуежайды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында жауапкершілікке тартты.

Сонымен қатар әуежай ішінде жауапты тұлғаға да шара қолданылған. Техникалық мәселелерге жетекшілік ететін аға вице-президент Мехмет Гюзельге тәртіптік жаза берілгені хабарланды.

Almaty International Airport әкімшілігі жолаушылардан болған қолайсыздық үшін кешірім сұрап, ақауды жою жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Қалпына келтіру және су басу себептерін толық анықтау жұмыстары 6 ай ішінде аяқталуы жоспарланып отыр.

Көлік министрлігі мұндай олқылықтардың алдын алу үшін бақылау күшейтілетінін және азаматтық авиация нысандарының қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуі қатаң қадағаланатынын жеткізді.