Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған шаралар «Сыр сүлейлері» аллеясында этноауылдан бастау алды. Мерекелік шараға өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Этноауылда жағалай қоныстанған киіз үйлерде қала тарихы мен елдегі өзгеріс, тың бастамалардан хабардар ететін көрме дайындалған. Ал арнайы тігілген ақ шатырларда қала мейрамханалары ұлттық ас мәзірін, шаруа қожалықтары қымыз, шұбат, қауын, қарбызды қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етті. Сондай-ақ, бір мезетте 200-ге тарта домбырашы күй тартып, Қорқыт даласы күмбірлеген күйге тұнды.
Мерекеге орай қалаға қарасты шаруашылық құрылымдары фестивальға 600 литр қымыз, 600 литр шұбат, 8 тонна қауын мен қарбыз, 100 келі қауын қақ пен қауын құрт, 200 қорап бауырсақ әкелген. Жалпы фестивальдағы барлық өнімдер елге тегін үлестірілді. Шара барысында асық ату, тоғызқұмалақ, қол күрес сынды спорттық сайыстар ұйымдастырылып, үздіктер анықталды.
Сапар барысында Гүлшара Наушақызы Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана жұмысымен танысты. Мұнда «Аrt студия» жас суретшілерінің туындыларын тамашалап, Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасын, «Шаңырақ» интеллектуалды орталығын аралап көрді. Бүгінде кітапханадағы кітап саны – 412 472 дана. Заман талабына сәйкес, оқырмандар арасында емін-еркін қарым-қатынас орнататын, жастарға ыңғайлы алаң жасау мақсатында кітапханадан «BOOК кафе» және коворкинг орталығы ашылған. Ал Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасында 8 мыңға жуық кітап, жазушының жеке заттары, жазу құралдары, кәдесыйлары мен портреті қойылған.
Мұнан кейін Мемлекеттік хатшы ІТ орталықтың жұмысымен танысты. Жастардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы стартап жобаларын қолдауға бағытталаған ІТ орталықта түрлі робототехникалық прототиптердің өндірістік жобаларын әзірлеуге мүмкіндік бар. Бүгінде аймақта барлық сала бойынша цифрландыру жұмыстары қарқынды. Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким биыл ақылды басқару бағыты бойынша білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және қауіпсіздік саласы бойынша 37 жобаны жүзеге асыру басталғанын айтты. Айталық, білім беру саласы бойынша аймақтағы 293 мектеп толығымен «Күнделік» электронды журналына көшсе, денсаулық сақтау саласында «Damu med» мобильді қосымшасы қолданысқа енгізілді. Салада бүгінгі күні 25 медициналық нысан электрондық форматқа көшсе, жылдың аяғына дейін 62 құжат электронды форматқа көшіріледі. Сондай-ақ, қазіргі кезде қаладағы 19 көппәтерлі тұрғын үй «E-Shanyraq» жүйесіне қосылған. Ал көлік секторын цифрландыру қызмет көрсету сапасын 30 процентке арттырды. Мұнан өзге аймақта цифрландыру бағытында тың бастамалар, оқушыларға цифрлық білім беру жұмыстары жолға қойылған.