«Азаматтарға арналған үкімет» «Қазпочта» АҚ-мен бірлесіп, пилоттық жобаны іске қосты. Соның арқасында ХҚКО жоқ шалғай елді мекендердің тұрғындары мемлекеттік корпорацияның қызметтерін «Қазпочта» АҚ ауылдық бөлімшелерінде ала алады, деп жазады "Ұлт ақпарат".
Әзірше 66 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның ішінде электрондық анықтамаларды беру, баланың туылуын тіркеу, баланың туылуы мен күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау, жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорттың телнұсқасын беру, запастағы офицерлерге әскери билеттер және олардың телнұсқаларын (әскери билеттің орнына уақытша куәліктер) беру және тағы да басқа қызметтер бар.
«Азаматтар арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, мемлекеттік корпорацияда шалғайдағы ауылдық округ тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді еркін алуына ерекше назар аударылып келеді. Осылайша, 2012 жылдан бастап бүкіл Қазақстан бойынша 70 мобильдік ХҚКО жұмыс істейді, олар әкімдіктердің өтінімдері бойынша елді мекендерге шығып, қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері олар 7455 рет ауыл тұрғындарына барып, 335 736 қызмет көрсеткен.
Қазпочта бөлімшелері арқылы танымал мемлекеттік қызметтерді көрсетудің пилоттық жобасы - азаматтарға уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беретін ыңғайлылыққа арналған тағы бір қадам. Пилоттық жоба алдымен Шығыс Қазақстан облысында екі ай бойы тестілеуден өтті, нәтижесінде оны Қазақстанның барлық аумағында қолдану туралы шешім қабылданды. «Пилоттық жобаны тестілеуде ШҚО почта байланысы бөлімшелерінде 233 құжат берілген. Одан бөлек, біздің жұмысымызға тұрғындар тарапынан жақсы пікірлер айтылып, оң бағалар берілгендіктен, біз оны еліміздің барлық аумағында жүргізуді шештік. Қазіргі таңда шалғай елді мекендердің тұрғындары почта байланысы бөлімшелері арқылы 1656 корпорация қызметін ала алады. Демек, енді бұл қызметтерді алу үшін, олар аудан орталықтарына барып әуре болмайтын болды», – деді Оспанов.
«Біз ауыл тұрғындарын тек почта қызметімен емес, сонымен қатар әр түрлі банк қызметтерімен, әрине, оның ішінде ХҚКО қызметімен де қамтамасыз ететін боламыз. Өйткені ауылда көбіне почта байланысы бөлімшелері ғана жұмыс істейді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді почта арқылы алу үшін, ауыл тұрғындары құжаттар пакетін ұсынулары, қызмет көрсетуге жазбаша түрде өтініш берулері және қажет болған жағдайда, мемлекеттік баж салығын төлеулері тиіс. Қазпочта операторы өтініштерді қабылдап, құжаттар пакетін қалыптастырады және оны жақын жердегі халыққа қызмет көрсету орталығына жөнелтеді. Онда ХҚКО инспекторы қызметті ресімдеп, курьер арқылы дайын құжаттарды жібереді», – деп қосты «Қазпошта» басшысы Сәкен Сәрсенов.