«АРҚАДА ҚАСЫМ ҮЙІ ШАҢЫРАҚ КӨТЕРЕ МЕ?!.»
(Қадыр Мырза Әлінің Оралдағы тойынан туған ой)
Облыс әкімі һәм облыстық мәслихат депутаттарының назарына!
Адамзаттың материалдық және рухани құндылықтарын жасағандардың бәрі де – ноқтаға асау басы сыймаған азат адам, олар: Ньютон мен әл-Фараби, Пушкин мен Абай, Бауыржан Момышұлы мен Қасым Аманжолов!
Қазақ жырын Абайдан кейін тезге салған адам – Қасым! Мағжанды сол кездегі көзі қарақты, көңілі ояу замандас-қатарластарынан басқа ешкім байқамай қалды... Қазақ поэзиясындағы Абай, Қасым мектебі ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ жырын осы күнгі адамзаттық деңгейден де асырып жіберді деуге болады! ХХІ ғасырдағы қазақ өлеңі бүгінде де бүкіл дүниежүзілік поэзияның көш басында тұр!
Қасымның қадір-қасиетін одан кейін іле-шала дүниеге келген жас, жасампаз Қасымдар бірден түсінді: «Дейсіңдер-ау Қасымның несі Қасым? Ақынмын деп қомпаңдап жүргендердің әммесінен Қасымның десі басым...» (Мұқағали).
...Ақжайық елі Қадыр Мырза Әліні алақанына салып жатыр. Қасымды пір тұтып келген арда ақынның 80 жылдығы салтанатпен өтуде. Жетісуда Мұқағали Мақатаевтың атақ-даңқы жер жарып тұр! Ұлттық поэзиямызға алпысыншы жылдары келген осынау асау толқынның пірі Қасым еді. Біз оған қандай құрмет жасадық? Қарағанды-Қарқаралыда дүрілдетіп 100 жылдығын атап өттік. Екі ай сайын республикалық «Қасым» журналы жарық көреді. Одан басқа түк жоқ... Қасымның шәкірттеріне жасалып жатқан ілтипат-құрметтің қасында мұның бәрі – әншейін дүние ғана...
Арқада Қасымға арналған ірі мәдени-рухани орталық салу – кезек күттірмейтін міндет! Соның ішінде Қасым кітапханасы, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы, Қасым журналының редакциясы орналасып, онда облысымыздағы ұлттық руханияттың қазаны қызу қайнап жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Ресейде Пушкиннің үйі, Блоктың үйі, Прагада Кафканың үйі бар. Қазақта көзі тірісінде үйсіз, күйсіз өтіп, совет өкіметі кезінде қазақтың қара өлеңінің босағада қалған қайран алтын басын төрге сүйреген Қасымның да үйі болуы керек!
Облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың депутаттары Оралда қолға алынған игі шаралардан кейін ойланатын шығар енді?!"
(«АРҚА АҚШАМЫ" ГАЗЕТІ.2015ж.2.07.).
... Бірақ, Арқада әлі ешкім ойлана қойған жоқ...
Серік Ақсұңқарұлының фейсбуктегі жазбасынан