Ұлтшыл
Көлігі - немістікі,
теледидары – жапон,
Дамбалы – қырғыздыкі,
қолында – АҚШ айфон,
Уақыт - қытай сағаттан,
қара орамалы - арабтан,
Балаларына да цифрды
Араб санымен санатқан,
Өзбек газын парлатқан,
Нәрі - ГМО тамақтан,
Салаты - кәріс қарақтан,
Самсасын асап сарттың,
«Кириллмен» хабар таратқан,
Әтірін сеуіп Париждің,
помадасын «жалатқан»,
Түркиядан шоқайы,
Шұлығы да сол жақтан,
Асханасы – ұйғыр,
Дойыры - орыс-казактан!
Экранда – үнді,
Пірі - Жағдиша «жынды»,
«Келін» де бар мұңды.
Мұндай байлық кімде бар,
«Ұлтшыл» деп жүр кімді?
Ауызында – үш тіл...
Қайдан шыққан «ұлтшыл»?!
Қой аузынан шөп алмас,
Қоңырқай ғана ұлт бұл!
Бәрін-дағы теңгеріп,
Айырмастан тағаттан,
Бұл қазақты Құдайым,
«Толерантты» етіп жаратқан.
Күн көрумен келеді,
Өзге тартқан «табақтан» ...
Cерік Әбікеннің фэйсбуктағы парақшасынан