
Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Құжатқа толықтырулар енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қоғамдық кеңестер» Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды құралына айналып отыр. Қоғамдық кеңестер – Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан әлеуметтік, саяси, экономикалық даму жолдарын айқындауда, халық пікірін жинақтауға мүмкіндік береді. Заң жобасы бойынша тек қана, негізгі жаңалықтарға тоқтала кетейін. Біріншіден, заң жобасы Қоғамдық кеңестерді құрудың механизмдерін жетілдіруге жан-жақты мүмкіндік береді. Қоғамдық кеңестердің қызметін материалдық қамтамасыз ету мәселесі енді өз шешімін тапты. Ол – жергілікті мәслихаттардың құзырына беріліп отыр», - деді сенатор Бақытжан Жұмағұлов.
Екіншіден, бұған дейін қоғамдық кеңестер келіп түскен барлық нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайтын. Енді бұл мәселені қарау немесе қараусыз қалдыру туралы шешімді қоғамдық кеңестердің өздері шешетін болады.
Үшіншіден, маңызды өзгерістердің бірі – Қоғамдық кеңес мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін кеңейте отырып, оларды Квазимемлекеттік сектор жұмыстарына, сатып алу комиссияларының жұмысына тарту көзделген. Бұл нормалар квазимемлекеттік сектордың ашықтығын, есептілігін қамтамасыз етеді.
Төртіншіден, қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері жөніндегі «уәкілетті орган» белгіленді. Оған бірқатар функциялар – заңнамалық түрде берілді.
Бесіншіден, жыл сайын Мемлекет Басшысына қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндама әзірлеп, енгізеді. Бұл қоғамдық кеңестердің жауапкершілігін көтереді, ашықтығын қамтамасыз етеді.
Депутаттың айтуынша, аталған баптардың барлығы да қоғамдық кеңестер қызметін жүйелеуге, дамытуға мүмкіндік береді.
Мәжіліс мақұлданған заң жобасын талқылау барысында Сенат комитеті Ұлттық әл-ауқат қоры мен Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін ұлттық компаниялар құрған Қоғамдық кеңесті құру және оның қызметін ұйымдастыру тәртібін нақтылауға қатысты бірқатар ұсыныстар енгізді.
«Бұл тұрғыдан алғанда заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын. Сонымен бірге, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің жұмыс тобында, Комитеттің кеңейтілген отырысында, заң жобасын талқылау кезінде депутаттардан Ұлттық әл-ауқат қорының және Қор тобына кіретін компаниялардың ерекшеліктерін ескере отырып, Қоғамдық кеңесін қалыптастыру тәртібін нақтылау және регламенттеу мақсатында бірқатар өзгерістер мен толықтырулар ұсынылды», - деді Б. Жұмағұлов.
Баяндалғанды ескере келе, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына өзгерістер мен толықтыруларды Парламент Мәжілісіне жіберуді ұсынды.
Жалпы отырыс барысында сенаторлар бұл ұсынысқа қолдау білдірді.
