05 сәу, 2021 сағат 11:24

Сенаторлар туристік қызмет мәселелері туралы заң жобасын қарайтын болды

Палата төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Бюроотырысы болды. Онда депутаттар 2021 жылғы 8 сәуірде өтетін Сенаттың алдағы отырысының күн тәртібін талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" жоғары жалатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар Палатаның алдағы отырысында «ҚазақстанРеспубликасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды. 

Келісім екі ел арасындағы көші-қон процестерін реттеу жөніндегі мәліметтер алмасуды оңайлатуға мүмкіндік береді. Осылайша, тараптар статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпаратты, сондай-ақ олардың аумағындағы екі мемлекеттің азаматтары туралы мәліметтерді алмаса алады.

Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқыға салады. 

Елімізде туристік басымдыққа ие ТОП-10 аумақ белгіленетін болады.

Егер инвесторлар ол жерлерде туристік объектілердің құрылысын бастауды ұйғарса, онда сол кәсіпкерлерге жеңілдіктер беріледі.

Бюро отырысы барысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.