Сенат депутаттары Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы төтенше жағдайдан зардап шеккендерді қолдау қорына бір күндік жалақыларын аударады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған төтенше жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бүгінгі күні Президенттің тапсырмасымен жарылыс салдарынан қаза болған азаматтардың отбасыларына және зардап шеккен адамдарға көмек көрсетілуде. Осыған орай, Сенат депутаттарының бір күндік жалақысын зардап шеккендерді қолдауға арналған қорға аудару туралы ұсыныс бар. Қарсылық жоқ болса, осы ұсынысты қабылдаймыз, аппарат тиісті жұмыстарды ұйымдастырады», - деді Әшімбаев Сенаттың бүгінгі отырысында.
Естеріңізге сала кетсек, 26 тамызда сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 15 адам қаза тапқан.
