Семей қаласында той өткізіп, Қайрат Нұртасты шақырғандарға қатысты ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру жүргізуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
23 наурызда әлеуметтік желілерде Семейдегі мейрамханалардың бірінде өткен тойда болған эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас пен қонақтардың видеолары жариялануда. ҚР және облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің қаулыларына сәйкес, той өткізуге тыйым салынған.
«Карантин талаптарын бұзған мейрамхана иесіне қатысты тиісті материалдар түскен. Қазіргі уақытта осы факті бойынша ШҚО СЭБД Семей қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізуде. Соның нәтижелері бойынша кінәлі тұлғаларға ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданатын болады. Түскен материалдар заңнамада белгіленген мерзімде қаралады», - деп хабарлады ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, Шығыс Қазақстан «жасыл» аймақта болса да ҚР және облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларымен белгіленген шектеу шараларын қатаң сақтау қажет.