Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері Семейдің қала ретінде жаңа төлтаңбасының қабылданбағандығы, бұрынғы патшалық Ресейді насихаттайтын гербтің әлі күнге қолданылып келе жатқаны туралы БАҚ бетінде талай жылдан бері айтылып келе жатса да, кереғар түсініктен арылуға жергілікті атқарушы биліктің өресі жетер емес. Неге екенін қайдам, қала шенеуніктері шаһардың осынау басты атрибутын жаңартуға келгенде «үстел астына тығылып қалатынын» көзі қарақты қауым жақсы біледі. Жергілікті суретші Ерлан Әмірбеков пен «Туған елім – Семейім» қоғамдық қорының президенті Айдын Ырысбекұлы екеуі қалалық әкімдікті қойып, премьер-министр кеңсесіне, бас прокуратураға дейін хат жолдаса да, мардымды нәтиже шығара алмай келеді. Осыдан 4-5 жыл бұрын қаланың төлтаңбасына қатысты жарияланған байқаудың соңы да сиырқұйымшақтанып барып, қорытындысы белгісіз күйде қалды. Есесіне, Ресейдің өзі әлдеқашан қажетсіз етіп қолданыстан шығарып тастаған «герб» қаланың басты белгісіне баланып, «қасиетті дүниеге» айналып кеткендей.
«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» дегендей, қаланың төлтаңбасын қабылдату керітартпа шенеуніктердің кесірінен кейінге шегеріліп келе жатқанда орыс отаршылдығын мойындаудың сорақы үлгісін «Семей» қонақ үйінің қожайыны көрсетті. Сонау кеңестік дәуірдің кезінде, 1967 жылдан бері «Семей» деген атаумен тұрған қонақ үйдің маңдайшасына осыдан 3 жыл бұрын ғана «Семипалатинск» деген атау баттиып орнатылғанда, жұрт ресейшілдік пиғылды кімнен көрерін білмей дал болып қалды.
Алаш астанасы атанған қаладағы мұндай ерсілікті жөнге келтіру керектігін сол кездегі қала әкімі Айбек Кәрімовке суретші Е. Әмірбеков 2015 жылдың ақпан айында өткен әкімнің есеп беру жиынында төтесінен қойған екен. Ерлан Шаяметұлының сол сауалын сөзбе-сөз келтірелік:
- Қаламыздың орталығындағы 1967 жылдан бері ««Семей» қонақ үйі» неліктен 2014 жылдың 8 – қарашасында «Семипалатинск» болып өзгерді? Неге қаламызда патша заманының гербі қолданысқа енуде? Бұл президентіміздің 2007 жылдың 21 маусымында шыққан «Семипалатинск» атауын «Семей» етіп өзгерткен № 351 жарлығына қарама-қайшы болып шықпай ма?»
А. Кәрімовтің жауабы: «Бәріміздің көзіміз үйреніп қалған «Семей» қонақ үйінің аты өзгеріп кетуі түсініксіз жағдай. Мен қазір бастық болып отырған адамдармен сөйлестім, өкінішке орай, тіл табыса алмадық. Ол кісілер Семейде тұрмайды, басқа қалаларда тұрады. Олардың бәрі де өзіміздің жерлестеріміз. Бәрі де қазақ азаматтары. Тауарлық белгі деген болады. Патша гербін бұл кісілер (қонақ үй басшыларын айтып отыр-авт.) Астанадан бекіткізіп алыпты. Ол жер бизнес нысаны болғандықтан, мәселе күрделілеу. Мен өтініш бердім, иелерімен тағы да сөйлесеміз, тағы да айтамын. Не үшін өзгерткендерін өзім де түсіне алмадым» (Әкімнің бұл жауабы таспаға жазулы, суретші қолында сақтаулы тұр).
Қаланың сол кездегі әкімі мен суретшінің арасындағы осынау сұрақ-жауаптың жұрт алдынан өткеніне де 3 жылдың жүзі болды. Кәрімов қанша кәріне мінсе де, қонақ үй қожайынын жөнге шақырудың орайын келтіре алмаған күйі бұл «эстафетаны» қазіргі қала әкімі Сәлімовке табыстап, қызмет ауыстырып кетті.
Ал суретші Е. Әмірбековтің айтуынша, Ресейдің Геральдика туралы Заңының 7 тармағында қала төлтаңбасы (гербі) ешқашан да сауда белгісі бола алмайтыны атап көрсетілген. Осыны негізге алған ол өзі сенімді өкілі болып табылатын «Туған қалам – Семейім» қоғамдық қоры арқылы тиісті орындарға сұрау жолдап, «Семипалатинск» қонақ үйінің атауы және сыртқы қабырғасы мен маңдайшасында тұрған патшалық Ресей гербін еске түсіретін белгінің қолдануға қалайша рұқсат берілгенін анықтап көрген.
Жіберген сұраныстарыма сәйкес, ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Краснобаевадан ҚР Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны» директоры Е. Оспановтың қолы қойылған құжатты алдым. Онда Қазақстан Республикасының тауар таңбаларының мемлекеттік тізілімі бойынша мен айтып отырған Ресей гербіне ұқсас сауда белгісінің рұқсаты «Гостиничный комплекс «Семей» ЖШС-іне 2017 жылдың 14 маусымында берілгендігі көрсетілген. Ал қаланың бұрынғы әкімі Айбек Кәрімов маған қонақ үй басшылары «Семипалатинск» атауы мен белгіні Астанадан бекіткізіп алғанын 2015 жылдың ақпанындағы есеп беру жиынында айтып отыр. Сонда қонақ үй басшылары үш жыл бұрын бекіткізіп алған болса, «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК-нан алынған мәліметтер қайдан шықты? Онда «Гостиничный комплекс Семей» ЖШС-інен түскен өтінім датасы 25. 04. 2016 жыл екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Мен түсіне алмай отырған жұмбақ жайлар көп болып тұр бұл тұрғыда, - дейді Ерлан Шаяхметұлы.
«Алдымен Семейдің атауын «Алаш» деп өзгертіп алсын»
Хош, сонымен, талайды аң-таң еткен «Семипалатинск» атауына қонақ үй басшылығы неге құмартты? Орыстың отаршылдық ниетінен туған патшалық Ресей гербіне ұқсас белгіні қаланың дәл ортасындағы қонақ үйдің маңдайшасы мен оң жақ жоғары бөлігіне «мен мұндалатып» жапсыруына не себеп? Осы және өзге де сауалдар жетегінде аталған қонақ үйдің есігінен аттадық. Қонақ үй әкімшісі директордың да, құрылтайшының да орындарында жоқ екенін айтқанымен, жұмыс телефондарын берді. Директор Айнұр Мәскенқызын табу (ұялы телефонына хабарласу) қиынға соққанымен, құрылтайшысы Қайырхан Шәкәрімовпен ұялы телефоны арқылы тілдесудің сәті түсті. (Қарамағындағы қызметкер іссапармен Өскеменде жүргенін айтқан болатын- авт).
– Мен сізге айтайын, біле білсеңіз «Семипалатинск» біз үшін тарих, - деді қойылған сауалға жауабын нығарлай жеткізген құрылтайшы Қ. Шәкәрімов.
– Өйткені, бәріміз де кеңестік дәуірде Семейде емес, «Семипалатинск» қаласында өскенбіз. Рас, қонақ үй атауына байланысты байбалам салып жүргендер баршылық. Ал егер олардың белсенділіктері мықты болса, басқа мейрамхана, қонақ үйлердің атауымен неге алыспайды?! «Париж», «Прага» ресторандары бар Семейде. «Номад» қонақ үйі деген де бар. Ал осылардың атауын өзгертіп, Семейдің тарихына қатысты атау қою керектігін неге айтпайды? Шамалары жетсе соларды өзгерттірсін әуелі! Ал «Семей» қонақ үйін «Семипалатинск» деп өзгерткенде тұрған ештеңе жоқ.
ЖА: – Басқа атауды қою қажет болмады ма? Мысалы қаламыздың Алаш қайраткерлері бас қосқан қала екенін білесіз. «Алаш» деп атаса ше?
Қ. Ш: – Мен де бір кісідей қала тарихынан хабарым бар адаммын, патриотпын да. Егер қала тарихына жанымыз шын ашитын болса, неге Семей атауын «Алаш» деп өзгертпейміз осы? Тіпті, оны былай қойғанда Астананың өзінде «Москва» қонақ үйі қасқайып тұр ғой. Шамалары мықты болса, соны неге алдыртып тастамайды? Егер соны өзгерттіре алам, Семейге Алаш атауын алып бере алам деген адам шықса, осы жол қаражатынан бастап, бар шығынын мен-ақ көтеріп алайын осы.
ЖА: – Ал қонақ үй қабырғасындағы патшалық Ресей гербіне ұқсас сауда белгісі – логотип туралы не айтасыз?
Қ.Ш: – Иә, бұл – біздің сауда белгіміз. Баз біреулердің «патшалық Ресей гербі» дегендері шындыққа жанаспайды. Патшалық Ресей гербінде тәж кигізіліп тұр. Ал мұнда ол жоқ. Мұны таңдауымыздың мәнісі Семей Жібек жолындағы тарихи шаһар болған. Ол заманда тауар тасымалы ретінде түйе пайдаланылғаны белгілі. Белгідегі түйе соны меңзейді.
Қалай болғанда да өз іс-әрекеттерін дұрысқа балаған қонақ үй құрылтайшысының пікір-көзқарасын өзгерту мүмкін еместігіне көз жеткізу қиын болған жоқ. Алайда, қала төлтаңбасына қатысты, атауы өзгеріп кеткен «Семипалатинск» қонақ үйіне қатысты айтыс-тартыстың бел ортасында жүрген «Туған қалам – Семейім» қоғамдық қорының президенті Айдын Рысбекұлы құрылтайшының сөзін түгелдей теріске шығарды.
– «Семипалатинск» қонақ үйінің маңдайшасындағы логотипте патшалық Ресей гербіндегі тәждің болмағаны оның логотип, яғни, сауда белгісі екендігін білдіреді деу - қисынсыз, бос әңгіме. Тәждің орнында тұрған қаланған кірпіш суреті 1851 жылғы Семипалатинск қаласының Ресей империясы дәуіріндегі гербі екендігін айғақтайды. Бұл патшалық Ресейдің Ертіс жағасына отарлау мақсатында салған қамал бекінісін меңзейді. Ал астындағы түйе мен айналасындағы гүлдесте 1878 жылы басқа да губерния мен облыстар секілді Семипалатинск облысының гербі ретінде бекітілген кезіндегі нұсқадан алынған. Ал қонақ үйдің оң жақ қабырғасындағы сурет арнайы бекітілімеген, тәжі ғана алынып тасталған бұрынғы Семипалатинск облысының гербі болып табылады. Бұл қазіргі күнде де Семей қаласының гербі ретінде ресми емес түрде қолданыста жүр. Ал, осы дәлелдерді ескерсек, оны жай ғана сауда белгісі деп қалай айта аламыз?! Одан кейін логотип, эмблема, гербтердің орналастырудың өзіндік тәртібі бар. Жіліктеп айтар болсақ, логотип – бизнестік мақсаттағы сауда белгісі, эмблема – банк, мекемелер мен оқу орындарының нышаны. Ал мына айтып отырғанымыз – («Семипалатинск» қонақ үйінің белгісі- авт.) тағы да айтамын, сан түрлі құбылған патшалық Ресей гербі болып табылады. Тарих дегеніміз аргумент пен фактіден құралады. Аргумент қайсы? Патшалық Ресей гербінің белгілері. Факті қайсы? Сол арқылы патшалық орыс империясын насихаттауға жол беру. Ал осындай саяси сауатсыздыққа саналы түрде барып отырған қонақ үй иесінің көздегені не? Патшалық Ресей дәуірін аңсау ма, әлде «Семипалатинск» атауы арқылы кеңестік кезеңді көксеу ме? Тағы бір таңқалдыратыны – оның осындай саяси қателік «мен мұндалап» тұрған сауда белгісін иеленуіне қалайша рұқсат берілді? Әділет министрлігіне қарасты «Ұлттық зияткерлік меншіктік институты» шынымен ештеңеге мән бермегені ме?! Жергілікті атқарушы билік көз алдарындағы мына өрескел қателікті көрсе де салғырт қарап отырғанына таңым бар. Бұл қалалық әкімдіктің дәрменсіздігін көрсетеді, - дейді Айдын Рысбекұлы.
Түйін орнына: Өткен жылдың күзінде ШҚО әкімі Даниал Ахметов Семейге келген сапарында қалалық әкімдікте ресми жиын өткізген болатын. Сол кезде сөз алған қалаға белгілі белсенді Николай Исаев кейбір көшелерге қатысты сұрақ қойған-ды. Қайда барса да алдынан шығатын, атқарушы билік өкілдеріне сұрақ қоюға құмартып тұратын Исаевқа қараған Ахметов: «Вы где живете?» деді жорта қиястанып. «В Семипалатинске» деді Н. Исаев. Сол-ақ екен облыс басшысы қаланың атауы орысша да, қазақша да Семей екендігін қадап тұрып айтып, «Семипалатинск» деп еш уақытта шатаспау керектігін атап көрсеткен еді. Сол кездесуге қатысқан қала тұрғындары Семейдің тарихи атауын мойындатқан облыс әкіміне дән риза болған-ды. Тіпті, артынша осынау сұрақ-жауаптың видео-үзіндісі де әлеуметтік желіде тарап жүре берген.
Міне, сөйтіп Семейдің қашан да Семей болып қала беретіндігін айтқан Даниал Кенжетайұлы сырттан келген мейманға қаланың басты айнасы іспетті көрінетін қонақ үйдің қожайынына осындай батылдық көрсете алар ма екен?! Әй, қайдам, Астана мақұлдап берген «Семипалатинск» атауы мен патшалық Ресей империясының гербін насихаттаған сауда белгісін маңдайға басқан қазақ азаматына президенттің өңірдегі өкілі де ештеңе істей алмайтын сыңайлы.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан облысы
"Жас Алаш" газеті