Биыл Оңтүстік Қазақстанда қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолданған 11920 адамның 3991 оқуды аяқтап, 1000 маман жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, өңір басшысы Ж.Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес аудан, қала әкімдіктерінде әрбір ауыл округіне қажетті 30 түрлі мамандық бойынша 8676 азамат оқуға жолданған болатын. Бүгінде олардың 8676 адамның 723-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Бүгін Сайрам ауданында өткен «Алтын күз» мерекесінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осы бағдарлама аясында білім алған 20 маманға салтанатты түрде куәлік табыс етті.
Өңір басшысы алдымен Сайрам ауданындағы кәсіптік-техникалық колледж түлектері дайындаған арнайы көрмені аралап шықты. Жұрт назарын өзіне аударған жобалардың бірі - кірпіш құятын құрылғы болды. Кәдімгі темірмен жасалған қондырғыны колледж түлектері өздері ойлап тапқан. Жуырда олар осы жобасымен облыстық байқауға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініпті.
Ал, Дінмұхаммед Қонаев атындағы колледждің студенттері пластикалық заттардың қалдығына құм мен түс беретін қоспа қосып, үй ауласына қолданылатын төсеніш ойлап тауыпты. Облыс әкімі студенттердің бұл жобасына таңданыс білдіріп, жастарды заманауи үздік жобаларды әзірлеуге ынталандыру қажеттігіне тоқталды.
«Қазіргі таңда облысымыздағы аудан, қалалардағы елді мекендерде кәсіптік мамандар тапшылығы байқалып отыр. Қарапайым мысал, бір ауылға электрик, слесарь, дәнекерлеуші, ағаш ұстасы секілді қажетті мамандықтар жетіспейді. Тіпті жоқ деп айтсақ та болады. Осыны ескере отырып, біз биылдың өзінде 30 түрлі қажетті мамандықтар бойынша 9 мыңға жуық азаматты қысқа мерзімдік оқуға жолдаған болатынбыз. Жуырда сол мамандар барлық ауыл округтеріне жіберіліп, жұмыспен қамтылатын болады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, биыл облысымызда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға республикалық бюджеттен 11429,8 млн. теңге бөлінген болатын. Нәтижесінде 64 мың 314 адамды қамту көзделген. 2017 жылдың 1 қазанына бөлінген қаржының 6,4 млрд. теңгесі немесе 56,1 пайызы игеріліп, 68534 бағдарлама қатысушысы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды.