
Қазақстандағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауына қатысатын халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 190 байқаушы аккредиттелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылғы 22 қазанда сайлауды халықаралық байқау институты ашылғалы бері ҚР Орталық сайлау комиссиясы 4 халықаралық ұйым мен 5 шет мемлекеттен 86 байқаушыны аккредиттеді. 2020 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша ОСК-ға Сыртқы істер министрлігінен 4 халықаралық ұйым мен 14 шет мемлекеттен 190 байқаушы аккредиттеуге ұсынылды. 4 халықаралық ұйымнан 167 байқаушы аккредиттеуге ұсынылды. ТМД байқаушылар миссиясы 142 байқаушы, ЕҚЫҰ парламенттік ассемблеясы 9 байқаушы, ЕҚЫҰ демократиялық институтынан 2 байқаушы, ШЫҰ байқаушылар миссиясы 14 байқаушыны ұсынды», - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова Орталық сайлау комиссиясының онлайн режимінде өткен отырысында.
Ол сонымен қатар байқаушылар тұрғысынан 14 мемлекеттен 23 кандидатура ұсынылғанын айтып өтті.
«Оның ішінде 6 мемлекет (Әзербайжан, Испания, Мажарстан, Норвегия, РФ, Франция) бір байқаушыдан, 7 мемлекет (Армения, Индонезия, Өзбекстан, Швейцария, Түркия, Үндістан, Филиппин) екі байқаушыдан, Румыниядан үш байқаушы ұсынды. Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар туралы деректер жаңартылып тұрады», - деді ол.
Отырыс барысында халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы Орталық сайлау комиссиясының қаулысы мақұлданды. Осылайша, 2020 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша 276 халықаралық байқаушы аккредиттелді.
