Менің атам – сталиндік зұлматтың құрбаны. Әдетте, шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерін атамекендегі жұрт сталиндік зобалаңнан қашып құтылып кеткендей көреді.
Жоқ! Мүлде олай емес. Сталиннің қанды құрығы ұзын болды және жендеттерінің көрші елдерге тіміскілеп бармаған сай-саласы жоқ.
Қазақ диаспорасының қоғам қайраткері-атам Дөңтай Қожамбетұлының өлең-жырларына, хисса, дастандарына және толғауларына социализм тұсында тиым салынды. 1990 жылы ресми түрде ақталғаннан кейін шығармаларының бірер ғана жарымы мерзімді басылымдарда там-тұмдап жарық көргені болмаса, жалпақ жұртқа жете қоймады. Ал, атажұрттағы оқырмандар Дөңтай есімі мүлде беймәлім де болуы мүмкін.
Қазақ диаспорасының саяси, қоғам және діни қайраткері Қожамбетұлы Дөңтай 1878 жылы қараша айының 16-сы күні қазіргі Шыңжан өлкесі Құмыл аймағының Баркөл деген жерінде дүниеге келген. Ауыл молдасынан сауат ашқан соң өз бетімен ізденіп, білім жолын қуған.
Кейіннен Буыршын деген елді мекенде мектеп ашып ұстаздықпен айналысқан. Бұл жөнінде:
«Буыршынды мекен ғып, бала оқыттым дүкен ғып,
Құрметті етті жамағат, қадірлі молла екен деп» - деген өзінің өлең жолдары да бар (Моңғолия, «Шұғыла» журналы, 70-бет, № 1, 1992). 1920 жылдардың соңында Шығыс Түркістандағы саяси, әлеуметтік жағдай күрт шиеленісіп, қытайлар қазақтарды ішкі өлкелеріне қарай ығыстырып, жаппай қытайландыру саясаттарының шет жағасы сыр бере бастаған тұста Дөңтай үш мыңға жуық қазақ отбасын бастап Моңғолияға қоныс аударған.
Олар шекарадағы Ажбоғда тауының маңындағы бір үлкен тауды уақытша мекен етіп бір жылға жуық тұрады да Моңғол үкіметінің ұйғаруымен Завхан аймағының Борх деген жеріне келіп, қоныстанып, дербес қазақ хошуун (аудан) болып ұйымдастырылады. Жоғарыдағы тауды күні бүгінге дейін жергілікті монғолдар Хасагт Хайрхан уул (Қазақ Әулие тауы) деп атайды.
Моңғол жеріне қазақтардың ең көп алғаш рет шоғырланғаны және тұңғыш дербес әкімшілік жүйесі - хошуун құрып өзін-өзі басқарғаны да осы еді. Бұл кезде қазіргі қазақ аймағы Баян-Өлгий орнамағанымен онда да 1911 жылы келіп орналасқан азғана қазақ болған. Шығыс Түркістан қазақтары оны Қобда беті деп атаған, яғни Сыртқы Моңғолияның Чандман-уул аймағына қарайтын. Сонда Дөңтай молда өз елінің көшін батыстағы қандастарына қарай бұрмай неге орталықты бетке алды. - деген сұрақ тууы орынды.
Мұнда үш түрлі себеп болған. Біріншіден. Құмыл, Баркөлден-Қобда бетіне дейін жер алыс. Мал – жанмен, бала-шағамен айлап – жылдап жүріп жету оңай емес. Сонымен қатар жол-жөнекей ұры-қары, қашқын тонаушылар да көп. Екіншіден, Қобда беті - қазақтың ата жауы жоңғарлардың ежелгі мекені. Ондағы ұранқай дөрбеттерден гөрі қазақтар үшін кең қолтық, ақ көңіл халха жұрты қолайлы еді. Үшіншіден, Чандман-уул аймағы батыс шекарадағы қиыр шеткі өлке. Ел астанасы болған Да-Хүрээге (қазіргі Ұланбатыр) екі мың шақырымдай алыс.
Міне, осылайша 1929 жылы қазіргі Завхан аймағының Алдархан, Говь-Алтай аймағының Дарви елді мекендерінің өлкесінде Борх деп аталатын қазақ хошууны оранаған.
Кезінде бұл хошуунға Моңғолия Үкіметінің Премьер-министрі Гэндэн, аз ұлттар жөніндегі кеңестің төрағасы Сурахбаяр секілді ресми адамдар үнемі ат ізін салып, қазақ отбасыларының тұрмыс-тіршілігімен, әлеуметтік жай-күйімен танысып тұрған. Әкім ретінде Дөңтай да астанасы Ұланбатырға жиі барып, әртүрлі жиын-мәслихаттарға тұрақты қатысқан. Бірде осындай кезекті сапардан оралған соң он шақты қазақ баласын Ұланбатырға оқуға аттандырған. Олардың ішінде өзінің тұңғыш ұлы Нүкей де болған. Бұлар монғолша білім алған алғашқы қазақ зиялылары еді.
Монғол мемлекеті мен үкіметі қазақтарға жан-жақты қолдау көрсете білді. Саяси, әлеуметтік, мәдени көптеген шараларды белгілеп жүзеге асырған.
Хошуун әкімі Дөңтайды кіші Хурал (парламенттің төменгі палатасы) басқарма мүшелерінің құрамына енгізіп, қазақ отбасыларын малдан алатын әртүрлі алым-салықтардан босатқан. Күнделікті тұтынатын кейбір зат-тауарларды қазақ отбасыларына алғашқы жылдары тегін таратқан.
Төлді дін аман аяқтандырған , малына мол қондылық алдырған, төрт түлікті тең өсірген адамдарға әртүрлі тарту-таралғы беріп сыйлаған. Оларға «Жақсы малшы» деген атақ беріп, Ұланбатырға қонаққа шақырып, ерекше құрмет көрсеткен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бөтен жұрт, бөгде жерге қоныс тепкен қандастарымыздың сонда орнығып ел болып кетуіне барлық жағдайды жасаған. Бұл жөнінде ақын Дөңтай бір өлеңінде.
«Ұшқалақ боп ұмтылып ойнақтама,
Болады сабыр түбі – бір сары алтын.
Завханның аймағында бауыр қылып,
Мен тұрмын осы күнде қазақ, сартын» - деп жырлағаны бар Моңғолия, «Шұғыла» журналы, 62-бет, №2, 1993 жыл.
Осылайша қой аман, қасқыр тыныш мамыржай өмір сүріп жатқанда 1937 жылдағы саяси қуғын-сүргінің дүмпуі жырақтағы Монғол жеріне де жетеді. Бірақ, барлық пәле-жала тікелей жоғарыдан келіп жабыспады. Алдымен азғана қазақ өз ішінен бүліне бастады.
Қайсы біреулер Дөңтайдың монғолдар арасында, үкімет алдында қадірлі болып, құрметке бөлене бастағанын қызғанса, енді біреулері оның көзін құртып орнына әкім болғысы келіп, «таққа» таласады.
Мұның кесірі халыққа тиді. «Дөңтайға еріп халха болғанша, Алтайға қайтып хан-зу болайық» - дейді. Ел ортасына әдейі таратылған мұндай қаңқу сөздер ағайындардың арасына іріткі салды. Абдан есімді белгілі азамат бастаған бір мың отбасы елден бөлініп Қобдаға қарай көшіп кетті. Олардың бір тобы Шыңжанға асып жөнеледі.
«Боранды күні бөрі желігеді» дегендей осы сәтті пайдаланған бір пысық: «Дөңтай өзі діндар, молла адам болғандықтан халық үкіметінің, жаңа мизамның қас жауы. Бас уәзір Гэндэннің досы, екеуі де Жапонияның тыңшылары» - деп пәле-жаланы қаптатқан арызды До Яамға (КГБ-ның монғол варианты) айдайды.
Дөңтайдың қалай ұсталғаны жайында белгілі жазушы Сейітхан Әбілқасымұлы «Кісінеп жылаған сәйгүлік» («Жұлдыз» журналы, №5 1993 ж) атты деректі әңгімесінде былай деп жазады: «Ол (Дөңтай) Завхан жеріндегі қазақ хошууның бастығы, мемлекеттік кіші құрылтайдың мүшесі болатын. Ұланбатырдағы жиналысқа барып, қайтып келісімен машинадан түсе бере аяғын жерге тигізбей қарулы сақшылар тарпа бас салып ұстап, байлап-матап ажал аранына апарып сүңгіткен (112 бетте).
Осылайша ел ағасы, есіл азамат «халық жауы, жапон тыңшысы» деген нақақ жаламен Улиастай қаласында түрмеге жабылып, тұңғыш ұлы Нүкей, інісі Құдыстармен бірге 1938 жылы атылған.
Артында қалған елінің де берекесі қашып, хошууның жауапты хатшысы Махмет те іле-шала ұсталып кетті. Ел-жұрт түгелдей дерлік Қобда бетіне ауа көшкен. Солардан қалып қойған азғана ұйғырлардың (сарт) ұрпақтары 1970 жылдарға дейін Улиастай, Алтай қалаларында болды. Жүніс деген ұйғыр шоферды жергілікті жұрт жақсы танитын.
Монғол жерінде тұңғыш орнаған қазақ хошууны осылайша 1938 жылы тарап, екі жылдан соң батыс өлкеде Баян-Өлгий атты қазақ аймағы құрылған.
Дөңтайға жабылған саяси жаланы Моңғолия Жоғарғы Соты қарап 1990 жылы ақтағанға дейін оған байланысты барлық тарихи деректер көпшілікке беймәлім болып келді. Ақтау туралы қаулы қабылданған кезден бастап өлең жыр, қиссалары, жалпы әдеби мұралары мен өнегелі өмірі баспасөздерде жарияланып, оқырмандар назарына ұсынылды.
Келесі жылы ақынның туғанына 140 жыл толады. Осы мерейтойға арнап шығармалар жинағын оқырмандарға ұсынуды ойластырып отырған жайымыз бар.
Ақынның өлеңдерін, әдеби мұраларын жинақтауға, оны қазіргі криллица әліпбиіне түсіруге атсалысып, көмектескен белгілі қаламгер, ақын Шынай Рахметұлына айтар алғысым зор. Алайда, әлі де игерілмеген мұралары көп.
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
жазушы