
Сараптамаға жіберілетін оқулықтардың авторлары толығымен жасырын болады. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оқулық авторларын оқыту аясында ғылыми терминологияны қолданудың бірыңғай тәсілін пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінгі күні Мәдениет және спорт министрлігі жанынан терминологиялық жұмыс тобы құрылды, ол латын әліпбиіне көшу кезінде терминологиялық қорды реттеп, терминологиялық ережелерді қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізетін болады. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі оқулықтарды әзірлеу кезінде терминологияны пайдалану бойынша ұсыныстарды пысықтауда», - деді Премьер-Министр.
Асқар Маминнің атап өтінше, Оқулықтарды дайындау және сараптама өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидасында үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, оқулықтарға сараптама өткізу және оларды іріктеу рәсіміне, сарапшылардың біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар қатаңдатылды. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің ғылыми және педагогикалық сараптамасын сарапшылардың автоматтандырылған деректер базасына енгізілген және конкурстық іріктеуден өткен ғалымдар мен педагогтар қатарынан қалыптастырылатын сараптама комиссиясы жүргізеді.
«Сараптаманы өткізу құпиялылық режиміне ауыстырылды, яғни сараптамаға жіберілетін оқулықтардың авторлары толығымен жасырын болады. Бұл шара сараптаманың объективтілігі мен сарапшылардың бейтараптығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ қағидада оқулықтарды міндетті түрде сынақтан өткізу қарастырылған», - деді ол.
Оның атап өтуінше, жұртшылықтың барлық ескертулері мен ұсыныстары оқулықтарды әзірлеу мен сараптама өткізуді нормативтік қамтамасыз етуді жетілдіру үшін құрылған қоғамдық-сараптамалық ашық алаңда талқыланатын болады.
«Бұдан басқа, «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы аясында оқулықтардың сапасын арттыру мақсатында Дүниежүзілік банк қаражаты есебінен әрбір жеке пән бойынша оқулықтарға қойылатын талаптарды жаңарту, оларды бағалау әдістемесі мен критерийлерін жетілдіру көзделген. Екі мың сарапшы мен 40 жаттықтырушыны оқыту жоспарлануда», - дейді Асқар Мамин.
