Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетiлген нақты мақсаттар мен мiндеттердiң жүзеге асырылып жатқанына төрт айға жуық уақыт өттi. Елбасының өзi «Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгiнгi күн мен жарқын болашақтың көкжиектерiн үйлесiмдi сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп баға бергенiндей, аса зор саяси мән-мағынаға ие бұл жарияланым тәуелсiз елдiң кемел келешегiн көздеген маңызды құжат ретiнде кең қолдауға ие болып отыр.
Жаңа тұрпаттағы жаңғыртудың ең басты шарттарын ел iшiнде жан-жақты насихаттап, жұртшылық санасына сiңiрудiң түрлi жолдары қарастырылған. Атап айтқанда, Елбасының рухани жаңғыру жөнiнде алға қойған мiндеттерiн жүзеге асыру мақсатында облыс әкiмi Ж.Түймебаевтың бастамасымен өңiрлiк арнайы комиссия, сарапшылар кеңесi және өңiрлiк жобалық кеңсе құрылып, жұмыс жүргiзуде. Бiз жуырда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң ғимаратында орналасқан Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жөнiндегi ОҚО бойынша жобалық кеңсесiнiң жетекшiсi Бақытжан Айдарханұлы ӘШIРБЕКОВПЕН сұхбаттасқан болатынбыз.
– Бақытжан Айдарханұлы, елiмiзде рухани жаңғыруды жүзеге асыру қаншалықты тиiмдi болмақ? Ойыңызбен бөлiссеңiз.
– Сұрағыңызға жауап ретiнде айтарым, бұл мәселе Елбасының айтулы мақаласында нақпа-нақ ашып көрсетiлген. «Күн санап өзгерiп жатқан дүбiрлi дүниеде сана-сезiмiмiз бен дүниетанымымызға әбден сiңiп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземiздi теңеп, иық түйiстiру мүмкiн емес» дей келе Ұлт көшбасшысы өзгеру үшiн заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуiрдiң жағымды жақтарын бойға сiңiруiмiздiң қажеттiгiн алға мақсат етiп қояды. Жаңғырудың ең басты шарты ретiнде ұлттық кодты сақтай бiлу екенiн қадап айтады. Осындай жолмен рухани жаңғыруды жүзеге асырсақ қана өзiмiздiң ұлттық болмысымызды, мәдениетiмiздiң жаңаша тұрпатын қалыптастыра аламыз. Ең басты мәселе сананы жаңғырту деп бiлемiн. Бұл жойылып бара жатқан ұлттық қасиеттерiмiзден мүлдем арылу деген сөз емес, керiсiнше халқымыздың дәстүрлi әдет-ғұрпы мен салт-санасын ортамызға оралтып, ұрпақ тәрбиесiнде жөнiмен пайдалану дегендi бiлдiрсе керек. Қоғам да, адам да мәңгi бақи даму үстiнде келедi, солай бола да бермек. Демек, бiз де уақыт талабына сай рухымызды биiктетiп, санамызды жаңғыртып тұруымыз керек.
– Сонда сiз басқарып отырған қоғамдық негiздегi өңiрлiк жобалық кеңсе негiзiнен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бағытында құрылып отырған болды ғой.
– Иә, солай. Жалпы, жобалық кеңсе өз жұмысын ҚР Президентi Әкiмшiлiгi басшысының орынбасары О.Оразалиннiң төрағалығымен өткен Басқарушы Кеңес отырысында мақұлданған Концепцияға сәйкес жүргiзуде. «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын iске асыруға басшылық жасау облыс әкiмiнiң орынбасары Ұ.Сәдiбековке жүктелген. Бүгiнде, облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бекiтiлген «Туған жер», «Қасиеттi Қазақстан», «Қазiргi әлемдегi Қазақстан мәдениетi», «100 жаңа оқулық», «Қазақ тiлiн латын әлiпбиiне көшiру» және «100 жаңа есiм» деп аталатын жобалар жүзеге асырылуда.
Елбасы мiндеттеген «Қазақстанның киелi жерлерi географиясы» жобасы бойынша алдын-ала 100-ден астам нысан тiзiмiн және картасын жасадық. «Қасиеттi Қазақстан» орталығының басшысы Б.Әбдiғалидың қатысуымен осы мәселеге орай мәжiлiс өткiзiлiп, мақсаттарымызды айқындап алдық. Бүгiнде жасақталған тiзiмдi халық талқысына салып, әлi күнге дейiн жұртшылыққа беймәлiм киелi орындар жайлы мағлұматтар болса ақылдасуды жөн санап отырмыз.
Тағы бiр жоба «Қазiргi әлемдегi Қазақстан мәдениетi» деп аталады. Бұл жоба аясында өнерпаздарымыз бен шеберлерiмiздiң шетелдерге барып, түрлi сайыстарға қатысып, көпшiлiк көзайымына айналып жатқан жайы бар.
Сонымен қатар, «Туған жер» бағдарламасын қазақ халқы үшiн аса құнды әрi пайдалы бағыт деп бағалауға болады. Елбасы мақаласында бұл туралы «Туған жерге деген сүйiспеншiлiк, туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезiмге ұласады» деп атап өттi. Бiз осы мақсатта өз Отанымыздың атақты адамдарын, керемет табиғатын, салт-дәстүрiн, жеткен жетiстiктерiн шетелдiк қонақтарға көрсете бiлуiмiз керек. Ал, өңiрiмiз бұл жағынан ешкiмнен кем түспейдi. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежол бойынан қазақы этноауылдар салудың жобасын жасауға атсалыспақ ойымыз бар. Мұндай ұлттық нақышқа бай этноауыл үлгiсi қазiрдiң өзiнде Отырар ауданында бой көтерген. Бүгiнде ол жерге 2000-нан астам адам барып көрiп, ұлттық құндылыққа қанықты.
Сондай-ақ, облыстық бiлiм басқармасының ұйымдастыруымен 1-6 тамыз аралығында Бәйдiбек ауданында «Бiр апта ауылда» жобасы бойынша iс-шара өттi. Қала оқушылары Шаяндағы «Аппақ ишан» мешiт-медресесiн, Ақбастаудағы «Ақмешiт» үңгiрiн, Бәйдiбек ата, Домалақ ана, Қос ана кесенелерiн аралап, көрдi. Ауылдың тыныс-тiршiлiгiмен, атап айтқанда, егiн және мал шаруашылығының күнделiктi қым-қуыт тiршiлiгiмен танысты.
– «Туған жер» бағдарламасының аясы ауқымды сияқты ғой?..
– Ауқымды. Бағдарламаның аясында «Тәрбие және бiлiм», «Атамекен», «Рухани қазына» және «Ақпарат толқыны» деп аталатын кiшi бағдарламалар да бар. Қазiргi таңда жобалық кеңсе тарапынан осы төрт кiшi бағдарламаға сәйкес 95 жоба мен iс-шара дайындалып, республикаға ұсынылды. Жобаларды жүзеге асыру барысында бюджеттен бөлiнген қаржыға қоса, демеушiлер есебiнен тек 2019 жылға дейiн 2,3 миллиард теңге жұмсалады деп күтiлуде. Зиялы қауым өкiлдерi, үкiметтiк емес ұйымдар және жастар жобалар аясындағы iс-шараларда белсендiлiк танытып келедi.
Жалпы «рухани жаңғыру» бойынша облыс әкiмiнiң тапсырмасына сәйкес кiтапшалар, брошюралар және әдiстемелiк құралдар таратылды. Елбасы мақаласында айтылған ойлардың тiзiмi жасалды. Жоғары оқу орындарына, аудан және қала әкiмдерiне, басқарма басшыларына жолданып, сонымен қатар тұрғындардың да пiкiрлерiн бiлу мақсатында Фейсбук әлеуметтiк желiсiнде жарияланды.
– Әңгiмеңiзге қарағанда кеңсе тарапынан алда атқарылатын жұмыс көп тәрiздi, жоспарларыңызбен бөлiссеңiз.
– Ол рас. Жұмыс жеткiлiктi. Мысалы, «Ақпарат толқыны» кiшi бағдарламасының аясында ысырапшылдық пен астамшылыққа қарсы көзқарас қалыптастыру мақсатында «Нан қасиетi» жобасын жүзеге асырамыз. Ток-шоу тұрғысында жүргiзiлетiн бұл жобаның негiзгi бағыты – орынсыз сән-салтанатқа тосқауыл қою, мүлiк пен қаражатты пайдалануда ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшiлдiкпен орнымен пайдалану, көргендiлiк көрсету арқылы рухани жаңғыру. Жобаға бiр жылда 11,3 миллион теңге (24 ток-шоу түсiрiлiмi) жұмсалады. Айына екi ауданда көшпелi түсiрiлiм жасау жоспарланып отыр. Бағдарлама арнайы ғимаратта, киiз үйде немесе табиғат аясында зиялы қауым өкiлдерiнiң, қариялардың, имамдардың және тағамтанушылардың қатысуымен өтетiн болады.
«Рухани қазына» деп аталатын кiшi бағдарлама аясында «Ажарлы үй – ырысты» жобасын жүзеге асыру көзделген. Мақсатымыз – таза, көрiктi үйдiң ырысы мол болады деген ұстанымды алға тарта отырып, облыстағы 720 мыңнан астам тұрғын үйлердiң, кәсiпкерлiк нысандардың келбетiн ажарландыру. Жалпы, «Абаттандыру қағидасына» сәйкес жеке және заңды тұлғалар шарбақ, қоршауларының сыртқы бетiн әктеп, сырлауға, iргелес аумағын тазалап тұруға, ғимараттардың қасбеттерiн күтiп ұстауға мiндеттi. Қағиданы бұзған тұлғаларды түгел қамтып, ескерту жасау және оның орындалуын бақылау да мақсаттарымыздың бiрi болып отыр.
«Атамекен» кiшi бағдарламасын жүзеге асыруға 2017—2018 жылдарға 2,3 миллиард теңге демеушiлер тарапынан жұмсалуы тиiс. Бұл қаражат 200-ден астам жобаны iске қосуға бағытталған. Осындай жолмен, яғни атымтай жомарттық танытқан азаматтардың қаржылай қолдауымен Шаян елдi мекенiндегi көпсалалы лицей жанынан футбол алаңының, Шардара қаласында «Чемпиондар» аллеясының құрылысы жүрiп жатыр. «Otay-Grоup» компаниясының президентi Қ.Молдасейiтовтiң демеушiлiгiмен Шымкенттiң «Нұрсәт» шағынауданында 110 орынды инклюзивтi бiлiм беретiн арнаулы түзету балабақшасы салынуда.
Сонымен қатар, халық қалаулысы Мұрат Төлтебай өз қаражатына туып-өскен жерi Төлеби ауданы, Сарқырама ауылында медициналық пункт, балабақша, мешiт, тойхана және спорт алаңшаларын салып, жергiлiктi халықтың игiлiгiне пайдалануға бердi. Мұнан бөлек, ауыл көшелерiн абаттандырып, жарықтандыру жағына да қолғабыс көрсеттi. Жалпы, туған жерге деген парызын мiндет санап, оны iс жүзiнде көрсетуге тырысқан халық қалаулысының iс-әрекетi көпшiлiкке үлгi болар деген ойдамыз.
Ал, «Тәрбие және бiлiм» кiшi бағдарламасы бойынша «Ұл мен қыз – ұлт намысы» жобасы жүзеге асырылмақ. Негiзгi мақсат – қазақстандық патриоттық рухты бойына сiңiрген, жан-жақты және бiрегей дамыған намысты ұл мен ибалы қыз тәрбиелеу, ұлттық тәрбие басымдығына ие тұлға қалыптастыру.
Сондай-ақ, «Қасиеттi Қазақстан» жобасының картасын жасақтау да бiз үшiн ауқымды жұмыс болып саналады. Бұл тұрғыда ел арасында қасиеттi әрi киелi деп саналатын және тағзым ететiн орындарды, оның iшiнде, Ордабасы биiгi және Қазығұрт асуы сынды тарихи орындарға тағзым ету жүйесiн қалыптастыруымыз қажет. Әрбiр тарихи нысанның аңыз-шежiресiн iздестiрiп тауып, жазып алу, оны ел назарына жеткiзу, қасиеттi жерлер арқылы ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, мiнез-құлық, көзқарас, ұстаным қалыптастыру өте маңызды болып отыр.
Осы айтылған кiшi бағдарламалар негiзiнде «ЮНЕСКО ескерткiштерi» деректi фильмiн түсiру, киелi жерлерге баспасөз өкiлдерiнiң сапарларын ұйымдастыру, мұражайларда тарих сабақтарын және «Алтын ұя» сынды бiрқатар танымдық iс-шараларды өткiзу жоспарымызда бар.
Қорыта айтқанда, Елбасы мақаласындағы рухани жаңғыру жөнiнде айтылған мәселелердiң барлығын назарда ұстап, жүзеге асыру өңiрлiк жобалық кеңсе қызметкерлерiнiң маңызды мiндетi болып саналады.
– Рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тiлеймiз!
Сұхбаттасқан Ертай БЕКҚҰЛ, «Оңтүстiк Қазақстан».