«Амал бар ма, біз үш
дарыннан ерте айырылдық.
Олар – Абдолла, Баубек, Төлеген».
Ғ. Мүсірепов
Сағындым, жаным, мен сені!
Көркіңді жүрген қуаныш қылып,
Мендей ме екен бар ағаң...
Шын інім болсаң, бас ұрма, жаным,
Өсек-ғайбатқа бораған, - деп Төлеген ақын жырлағанда, тұла бойымдағы алапат сезім буырқанып, теңіздей толқып, таулардай асқақтап кетеді. Неге? Себебі өлеңін «сағындым жаным, мен сені!» деп бастап, жан сырын ақтарылып жырлай бастағаннан-ақ ақынның кіршіксіз пәк жүрегіндегі сағынышын бірден сезесің. Ол өмірге сағынышпен келіп, өмірден сағыныштан өткен. Себебі ол – сағыныштан жаралған ақын.
Менің ойымша, Төлегеннің жұмбақ әлемінің аты – сағыныш. Қамшының сабындай ғұмыры қысқа болған. Солай бола тұра поэзия әлемінің биігінен орын ала білген Төлеген ақынның өмірі анаға деген сағыныштан басталып, ақын Мұхтарды сағынумен аяқталады. Туған жерге, анаға, бауырға және балаға деген сағынышын қазіргі жас буын Төлеген ақынды сағына оқиды. Сонымен қатар Төлеген Айбергеновтың ақын інісі Мұхтар Шахановқа арнап жазған «Сағыныш» атты өлеңі әдеби, мәдени ортада және халық арасында кеңінен танымал. Өлеңінің әр шумағы мен әр сөзінен сағыныштың сазы еседі. Сағыныштан басталған ақын өлеңдерінен туған жерге, анаға, жарына, апасына, балаларына, бір сөзбен айтқанда, мына жарық әлемге деген шексіз сағынышын көресіз. Даладай шексіз сағыныштың ақынның жұдырықтай жүрегіне қалайша сиып кеткеніне қайран қаласыз...
Төлеген ақынның әлемін зерттеуден шаршамаймын. Аз ғұмырында қараңғы түндегі сәуледей жарқ ете алған Төлеген Айбергеновке деген сағыныш сезімім басылар емес. Сағыныштан жралған ақынды халқы сағынады. Жас оқырманы мен де сағынамын.
Жангүл Қуанышова,
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған
дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін
тереңдете оқытатын орта-мектеп интернаттың
11 «В» сынып оқушысы