Бүгін Алматы қаласына ресми сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қаланың туристік әлеуетінің дамуымен танысу мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық нысандарға: «Алматы-2» теміржол вокзалына және Visit Almaty туристік хабына барды. Осы жерде Carsharing жаңа сервисінің презентациясы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Биыл қараша айында Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында ашылған Visit Almaty туристік хабын аралу кезінде Премьер-Министрге консультация орталығында әр туристің барлық қажетті ақпаратты: карталарды, жолнұсқауларды, тау бағдарларының атластарын, туроператорлардың брошюраларын, мәдени-бұқаралық шаралардың аңдатпаларын т.б. ала алатыны туралы баяндалды. Бұдан басқа, консультанттар түрлі мәселелерді — заңмен және денсаулықпен байланысты шұғыл мәселелерден бастап, логистикалық, мысалы, «қай жерде тамақ ішіп, Көктөбеге қалай жетуге болады» деген тәрізді мәселелерді шешуге дейін көмек көрсете алады. 11 айда орталықтан 25,2 мыңнан астам турист кеңес алған.
Б. Сағынтаев туристердің ақпараттық орталығын аралап көрді. Qazaq Oner қолөнер орталығының директоры А. Жансерікова фотоға түсуге болатын киіз үй маңында киіз үймен таныстырып, хабтың тиімді орналасуын атап өтті. Мұнда туристік әлеуетті ілгерлету бойынша жобалар іске асырылып, өңірдің бәсекеге қабілеттілігінің және туризмді дамыту мүмкіндіктерінің талдауы жасалады. Орталық аумағында ұлттық стильде нақышталған жеті таным аймағы ашылды, туристерге арналған коворкинг-алаң бар.
Қала әкімінің орынбасары Е. Әукенов өз кезегінде, жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында қаладағы туристер саны биыл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артқанын баяндады. Алматыға 43,6% турист келген, бұл Қазақстанға келетін шетелдік туристердің жартысына жуығы. 2018 жылдың ІІ тоқсанында Алматыға келген туристердің саны 503 мың адамды құрады.
Туристік тартымдылықты арттыруға мүмкіндік беретін жобалардың бірі 2019–2020 жылдарға жоспарланған, «Алматы-2» темржол вокзалының реконструкциясы болады. Нысанды аралау кезінде Б. Сағынтаевқа жобаның «Алматы-2» және «Алматы-1» арасында екінші жолды, қосымша терминалды, жерасты өткелдері мен қала маңы бағыттары үшін жаңа жолаушылар платформаларын салуды қарастыратыны баяндалды. Жалпы, вокзалды жаңғырту нысанның пайдалы аумағын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Мұнда Премьер-Министрге оңтүстік астананың көлік инфрақұрылымын дамыту туралы баяндалып, «Каршеринг» жаңа сервис жүйесі таныстырылды. Бұл жүйе мобильді қосымша арқылы автомобильді минутпен жалға алуды рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл қызмет жүргізуші куәлігі бар кез келген адам үшін қолжетімді. Алматыда сервис осы жылдың қазан айында іске қосылды, өткен уақыт ішінде сервиске тіркелген пайдаланушылар саны 10 мың адамнан асады. Б. Сағынтаев сервис пайдаланушылары үшін қолжетімді болатын жаңа жеңіл көліктер қатарын көрді. Барлығы жүзден астам автомобиль қойылған, 2019 жылы олардың саны 500-ге жетеді, ал 2021 жылы елімізде 1,5 мың автомобильден тұратын парк болады. Anytime компаниясының ақпаратына сәйкес, 2019 ж. наурызда сервисті Астанада, ал 2019 жылдың соңында Шымкентте іске қосу көзделіп отыр.
Алматы әкімдігінің ақпараты бойынша, биыл қалалық автобус паркін жаңарту көрсеткіші 80%-ға жетеді. Жеке инвестициялар есебінен автопарк пен үшінші буынның электрлік автобустарын шығаратын зауыт салынды. Оларды әрі қарай қала маршрутына қосқаннан кейін Алматы қаласының экологиялық ахуалына оң әсер етері сөзсіз. Сондай-ақ, Алматыда Қазақстанда алғашқы BRT (жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік) желісі ұйымдастырылды. Қоғамдық көлік үшін 110 шақырымдық жол мен 10 орталық көшелерде бір жақты қозғалыс енгізілді, ал Орбитадан Жасыл базарға дейін велодәліз жасалды. Қаланың орталығын шеткі бөліктерімен, қалаға қосылған аудандармен байланыстыратын екі метро станциясы салынып жатыр. Бүгінде Алматыда қоғамдық көліктегі барлық транзакциялардың 97%-ы қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. GPS жүйесімен және автобустардағы бейнекамералармен автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесі енгізілді, сондай-ақ тасымалдаушыларды субсидиялау кезінде жолаушылардың шағымдары түсетін айыппұлдар жүйесі енгізілді. Қалада жол қозғалысы ережелерін бұзудың фото-бейнетүсірілім жүйесі бар, 709 жолақ бақыланады, келесі жылдан бастап посттар екі есеге артпақ.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы туризмді дамытуға ерекше көңіл бөледі. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында кез-келген өңір үшін болашағы жарқын саланың бірі бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын құрып отырған ішкі және кірмелік туризмді дамыту екендігі айтылды. Осыған байланысты Үкімет инфрақұрылымды дамыту және туризм индустриясындағы кедергілерді жою бойынша кешенді жұмыс жүргізіп келеді. 2019 жылы туризмді 2023 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы алғаш рет әзірленеді. Бағдарламаның негізгі көрсеткіші туризмнің ЖІӨ-ге қатысты үлесінің 8%-ға дейін ұлғаюы болмақ.