08 там, 2017 сағат 08:54

Рыпакова Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында жеңіл атлетикадан өтіп жатқан Әлем чемпионатында әйелдер арасында үш мәрте қарғып секіруден жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бірінші мүмкіндігінде-ақ 14,45 метрге секірген 33 жастағы  Ольга Рыпакова қос мәрте әлем біріншілігінің жеңімпазы, Рио Олимпиадасының чемпионы, колумбиялық Катерина Ибаргуэн мен бұдан бір жыл бұрын Бразилия жерінде күміс жүлдегер атанған 22 жасар венесуэлалық Юлимар Рохастан кейін алғашқы үштікке ілікті.

Екінші рет секіргенде Ю.Рохас 14,83 метр нәтижемен көш бастады. Үшінші мүмкіндігінде О. Рыпакова 14,77 метр нәтижемен екінші орынға көтерілді. Әйтсе де атақты колумбиялық, Рио Олимпиадасының чемпионы К.Ибаргуэн 14,89 метр нәтижемен көш басына шықты. 

Бесінші мүмкіндігінде Ю.Рохас 14,91 нәтижемен қайтадан алға кетті. Бұдан кейін үздік көрсеткішке ешкім қол жеткізе алған жоқ. Осылайша, өзінің жастығы мен мүмкіндігінің мол екендігін көрсете білген венесуэлалық жеңіл атлет алғаш рет  әлем чемпионы атанды. К.Ибаргуэн күміс, О.Рыпакова қола жүлдеге қол жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бес жыл бұрын дәл осы Лондонда Ольга Рыпакова жазғы олимпиада ойындарының чемпионы атанған болатын. Сонымен қатар Бейжің мен Рио-де-Жанейро олимпиадаларында қазақстандық жеңіл атлеттің қола жүлдені еншілегені белгілі. 

8 тамызда қазақстандық Виктория Зябкина 200 метрге жүгіру жарысында жүлдеге таласады. Зябкина - 100 және 200 метрге жүгіруде үш дүркін универсиада чемпионы, төрт дүркін Азия чемпионы.