Фото: Өркен Жоямерген
Тіл жанашыры, қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегі психикалық науқастарды емдейтін мекемеден шықты. Бұл туралы Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Асылбек Туғанбай хабарлады.
«Жағымды жаңалық. Кешелі бері көзіқарақты жұртшылық павлодарлық белсенді, тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегінің жағдайына алаңдаулы болғаны түсінікті. Дәл қазір Руза апай психиатриялық емханадан босатылды. Жағдайы жақсы.
Ол кісіге қатысты мәселеге барлығымыз алаңдадық. Шамамыз келгенше нақты ақпарат алып отыруға тырыстық. Құзырлы мекемелермен үнемі байланыста болдық. Әр өңірден қаншама адам хабарласты. Барша жанашыр ағайынға алғыс білдіреміз», - деп жазды депутат.
Асылбек Туғанбай бұл төңіректе алып қашпа әңгіме де көп болғанын атап өтті.
«Руза апайды билік әдейі қаматыпты», «арнайы емханада ес-ақылына әсер ететін екпе салып жатыр екен» деген әңгіме желдей есіп кетті. Мәселенің байыбына бармай жатып арандатушылыққа еріп кететін жағдайлар көп кездеседі. Өкініштісі, оған етіміз де үйреніп барады...
Бұл - жеке даудан туындаған мәселе. Анық-қанығын құзырлы органдар айта жатар. Ең бастысы – Руза апай дін аман», - деп түйіндеді ол.
Сондай-ақ Руза Бейсенбайтегінің мекемеден шығарылғаны туралы ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растады.
«Орталық дәрігерлері тарапынан науқасқа екі күн бойы ем қабылдау шаралары жасалды. Медицина қызметкерлерінің қарауынан кейін денсаулық жағдайының жақсаруына орай, консилиум шешімімен науқас диспансерлік бақылау ұсынысымен үйіне қайтарылды.
Денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкес, алдағы уақытта науқастың психикалық ауытқулары нашарлап, айналасындағы адамдарға зиян келтіру ықтималдығы қайта байқалған жағдайда, ол емдеуге жіберілетін болады», - делінген басқарманың ресми хабарламасында.