Ғылым, бiлiм, медицина саласында жүргеннен кейiн әртүрлi буын өкiлдерiмен күн сайын кездесiп, пiкiрлесiп отырамыз. Қазақ қоғамында рухани жаңғыру туралы Президентiмiздiң мақаласы жарияланған күннен теледидарда сұхбаттар, баспасөз бетiнде жаппай мақалалар жазылуда. Байқасаңыз, рухани жаңғыру туралы биыл ғана сөз етiлiп, биыл ғана рухани жаңғырудың айналасында жұмыс iстеп жатқан сияқты көрiнемiз. Шындығында, рухани жаңғыру – бүгiн немесе ертеңмен өлшенетiн жұмыс емес. Рухани жаңғыру — ғұмыр бойы жаңарып, толығып, бiздiң бойымызда жетiлiп отыратын қасиет. Ол қасиеттi руханият деп атасақ та болады. Руханият адамға әдебиет, өнер, халық даналығы, салт, мәдени дәстүрлер, ғылым, бiлiм арқылы келедi. Мәдениет әртүрлi құндылықтардың бiрлiгi ретiнде адамды рухани бостандыққа жетелейдi. Рухани құндылықтар өмiрге мағына бередi, болашаққа жол ашады. Руханиятты қадiрлейтiн қоғамның ғана болашағы бар. Рухани мәдениет адамның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы, адамшылығы, ұяттылығы, тәрбиелiгi, зиялылығы, қарапайымдылығы арқылы көрiнедi. Адамның адамгершiлiк қасиеттерiнiң жоғарылығы - руханилықтың негiзi.
Ал, өнер, әдебиет, ғылым мен бiлiм адамға тәрбиелеу мен еңбектенудiң арқасында келедi. Президентiмiздiң рухани жаңғыру дегенi – жоғарыдағы құндылықтарды атап өтудi ғана мақсат тұтпайды. «Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзiлмеген ұлттық салт-дәстүрлерiн алдағы өркендеудiң берiк дiңi ете отырып, әрбiр қадамын нық басуын, болашаққа сенiммен бет алуын қалаймын. Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбiр қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бiрнеше бағытын атап өтер едiм» деп бәсекелiк қабiлет, прагматизм, ұлттық бiрегейлiктi сақтау, бiлiмнiң салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты қағидаттарды негiзге ала отырып, атқарылуға тиiс мiндеттердi алға тартады.
Жоғарыда аталған құндылықтар өзiм еңбек етiп отырған ортада қалай жүзеге асуда? Ендi аз-кем соны сөз етелiк. Сол құндылықтардың артында тағы да руханият тұр. Ол — халық. Олай дейтiнiм, қасиеттi Түркiстан қаласында бой көтерген «Түркiстан» көпсалалы жоғары медицина колледжi өзiнiң тарихында күн сайын жаңарып келедi. Бiлiм мен ғылым, тәрбие, клиникалық орталықтардың бой түзеуi, инфрақұрылым, тағы басқа толып жатқан жаңалықтардың жаңғыруына колледждiң оқытушы-профессорлары қатысып, өз үлестерiн қосуда. Күнi кеше ғана ашылғандай көрiнген оқу ордасы бүгiнде жеке клиникасы бар республикадағы жалғыз колледжге айналды.
Студенттердiң тәжiрибесiн шыңдауға арналған «Виртуальды клиника», шығыстық тәсiлмен сүйек-буын, омыртқа ауруларын емдейтiн, реабилитациялық және қайта қалпына келтiру қызметi бойынша жұмыс атқаратын «Жан дауа» остеопатиялық медицина орталығы, бүгiнде барлық тексеру түрлерi бойынша және медициналық қызмет көрсететiн «Санитас» емдеу-сауықтыру орталығы колледждiң болашақ мамандарының медициналық бiлiмiн шыңдауға жасалған жаңғыру болып саналады.
Сонымен қатар, республикамызда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасы жасалды. Осыған орай «Түркiстан» көпсалалы жоғары медицина колледжi 2016 жылы Финляндия мемлекетiнiң Jamk және Lahti университеттерiмен қолданбалы бакалавриат мамандарын даярлауда меморандум құрған болатын. Соған сәйкес оқу ордамыздың клиникалық пән оқытушылары, ментор-мейiрбикелер Финляндия, Америка Құрама Штаттары, Ресей, Литва, тағы басқа шетел және отандық мамандармен ағылшын тiлiнде онлайн курстар жүргiздi. Үстiмiздегi оқу жылында, халықаралық ынтымақтастық аясында финдермен бiрлiкте оқыту жүйесi бойынша магистратураға колледжiмiздiң оқытушысы Ақбота Абдужаппарова қабылданды. Қазiр ол Алматы қаласында бiлiмiн жалғастыруда.
Колледжiмiзде «Мейiргер iсi», «Емдеу iсi» бойынша мамандар даярланатындықтан, барлық күш мамандардың сапалы бiлiм алуына жұмсалады. Биыл Финляндияның тәжiрибесi негiзiнде бакалавриат, медбикелiк бiлiмдi жаңғырту шаралары бойынша колледжiмiз 2 жобаны қолға алды.
Бiрiншiсi - Түркiстан қаласындағы «Түркiстан» көпсалалы жоғары медицина колледжi 2017 жылғы «Медициналық бiлiмдi жаңғырту» жобасы аясында «Тәжiрибелiк денсаулық сақтау ұжымдарында мейiргерлiк қызметтiң жаңа басқару жүйесiн әзiрлеу және енгiзу» тармағына сәйкес пилоттық жобамен жұмыс жасауда. Пилоттық жобаның мақсаты, тәжiрибелiк денсаулық сақтау ұйымдарында мейiрбикелiк кәсiпке жоғары колледждердiң клиникалық базаларына сәйкес халықаралық талаптарға сай мейiрбикелiк қызмет көрсетудiң жаңа моделiн әзiрлеу және енгiзу болатын. Яғни пилоттық жоба «Мейiргер iсi» мамандығы бойынша дүниежүзiлiк мейiрбикелер ұсынатын бiлiктi мейiрбике тәжiрибесiн жаңғыртуға бағытталған.
Екiншiсi - ММI пилоттық жобасы. Бұл жоба Қазақстанда алғаш 2015 жылы екi жоғары оқу орнында (Астана қаласының медициналық университетi, Қарағанды мемлекеттiк медицина университетi) сынақтан өткен едi. Пилоттық бағдарламаға қатысқан мұғалiмдер мен студенттердi талдау және сұрастыру нәтижелерi бойынша талапкерлердi дифференциалды iрiктеудiң осы әдiсiнiң оң және терiс аспектiлерi анықталды.
Ал, колледждер арасында ММI пилоттық жобасы 2017 жылы 3 оқу ордасында («Ақтөбе медициналық колледжi» МКҚК, «Қостанай медициналық колледжi» МКҚК, «Түркiстан» көпсалалы жоғары медицина колледжi) өткiзiлдi. Мұндай жобалардың дайындалуы - болашақ бакалавр мамандарын баулып шығаруға колледждiң сапасын сынақтан өткiзу болатын. Әрине, жоба сәттi аяқталды.
Медициналық бiлiм беру ошағында осындай жұмыстардың қарқынды дамуы - болашағымыз үшiн ашылған есiк. Елбасымыз айтқандай: «Мақсатқа жету үшiн бiздiң санамыз iсiмiзден озып жүруi, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиiс» десек, «Рухани жаңғыру» төңiрегiнде жасалатын жоспарларымыз мұнымен тоқтап қалмайды. Ұлт көсемi Ә.Бөкейхан «Рухани мәдениеттiң бiр белгiсi ғылым жолын тану, қол жеткенi ғылым жолында iзденiп, адам баласына жақсылық жол ашу» деген едi. Ендеше, бiздiң iсiмiз бүгiн басталып, ертең тоқтап қалмайды. Рухани жаңғыру жалғаса бередi.
Сайлаубек ШАЛХАРОВ,
«Джи-Ай» холдингiнiң президентi,
медицина ғылымдарының докторы, профессор.
"Оңтүстік Қазақстан" газеті