Фото: shutterstock.com / Pincasso
Ресейге салынған санкциялардан соң осы елде бұған дейін жұмыс істеп келген шетелдік компаниялар кетіп жатыр. Олардың біразы Қазақстанға келуге ниетті. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлемнің 40-тан астам елі Ресейге санкция салды. Ал осы елде бұған дейін жұмыс істеп келген шетелдік компаниялар кетіп жатыр. Дегенмен олар Еуразия құрлығында қалып, бизнес жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл ретте біз Ресейге жақын орналасқандықтан, ол компаниялар Қазақстанға бет бұрмақ. Қазақстан тарапы әлеуеті зор деген 400 шақты компанияны таңдап отыр. Олардың басым көпшілігі АҚШ, Германия және Оңтүстік Корядан», - деді министрдің орынбасары БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Бұған қоса, Алмас Айдаров былтырдан бастап Қазақстан Ресейге әскери мақсаттағы тауарларды жеткізуді толық тоқтатқанын айтты.