Ресейдің Хабаровск қаласындағы көшелердің біріне тікұшақ құлап, алты адам көз жұмды, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл туралы ақпаратты Ресей ТЖМ растап отыр.
РИА Новостидің мәліметінше, Хабаровскіде Ми-8 тікұшағы құлаған. Тікұшақ 11 сәуірде Мәскеу уақыты бойынша сағат 4.30-да апатқа ұшыраған.
"Қаза тапқандардың денелерін анықтап, олардың туыстарымен психологиялық жұмыстар жүргізіледі", - деп жазады басылым өңірлік денсаулық сақтау министрі Александр Витькоға сілтеме жасап.
Сондай-ақ, тікұшақтың құлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылады.
"Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің тергеу органдарының қызметкерлері Ми-8 тікұшағының құлау дерегі бойынша РФ Қылмыстық кодексінің 263-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады", - делінген хабарламада.
Қылмыстық істі тергеу аясында тікұшақтың құлауына қатысты оқиғаның мән-жайы анықталатыны айтылады. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.