29 қаң, 2022 сағат 13:28

Ресейде халық санының азаюының негізгі себебі ретінде коронавирус аталды


2021 жылы Ресей халқы жарты миллионнан астам адамға азайған және коронавирус халық санының азаюының негізгі себебі ретінде аталды. Биыл қаңтарда Ресей халқының саны 145, 5 млн адам болды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішткен шамамен 700 мың адамға кем. Мұндай мәліметті 28 қаңтарда Росстат агенттігі жариялады. 

Вице-премьер Татьяна Голикованың айтуынша, халық санының азаюының басты себебі – коронавирус.

Кейінгі күндері Ресейде коронавирус көрсеткіші бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жеткен.

Омикронға байланысты АҚШ-та да адам өлімі көбейген. Мұнда күніне орташа есеппен 2200 адам вирустан қайтыс болады. Бұл "дельта толқыны" кезінде тіркелген көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Денсаулық сақтау саласының мамандары омикрон көп жағдайда ауруды асқындырмаса да, іс жүзінде вирустың тез жұғуы науқастар мен вирустан көз жұмғандар санын арттырып отыр дейді.

Ұлыбританияның денсаулық сақтау агенттігінің хабарлауынша, сарапшылар зерттеген омикрон штамы вирустың түпнұсқасына қарағанда жылдам таралады. Омикронның жуырда анықталған BA.2 штамын ағылшын ғалымдары зерттеп жатыр.