2019 жылдың бес айының есебіне сәйкес Ресей халқының саны 180,4 мың адамға азайған. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Ресейдің Федералдық мемлекеттік статистика қызметінің дерегіне қарағанда, былтыр алғашқы бес айда Ресей халқы 147,2 мың адамға қысқарған. Яғни, биылғы халық санының кемуі былтырғыдан 33 мың адамға көп.
Ведомствоның мәлімдеуінше, 2019 жылдың алғашқы бес айында 600 мың адам туып, 780 мың адам өмірден озған.
Бұдан бұрын РФ вице-премьері Татьяна Голикова Ресейде халық саны тоқтаусыз азайып жатқандығын айтып, дабыл қаққан болатын. Оның айтуынша, елде туу көрсеткіші едәуір кеміген, ал өлім-жітімді азайтудың амалы табылмай отыр.