05 қыр, 2016 сағат 10:56

"Роскосмос" жыл соңына дейін Байқоңырдан бес зымыран ұшырмақ

Роскосмос комиссиясы Федералды ғарыш бағдарламасы, Федералды мақсатты бағдарламалар, 2016 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларына арналған халықаралық ынтымақтастық және коммерциялық жобалар бағдарламалары аясында ғарыш аппараттарын ұшырудың жоспарын белгіледі, деп хабарлайды Ресей ғарыш мекемесінің баспасөз қызметі. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Бұл кезеңде Халықаралық ғарыш стансасы бағдарламасы бойынша, Байқоңыр ғарыш айлағынан 3 зымыран ұшыру жоспарлануда.

2016 жылы 23 қыркүйекте «Союз МС-02» көліктік басқарылатын кемесімен бірге «Союз-ФГ» тасығыш-зымыраны ұшырылады. Келесі айда, 20 қазан күні «Прогресс МС-04» көліктік басқарылатын кемесімен бірге «Союз-У» тасығыш-зымыранының ұшырылатыны белгілі болды. 2016 жылдың 16 қарашасында кезекті экипаж Халықаралық ғарыш стансасына аттанады: бұл күні «Союз МС-03» көліктік басқарылатын кемесімен бірге «Союз-ФГ» тасығыш-зымыраны ұшырылады.

Байқоңыр ғарыш айлағынан «Бриз-М» жүрдек бөлімі және Echostar-21 америкалық ғарыш аппаратымен бірге «Протон-М» тасығыш-зымыранының ұшу күні бекітілді.  Ұшыру 3 қарашаға белгіленді. Бұған дейін бұл ұшудың екі рет кейінге қалдырылғаны хабарланған еді.

2016 жылдың 22 желтоқсанында Байқоңыр айлағынан «Канопус-В-ИК» ғарыш аппаратымен бірге «Союз-2.1а» тасығыш-зымыранының ұшырылуымен Роскосмостың жылдық бағдарламасы аяқталады.