20 сәу, 2021 сағат 11:45

Ресей әуе-ғарыш күштері Пальмираның солтүстік-шығысына әуеден соққы жасады

Ресей қорғаныс министрлігі дүйсенбі күні Пальмираның солтүстік-шығысындағы "террористер нысанына" әуеден соққы жасағанын хабарлады. Arabnews агенттігінің жазуынша, террористер шоғырланған нысандар анықталғаннан кейін Ресей әуе-ғарыш күштері шамамен 200 содыр мен екі жасырын нысанның көзін жойған

Сириядағы қарсы тараптарды бітістіру және босқындар легін бақылау орталығының мәліметінше, Пальмираның солтүстік-шығысында содырлардың жасырын базасы орналасқан, онда түрлі аймақта теракт жүргізу мақсатында содырлар тобы жасақталып отырған. 

Террористер орны айқындалғаннан кейін Ресей әуе-ғарыш күштері нысандарға соққы берген. Соның нәтижесінде екі жасырын нысан, 200-ге дейін содыр, ірі калибрлі пулеметтар бар 24 пикап, сонымен бірге шамамен 500 кило оқ-дәрі және бомба жасауға қажет бөлшектер жойылған. 

Сирияда азаматтық соғыс 2011 жылы көктемде басталған, ізінше ол Башар Асад режиміне қарсы наразылыққа ұласты. Кейінірек қақтығысқа аймақтағы негізгі мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, саяси-әскери топтар мен халықаралық державалар араласты.

Сириядағы қақтығысқа қатысушылар: президент Башар Асад жағында соғысып жатқан қарулы әскери топтар (Сирия қарулы күштері), Сирия оппозициясы (Сирияны азат ету армиясы, сүнниттік тайпалық құрылымдар), күрд жасақтары (Сирия демократиялық күштері), сонымен бірге түрлі діни террористік топтар, шетелден келген еріктілер. 

Қақтығысқа қатысушылар өзге мемлекеттерден әскери көмек алады. Үкімет күштерін – Ресей мен Иран, Сирия оппозициясын батыс державалары, Түркия және Парсы шығанағындағы монархиялар қолдайды.