06 қыр, 2016 сағат 15:58

Рахманқұл Бердібаев. Азаматтық дарын

Әр адам өз қабілет-қажырына, икеміне қарай белгілі істер атқарып, қоғамнан өз орнын алуға ұмтылады. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген нақыл бекер айтылмаған. Құс та қанатының талмай жеткен жеріне дейін ұшып барып қонады. Адамның да шырқап шығатын өз биігі болады. Бірақ алған білімі мен мамандығынан өзге әр кісіде азаматтық қасиет болғанға не жетсін! Бұл өзі оқу-тоқумен, жаттығумен немесе мансаптың ірі-ұсақтығымен бойға тарайтын бақ емес, әркімде бола бермейтін сирек дарын – азаматтық дарын.

Бүгінде жасы жетпіске толғанын қалың жұртшылық атап өтіп отырған көрнекті әдебиет тарихшысы, публицист жазушы, бірнеше академияның мүшесі, филология ғылымының докто- ры, профессор Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Тұрсынбек Кәкішевтің әдебиеттанудағы қомақты еңбектерін айтқанда, мен оның тұлғасына тән бір ғана сипатты атағым келеді. Ол Тұрсынбектің азаматқа лайықты мінезі. Әдетте, азамат деген сөзді жиі айтамыз. Дегенмен сол анықтамаға кез келгеннің бойынан тиісті сипат табыла бермейді. Кейбіреудің белгілі бір ғылым, пән, өнер, кәсіп саласына қабілеті күшті, бірақ азаматтық санасы мен тұғыры төмен. Меніңше, кең мағынада алғанда, азаматтық деген адамның қоғамдық, әлеуметтік, жалпы жұртшылық мәселесіне көзқарасымен анықталатын нәрсе. Өмірде болып жатқан жетістіктерге сүйінбейтін, жамандықтарға күйінбейтін, өз қара басының мұқтаждығынан өзгеге көңілін аудармайтын жандар болады, бірақ олар азамат емес.

Дүниедегі сұмдықтар жанына бататын, сол сорақылықтарға қарсы үн көтеретін, бүлінгенді түзеуге атсалысатын, болып жатқан құбылыстарға өз білгенін айта алатындар, шындық үшін басын қатерге байлайтындар ғана мұндай атаққа ие болмақ. Тіршіліктің «майлысы мен жайлысынан қос қолдап ұстап айырылмайтындар, жоғары лауазымдардың көлеңкесінен шы- ға алмайтындар, қайтсем жаңылып кетпеймін» дегенді әменде есінде ұстайтындар азамат қатарынан көріне алмайды. Жағдайға икемделіп бүгін былай, ертең олай дейтіндер азаматтық тұғырға шыға алмағандар.

Қысқарта айтсақ, ешкімге жәбір-жапа көрсетпеу және ешкімнің айтқанына көніп, айдауына жүрмей, қиямет зорлықты көрсе де көрмегендей болып үнсіз бұғып қалмау, өзгелерге де зәредей қиянатқа бармау, әр жайды өзінің ақылы, санасы, ар-ұжданымен шешіп бағалау – азаматтық белгілері деп білемін. Меніңше, Тұрсынбек көп әдебиетші әріптестеріміздің арасында әр мәселеге өзінің ой-пікірін еркін де батыл айтатын, сөзіне мықты,  ел  намысын  қорғайтын азаматтар  қатарында.  Бұған бірнеше мысал келтіруге болады. Әлі есімде, 1956 жылы Жазушылар одағының органы «Қазақ әдебиетінде» көптен тұншығып айтылмаған, әр адамның көңіл түкпірінде орныққан бірсыпыра мәселелерді батыл көтерді. Мұның тосындығы, тіпті іштей қолдап отырған кейбіреулер «мынау дұрыс болған екен» деп айтуға батылы бара бермейтін.

Міне, сондай жағдайда қазақ зиялыларының ішінде санау- лы  адамдар  ғана  үн  көтеріп, атсалысып,  «Қазақ  әдебиетіне» мақалалар жазып, тілдескендігін білдірді. Бұл кезде мен «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінің меңгерушісі және осы материалдарды ұйымдастырушының бірі болып едім. Менің осы тақырыптағы алғашқы мақалам 1956 жылы 22 сәуірде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ең үлкен байлық» деген атпен жарияланды. Кімдер қолдағаны әлі күнге дейін есімде, қазақтың бірсыпыра зиялы отаншыл азаматтары газет көтерген мәселені қолдап әрі дамытып, өз тараптарынан қосымша материалдар айтып, жұртшылықтың көңіл түкпіріндегі мәселелерді қозғады. Міне, сол кезде Тұрсынбек Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне қарайтын Партия институтында қызмет істейтін. Партия институты дегеннің өзі Орталық Комитетпен үндес, саясаты бірдей мекеме болатын.

Бір күні редакцияға Тұрсынбек газетке жазған мақалаларды қолдаған бірнеше жолдастарының қолы қойылған мақала әкелді. Онда қазақ тілінің өрісін кеңейту керек, өзара абитуриент бөлімдері ашылсын деген сияқты мәселелерді көтеріпті. Бұл мәселені көтерген басқа да мақалалар болды, бірақ мына мақала ерекше,  Орталық  Комитеттің  жанындағы  партия институты қызметкерлерінің сөзі болып шыққаны ерекшелеу естілді, әсерлі болды.

Кейіннен естідік, Орталық Комитет институт қызметкерлерін жинап алып, Қазақстан компартиясының идеологиялық хатшысы қыспаққа салыпты. Топтасып неге мақала жазасыңдар, «Қазақ әдебиетінің» ұлтшылдық позициясын неге қолдайсыңдар деп көп әуреге салғанын да естідік. Бірақ кейін бәрі ұмытылды ғой. Айтайын деп отырғаным – азаматтық тұрғы. Мәселен, бір жақсылықты көріп «иә сондай екен» деп айтуға да болады. Бір қиянатты көріп «бұл менің жұмысым емес» деп өтіп кетуге де болады. Ал шын азаматтар олай дей алмайды. Көкейіндегі сөз айтылып қалса, соны қостайды. Міне, сирек  дарын  деп  отырғаным  осы.  Мұндай  мінезден  Тұрсынбек ешқашан тайған емес. Әр кезде де өз ойын батыл айтатын, халықтың ойындағы намыс сөзін айта білетін қабілетті азамат. Көгілдір экраннан, радиодан айтып, мақалалары мен кітаптарында ашық жазып жүр. Тағы еске түсетін бір жай – М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бірге істедік. Марқұм М. Дүйсенов бар еді. Сонда әдебиет тарихын жасаудың принциптері талқыланып жатады. Әрине, «қандай көзқараспен нені қараймыз» деген әңгімелер күн тәртібіне қойылады. Сонда қазақтың әдеби сынының тарихын Тұрсынбек алғаш рет қолға алған еді. Ол кезде сын тарихы білдей университеттің оқу жоспарында жоқ еді. Тұрсынбек мұрағатты білетіндігін танытты, институтта оқып жүрген кезден бастап мұрағат қазынасын іздеуге дағдыланған. Қазақтың бұрынғы басылымдары «Айқаптағы», «Қазақ» газетіндегі тағы басқа газет-журналдардағы материалдарды жинап, солардың негізінде ол қазақ әдеби сынының тарихы бар деген мәселені дәлелдегісі келді. Бірақ бұл мәселе институттың жоспарында болған жоқ. Жоспарланбаған тақырыпты зерттедің деп институт басшылығы кінәлады. Осы талабы үшін таяқ жеді. Ел   қатарлы   тиісті мөлшерде ғылыми  жұмысын  орындап, «жоспарым орындалды» десе, «тереңдемедің, жаңалық ашпадың» деп отырған кісі жоқ. Ел сияқты тып-тыныш жүре беруге болар еді.

Бірақ Тұрсынбек олай етпеді. Сол зерттеуін докторлық диссертация  негізіне  айналдырып, кітаптар  шығарды. Осындай табандылықтың арқасында ғылымға «Қазақ әдебиеті сыны» деген пән қосылды. Сол кезге дейін тасада қалып қойған бір жанрды қозғауға атсалысты. Міне, осыдан да оның азаматтық тұрғысы сезілген еді. Көрсетіп берген жолға түспей, өзінше тың соқпақ іздеу, мейлі жаңылысып кетсін, мейлі ойлары дәл түссін, сонда да ол іздену сүрленуінен айнымады. Ақыр аяғында Тұрсынбекті әдебиет институтынан шығарып та жіберді.

Сонда не үшін дейсіз ғой, жоспарды орындамағаны үшін. Әдебиеттің бір жанрын қатарға қосқанына рақмет айтудың орнына қорлық көрсетті. Жоспарды кезінде орындамағаны рас, бірақ оның есесіне, көп пайдалы жұмыстар атқарды. Жоспар әшейінгі сылтау, айтқанға көнбеген оны сол кезде қырына алған топтар болатын.

Ұлттық мүддеден гөрі өздерінің жеке бастарының қамын, қызығын ойлағандарға көлденең келіп қалды да, ғылыми кеңесте жасырын дауыспен сызып тастады. Тұрсынбекті аттестациядан өткізбеді. Ішкі кесек ойын тарта сөйлеп, тиісті жұмысын орындап «мен пәлен баспа табақ жаздым» деп күпінуіне болатын еді. Ол кезде адамдар солай да істейтін-ді. Оған Тұрсынбек бармады. Бұл оның намыстылығынан.

«...Бізде неге сын жанры болмауға тиіс. Біз кімнен кем едік?» – деп ізденгендіктен. «Әдеби сын тарихы жоқ» деген пікір әбден орныққан кез болатын. Өйткені, бірде-бір басылымдарда әдебиет сыны болды деп айтылмайтын. Әрі кеткенде сынның элементі ғана бар дейтінбіз. Тұрсынбек қалыптасқан пікірге қарсы барды. Не үшін барды? Атақ үшін барған жоқ. Жұмыстан шығып кетейін деген жоқ. Кім өзін жұмыстан қуып жіберсін деп ойлайды. Адамның көңіл түкпірінде бір батылдық болады.

Елдік мінездіктің басымдылығы болады. Тұрсынбекте сол мінез бар. Тұрсынбекті жұмыстан шығарған ғылыми кеңес мүшелерінің көбі мұндай еңбек жасаған жоқ. Олар жасырын дауыспен сызып тастаса да, Тұрсынбек университетке ауысып, қазір атақты ғалымдардың бірі болып отыр. Сол жерде докторлық та қорғады, басқа да атақтарын алды. Менің айтып отырғаным, өз жолын табу үшін адамға азаматтық мінез керек. Ондай мінез Тұрсынбекте бар. Сол тұста біздің әдебиет институтында арызқой жігіттер болды. Тәжірибелері мол, байланыстары көп. Соларға қиғаш келіп қалды. Тұрсынбек өз бетімен оларға тиіскен жоқ. Қазақ әдеби сынына байланысты бір кітабы шықпақшы. ұл кандидаттық диссертациясындағы материалдар еді.

20-жылдар – шытырман кезең, әр түрлі ағымдар болды. Жаңа әдебиет сол кезде қалыптасты. Міне, осы шығайын деп жат- қан кітабына біреу «домалақ» арыз жазыпты. Біз бір бөлімде істейтінбіз. Тұрсынбек күнде шаршап-шалдығып келеді. «Не болды?» – деп сұраймыз. «Менің кітабымның үстінен арыз түсіріпті, кім екенін білмеймін. Лито күнде әурелейді, «ана сөз қалай, мына сөз қалай, мынау дұрыс емес» деп бір терминдерге жабысады. Шаршадым әбден», – деді.

Әйтеуір, сол кітабы бес-алты айдан кейін сарылып әрең шықты. Ақырында арызды кімнің жазғанын біліпті. Бір жиналыста, шашы аппақ қудай өлең жазатын қызметкер бар еді, соның атын баттита атап, «біреудің кітабының үстінен арыз жазғанша, неге өз жұмысыңды жасамайсың» деп тап берді. Мен де, Мырзабек те: «Сен артық кеттің, анау жасы үлкен адам еді ғой», – дедік. «Мен біліп айтып отырмын», – деп айтқанынан қайтпайды. Сөйтсек жаңағы бізбен бірге жұмыс істеп жүрген, жасы үлкенірек бір ақынсымақтың шағымы екен. Ол үндемей тынды. Қиянат сөз болса, қатты дау шығаруға болады. Тұрсынбектің айтқаны қиянат болмауы керек. Әлгі адам астыртын жұмыс істеп көп зиян келтірді. Институттың директорымен бірлесіп алып, аттестация кезінде Тұрсынбекті құлатты. Бұған қабілеті жетті.

Пәле іздейтін адамдарға тоқырау кезінде мол мүмкіндік жасалды ғой. Осындай қастандыққа қарсы шабатын азаматтық мінез  Тұрсынбектен  ылғи  табылады.  Баяндама  жасағанда, не болмаса белгілі проблема туралы сөйлегенде ойын ашық айтады. Сәкен туралы ғайбат сөздер сол кезде көп айтылды. С. Сейфуллин – қызыл қыран совет күрескері, оған дау жоқ. Қандай идеология болып, қандай жүйе өзгеріп кетсе де Сәкен тарихта қалады. С. Сейфуллин туралы шығармаларды жариялауға кедергі жасаған кейбір редакциялар, баспалар, лауазымды адамдар болған, солармен шабысып майданға түсіп кетті.  Сәкен  творчествосын  тереңдей  зерттеп,  кітап  жазды.

«Тамаша адамдар өмірі» циклінде Мәскеуден кітап шығарып, кейін қазақша жарияланды. Сәкен творчествосын жақсы білетіндіктен,  мұрағат  материалдарына  қаныққандықтан  бұл қайраткердің еңбегін бұрмалаушыларға батыл қарсы шықты. Бұл жолда да өзіне көп дұшпан тауып алды. Ойын тіке әрі ащы айтатындықтан қоғам үшін пайдасы көп болғанымен, жеке қара басына пайда келтіре бермейді.

Бірақ  оған  қарап  адамға  табиғат  берген  мінезден  тартынуға болмайды. Тұрсынбекпен талай жылдан бері жолдаспыз, доспыз. Әркімнің мінезі әр түрлі. Біреуге ойқы, біреуге тұйқы. Әркімнің өз көзқарасы бар. Жалпы, Тұрсынбектің шындыққа жығылатындығы, әділдікті айтуға тырысатындығы, ұлттың намысына, тағдырына бейжай қарамайтындығы, өткір мәселелерден қашып, бұғып қалмай, халық сөзін сөйлеуге талаптанатыны – оның ең жақсы қыры. 1956 жылы мәселе көтергеніміз үшін таяқ жегеннің бірі мен болатынмын. Қаулыға іліккендердің ішінде менің атым бірінші аталатын. Ұлтшыл деген атаққа да ұшырап, партиядан да шықтық, жазған еңбектеріміз басылмай қалған кездері де болды. Жұмыстан қуылдым. Ол кезде тәртіп күшті. Біреу Орталық Комитет тарапынан сыналса, оның аты да, еңбегі де аталмауы керек дегенді газет-журналдар үндемей-ақ білетін. Сондай нұсқау болды ма, болмады ма, анық білмеймін, бірақ өмірімде бірінші рет аударма жасап ем, баспай қойды. «Қазақ әдебиеті» көтерген проблеманың бастаушысы, ұйымдастырушысы деп көп қуғын көрдім.

Сондай қиын кезеңде қуғында жүрген адамға жанасудың өзі күнәдай болатын. Жаманатқа қалатын қауіп ол кезде күшті еді. Бірақ шын азаматтық қабілеті бар адамдар шырқыраған шындықты айтпай тұра алмайды. «Ертең жұмыстан шығып қалам-ау» немесе «сый-сияпаттан құр қалам-ау» демейді. Сол кезде менен безбегендердің бірі – Тұрсынбек болды. Одан кейін де өмірдің әр кезеңдерінде алған бағытынан таймай, ойындағысын ашық айтып келе жатқан әдебиетшілеріміздің бірі – Тұрсекең ғой. Адалдық, батылдық қалыс жүрген адамдарға жақсы болғанмен, елдің бәрі оны ұната қоймайды. Шындықты кесіп айтқаны үшін Тұрсекең түрлі кедергілерге ұшырауда. Алайда адал еңбегі бәрін де жеңіп келеді. Өзінің қажырлы дарынымен танылып, көптеген кітаптар шығарды. Жас кадрлар дайындап жатыр. Тұрсынбектің университетке барғанына отыз шақты жыл болып қалды. Қаншама шәкірт ертіп,  ұлағатты ұстаз  болды.  Қадірі  артты.  Біз  бұған  қуаныштымыз. Осы мерейтойға жарқын жүзімен келіп отыр.

Ешуақытта да проблемалық мәселелерден қалыс қалмай, ойын жарқыратып айта білетіндігі сирек қасиет. Біздің қоғамға жетісе бермейтін мамандық көп қой. Біз жаңа мемлекет құрып  жатырмыз.  Тәуелсіздік туын  көтердік.  Кемшіліктер де, ілгерілеу де толып жатыр. Қай заманда да азаматтық тұлға керек. Көрмеген қорлығымыз аз. Жақсы адамдардың көбі жойылып кетті. Осы ғасырдың басынан бері қазақ халқының көрген қасірет-қиыншылығы халқымыздың төрттен үш бөлігінің елден безіп кетуіне мәжбүр етті. Осындай соққылар отаршылардың жүйесіз жүргізген жұмыстарының нәтижесі. Біздің халқымыздың көп жақсы қасиетін жойып жіберген сияқты. Батылдық, жүректілік, намыстылық сияқты қасиеттер екінің бірінен кездесе бермейді.

Қоғамның ауасын тазарту үшін шындық сөз керек. Еш- қашан тәтті, жалған сөзбен ештеңе тындыра алмаймыз. Қазақтың «Дос – жылатып айтады, дұшпан – күлдіріп айтады» дегеніндей, қатты айту құлаққа жағымды естіле бермейді. Бірақ қатты айтпасқа да болмайтыны көп. Қолдарында билігі бар лауазымды адамдардың құлағына бұл сөздер көбіне жақ- пайды. Күлдіріп айтқан сөз бен жылатып айтқан сөзді ұната бермейді. Ал Тұрсынбек күлдіріп айтудың шебері емес. Бұл тура сөйлеп туғанына жақпай қалатын жігіттердің бірі. Бірақ қоғамның өркениеті үшін осындай мінездер айрықша керек.

Сөзімді  азаматтық  дарын  дегеннен  бастадым.  Әдебиетшілік – сыншылық дарын демедім. Себебі, ол – жеке тақырып. Тұрсекең алдағы уақытта да осы мінезінен танбай, қоғамда атқарар ісіне мығым болып, осы қасиеттерін шәкірттеріне дарыта берсін. Қазақ қоғамына жол көрсететін, зұлымдықты әшкерелейтін, жақсылықты мадақтайтын күрескер мінезді табанды азаматтар өте көп керек.

Рахманқұл Бердібаев, филология ғылымдарының докторы, профессор.

«Азаматтық дарын» 2012 жылғы «Өнегелі өмір: Тұрсынбек Кәкішев» кітабынан алынды.

Ұлт порталы